Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Секция 3. Культурообразующая сущность традиционных религий

Поиск

ӘӨЖ:347.167

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАМ: МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Аубакиров Е.Ж. магистр., оқытушы, Алиаскар А. М., Қанатқызы А.

ҚҚЭУ Қарағанды, Қазақстан

 

Бүгінде республика аумағында ислам дінінің дамып, барша мұсылман қауымының игілігіне айналуына барлық мүмкіншіліктер қарастырылған десек, артық айтпаймыз. Қазақстан қазіргі кезде көптеген мұсылман мемле­кеттерімен саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатып, әлемдік беделі бар ислам ұйымдарының белді мүшелерінің біріне айналды. Бірақ, жалпы жағдай осылай десек те, республика аумағында исламның дамуымен діндар мұсылмандардың санының өсуі, соның ішінде жастардың дінге бет бұруы біршама мәселелердің пайда болуына алып келді. Атап айтқанда, діндар жамағаттың біразы теріс діни жолға түсіп, зайырлы мемлекеттің заң талаптарын мойындағысы келмеді. Осы жағдайлар қоғам ортасында діннің әлеуметтік маңызы мен орнына қатысты көзқарастарды қайтадан салмақтауға алып келді.

Қазір республикадағы мұсылман жамағатының басым бөлігі діни ұстанымы мен көзқарастарында «ханафи» мазхабының ілімін басшылыққа алады. Құлшылық, ғибадаттарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды «дәстүрлі мұсылмандық сенімдегілер» деп атау әдетке айналған. Сондай-ақ, ханафи мазхабындағылар қатарына Орталық Азия елдері мен Қазақстанда бұрыннан кең тараған сопылық жолдағылар, түркиялық «сүлейменшілер» мен «нұршылар», «Таблиғи жамағат» діни миссионерік ұйымының жақтастары енеді. Мазхабта айырмашылықтары болмағанымен, ол жамағаттар бір-бірінен белгілі бір тәртіп, талаптарға бағынуларымен, кей­бір діни мәселелерде жеке көзқарастарымен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, елімізде сүннилік тармаққа жататын шафи мазхабындағылар, шииттер, «салафизм» ілімін жақтаушылар және көптеген ислам елдерінде қолдау таппаған, ресми тіркеуден өтпеген «Ахмадия» жақтастары, «Құраншылар» өкілдері де кездеседі. Аталғандардың ішінде ханафи мазхабын мойындамайтындары немесе мазхабта жоқтары қазіргі кезде «кері» немесе «теріс» ағымдар, ал олардың ішіндегі мазхаб ұстанса да мемлекеттік құрылысты өзгертуге шақыратын «Хизб-ут-тахрир» сияқты діни-саяси ұйымдар, «бүлдіргі» ағымдар да бар. Сондай-ақ, исламдық ағымдар қатарында ілімі мен әрекеттері мұсылмандықтан тым алыс «Алла аят», «Ата Жолы» мистикалық құрылымдарының да аты аталып қалады. Бүгінде «Таблиғи жамағат», «Хизб-ут-тахрир», «Алла аят», «Ата Жолы» сияқты бірқатар діни ұйымдар мен құрылымдардың Қазақстан Республикасы аумағында қызмет жасауына тыйым салынған [1].

Десе де, жаңа заң қабылданғанға дейін жұмыстарын кедергісіз жүр­гізіп, жақтастарын жинап алған сол топтар мен ағымдардың өз әрекеттерін жасырын жүргізіп отырғаны байқалады. Олар өздерінің жымысқы мақсаттарын іске асыруда әртүрлі амалдарға барып, өздерін тақуа мұсылман, Алланың әмірін жеткізу жолында жәбірленушілер етіп көрсетуге тырысуда. Олардың алдап-арбауына түскен азаматтар, соның ішінде жастар теріс жолға түскендерін байқамай да қалуда.

Атап өту керек, қазіргі кезеңде республика аумағындағы діни ахуал өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда бірқалыпты дамуда. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы тетіктерді жүзеге асыра білуінің нәтижесі екендігі анық. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мем­лекеттік құзырлы органдар, солардың қатарында Дін істері агенттігінің, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда.

Республика аумағындағы діни ахуалдың тұрақсыз сипат алуы кері ағымдар мен топтардың, ұйым­дардың халық арасында радикалды идеология таратып, қарапайым жандарды адастыруларымен, теріс әрекеттерге итермелеулерімен бай­ланысты болды. Сондай радикалды ағымдар қатарында «салафиттер», кейде «уахаббистер» деп аталатын топтар өздерінің қазіргі қоғамдық-саяси жүйеге, оның заң­дарына қарсы көзқарастарымен ерекше көзге түсті. Олардың қата­рындағы діннен білімі жоқ немесе таяз жастар теріс пиғылды «ұстаздарының» айтқандарына еріп, өздері өмір сүріп отырған қоғамдық құрылысты «бүгін және қазір» өзгерту керек деген жастық жалынмен «қасиетті амалдар» жолында жандарын қиюға дайын болды [2].

Ислам дініне қатысты бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағы­ты» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты орын алды. Онда Елбасы бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғандығын ерекше атап өтіп, жастарымыздың бір бөлігінің олар­дың көзқарасын көзсіз қабылдап отырғандығы жастарға тән алып-ұшпа мінез бен олардың бойларында кері ағымдар идеологиясына қарсы тұратын иммунитеттің жоқтығынан деп атап көрсетті. Ол үшін біз шеттен келген әртүрлі жалған әсерлерге беріле бермей, соңдарынан ере бермей, өзіміздің әдет-ғұрпымызға, салт-санамызға, мәдениетімізге негізделген ұлттық сана, соның ішінде діни сананы қалыптастыра білуіміз керек деді.

Кері ағымдар, солардың ішінде «салафиттік» ағымының ықпалы ел аумағын тұтас қамти қоймағандықтан, дәл бүгінгі күні олар­дың әрекеттері мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен конс­ти­туциялық құрылысына тікелей қауіп төндірмейді десе де, олардың белсенділіктерінен белгілі бір аумақтардың жалпы ахуалы тұрақсызданып, мемлекеттік қауіпсіздікке айтарлықтай кедергі келті­руде.

Исламдағы кері ағымдар, солардың ішінде салафиттер әрекетінен Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау, Қарағанды облыстарында республиканың өзге аймақтарына қарағанда діни жағ­дайлардың шиеленісті өрбуі анық байқалады.

«Тура жолды» ұстанушы салафиттердің пікірінше, бүгінгі күнге дейін қазақтардың, дәстүрлі мұсылмандық жолды ұстанып келген өзгелердің де діни түсінік, ұстанымдары дұрыс емес. Олар дінге жаңалық енгізген «бидғатшылар», Аллаға серік қосқан «щирк» жасаушылар. Өз пікірлерін араб елдеріндегі, әсіресе, Сауд Арабиясындағы «шейх» діни ғалымдардың айтқандарымен дәлелдеуді әдетке айналдырған. Яғни, қазіргі мұсылман жамаға­тының бұрынғы ата-баба діни жолымен жүрем дегені бекершілік. Ол адасуға алып барады дегенді алға тартады.

Осы пікірдегі салафиттер өз арасында шартты түрде «мадхалиттер», «суруриттер» деп бөлін­ген. Солардың қатарында дәстүрлі ханафи ұстанымдағы діндар­ларға ашық қарсы шығып, қазіргі мемлекеттік құрылым мен заңдарына қарсы «жихадқа» шақырып жүргендері әрі сол жолда қанды оқиғаларды қолдайтындары – «тәкфиршілдер». Олар үшін атеист адам түгілі, күнделікті бес намазын қаза етпейтін қарапайым мұсылмандардың өзі «адасушы» қатарынан табылуы мүмкін. Олар қазіргі қоғамды тұрақсыздандыруға, өздерінің «жабық» ортасын құруға ұмтылыс жасау­да. Тәкфиршілдер үшін ұлттық құндылықтар мен ерекшеліктер, салт-сана, дәстүрдің еш мәні жоқ.

Салафиттер қатарындағы мадхалиттер тәкфиршілдерге қарағанда билікке бағыну идеясын қол­дап, мемлекеттік жүйені өзгертуді жақтамайды. Олардың басты идеологиясы адамдарды тура дін жолынан «адасқан», «жаңалық қосушы» деп айыптауға бағытталған. Сондай-ақ, олар Қазақ­стан аумағында тараған сопылық жолына төзімсіздікпен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің еліміз үшін «салафизмнің» қандай түрі болмасын қоғамға жат ұстаным екендігін дәлелдеп жатудың қажеттілігі шамалы деп білеміз. Салафизм идеологиясын қолдаушылар өз қатарын көбейту жолында әртүрлі әдістерді, соның ішінде Интернет жүйесін епті пайдаланып, жымысқы әрекеттерін жалғастыруын тоқтата қоймаған.

Жалған уағыздарымен діндар жамағатты адастырып, қылмыстық жолға итермелеп отырған діни ұйымның бірі – «Хизб-ут-тах­рир». Оның әрекеттері қоғамдағы этникааралық (еврей ұлты мен АҚШ азаматтарына қарсы) және конфессияаралық (христиандар мен басқа діндерге қарсы) қатынастарды бұзуға бағытталып, қоғам тыныштығын бұзуды көздейді. Ислам талаптары үстемдік ететін Халифат құру идеясын тықпалап, негізгі жұмыстарын халықтың тұрмысы нашар ортасында жүргізуге тырысады. Сондағы мақсаты – оларға материалдық көмек көрсете отыра, өз қатарын толықтыру [3].

Діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көрсетуі әртүрлі жағдайлармен түсіндіріледі. Мәселен, ресейлік сарапшы А.Собяниннің пайымдауынша, ислам радикализмін тарату – мұсылман емес елдердің арнайы қызмет орындарының мақсатты ісі. Ал ислам елдері ішінде радикалды исламды араб елдері мен Пәкстан қолдайды.

Сондай-ақ, Қазақстандағы діни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағдайымен ғана емес, Орталық Азия және алыс-жақын басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты деген де пікірлер айтылады. Әрине, біз бұл пікірлерді негізсіз деп айта алмаймыз. Сол себептен де біздің кеңестік кезеңде де мұсылмандық сенім әсерінен алыс ажырай қоймаған көрші Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдайдың қалыпты дамуына алаңдаушылықпен қарайтынымыз да рас. Қазіргі уақытта сол елдердің кейбірінде исламдық идеялармен бүркенген күштер мемлекеттік билікке оппозиция құрап, саяси жолмен болсын, қарулы жолдармен болсын, билікті қолдарына алу мүмкіндіктерін қарастырып отырғаны да белгілі.

Исламды зерттеп жүрген ға­лым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бө­ліну себептерін, алдымен, әлеуметтік факторлармен байланысты­рады. Яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар «отқа май құя түсіп», өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улады, осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады.

Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күн­дері жан-жақты зерттеліп, оған қар­сы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың жымысқы әрекеттері жалпы халық алдында әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік әрекеттері үшін қаншама азаматтар, солардың қатарында жас­тар бас бостандықтарынан айырылып, абақтыға жабылды.

Десек те, діни саладағы мәселелерді шешуде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның пәрменділігі ерекше бағаланды. Соның негізінде Қазақстандағы діни бірлестіктердің қызметі заңды түрде реттеліп, діни топтар мен ұйымдардың өз бетімен әрекет етуінің жолы кесілді. Осы жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асыра білген Дін істері агенттігі бүгінде басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып діни саладағы өзекті де өткір мәселелерді шешу жолдарын Қазақстан Республикасы Үкіметі алдына қоюда. Солардың қатарында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету мәселелеріне баса көңіл бөлінген.

Ғалым, сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта орын алып отырған мазхабты мойындамау, ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығару, «хиджаб» мәселелерінің туындауын діни сауатсыздықтан іздеу қажет. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды халықтың жалпы діни сауатын ашу, оларға зайырлы қоғам мен діннің ара қатынасын сауатты түсіндіре білу­ден бастаған жөн дейді. Осы пікір­лердің негізсіз еместігіне көзін жеткізген Дін істері агенттігі кең діни ағарту, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ондай жұмыстар қоғамның барлық деңгейін қамтып, жоғары және орта оқу орындары студенттері мен оқушылары, қала, аудан, ауыл тұрғындары арасында, әскери бөлімшелерде, түзеу орындарында өткізілуде. Насихат топтарына теолог ғалым, сарапшылардан, қоғамдық пәндер мамандары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті имам, қызметкерлері тартылған. Атап өту керек, осы жүргізген жұмыс­тар нәтижесінде халықтың біраз бө­лігінің кері діни ағымдар мен дәстүрлі ханафи ұстанымы жөнінде дұрыс ұғым қалыптасып, білім деңгейлері өсті.

Көпшілікті қамтитын шаралардың қатарында Дін істері агенттігі мен облыс әкімдіктері бірлесіп өткізіп отырған республикалық конференциялар мен семинарларды, дөңгелек үстелдерді атап өту орынды. Ол шараларға отандық ғалым, теологтармен қатар шетелдерден білікті мамандар шақырылуда. Олар еліміздің алыс аумақтарына дейін барып, дәрістер оқып, «ислам дініндегі мазхаб ұстаудың қажеттігі мен пайдасы», «салафизмнің зияны мен зардаптары», «жихадизм мен тәкфиршілдік идеологиясының исламмен сыйымсыздығы», «матуриди ақидасының ханафилік ілімнің жалғасы» тақырыптарында білім­дерімен бөлісуде. Олар Қазақстанның дін саласындағы саясатына ризашылықпен қарап, осы елде қай діннің болмасын тіршілік етуіне қолайлы екендігін жасырмайды [2, с. 58].

Жоғарыда айтып өткеніміздей, радикалды идеологияның таралуын құқықтық немесе күш көрсетумен ғана тоқтату мүмкін еместігін орынды түсінген Қазақстан жергілікті діни-руханилықтың бірден-бір жолы дәстүрлі діни ұстанымды кеңінен дамытуға баса көңіл бөлуде. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының белсенділігін арттыруға, діни қызметкерлері мен имамдары қатарының білікті мамандармен толықтырылуына тиісті қолдау көрсетуде. Мешіт имамдарының біліміне арнайы көңіл бөлініп, тиісті дайындық курстарында діни пәндермен қатар мемлекеттің құрылысы мен заңдарына қатысты пәндерден дәрістер оқытылуда.

Осылайша, діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде. Сонымен бірге, атқарылып отырған жұмыстардың әсерлі болуында бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы мен рөлі ескерілуде. Оларда қазіргі күні атқарылған шараларды жарыққа шығарып хабарлау­мен қатар, арнайы діни мәселелер, ұлттық құндылықтар төңірегінде бағ­дарламалар, ток-шоулар ұйым­дастырылуда. Ақпараттық заманда өмірдегі келеңсіздіктер мен діни экстремизм идеологиялары, лаңкестікке жол бермеу, олардың алдын алуда БАҚ құралдарының орны мен мүмкіндіктері зор екендігі мәлім. Сондықтан оның жұмысы одан әрі белсендіріле түспек.

Жалпы, радикалды діни идео­логияға қарсы тұра білу жан-жақты қарастырылған, кешенді іс-шараларды жүргізуді талап етеді. Осы және Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы алға қойған міндеттерін ескере келіп, қазіргі күні «Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы» жасалды. Ендігі ретте онда қарас­тырылған іс-шараларды жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылуда [3, б. 25].

Қазіргі кезде дінді тек жекелеген адамдарға ғана емес, мемлекет үшін де қажетті деп түсіне білген жөн. Өйткені, қоғамда мүшелерінің бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі мемлекет үшін қажетті, сондықтан ол дінді саяси-қоғамдық өмірден ығыстырып шығаруға, қысым көрсетуге ұмтылмайды. Ал мемлекеттің тұрақтылығы мен саяси-экономикалық жағдайының күшеюі діннің де қалыпты дамып, өз міндеттерін атқаруына мүмкіндік беретіні рас әрі ол осыған мүдделі болуы керек. Осындай өзара келісім мен жарасымдыққа қол жеткізгенде біз қазіргі діни адасушылық пен алауыздыққа тойтарыс бере аларымыз анық.

 

Библиографиялық сілтеме:

1.Артемьев, А. И. Дінтану: жалпы дінтану негіздері, діндер тарихы, Қазақстандағы діндер / А. И. Артемьев. - Алматы: Бастау, 2013. – б.576

2.Маймақов, Ғ. Қазіргі заманғы дінтану негіздері: оқулық / Ғ. Маймақов. – Алматы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетi. 2012.- б. 235.

3.Дінтану және конфессиялармен әлеументтік жұмыс: оқу құралы / Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетi; Д.Б. Малаев. - Караганда: КЭУК, 2013- б. 345

 

 

ӘОЖ: 297.17

ИСЛАМ ЖӘНЕ МОДЕРНИЗАЦИЯ

Жолшыбек Н.Ж. ҚарММУ, Қарағанды, Қазақстан

 

XX ғасырдан соң дәстүрлі емес ислам ағымдарын насихаттаушылар Еуропаға және Америкаға тартылды. Олардың мақсаттары – джихад сарбаздарының санын арттыру. Террористтер Батыста туылған мұсылмандарды, әсірісе ақ нәсілді исламды қабылдаған Еуропалықтар мен Американдықтарды жақсы бағалайды. Еуропа және Америка паспорттарының иелерімен шекарадан өтуде мәселе туындамайды, олар ағылшынша жақсы сөйлейді, мешітке баратын болса, өздеріне назар аудартпауға тырысады. Мұсылман мемлекеттерінен шыққан эмигранттарға Батыста өмір сүру оңайға соқпайды. Бірақ олар адамша өмір сүрудің бағасын біледі, өйткені өздерінің неден қашқаны естерінде. Ал олардың балалары басқа өмірді білмейді. Олар жоғары білімді алады, сырттай батыстық қоғамға сіңіскен. Неліктен олар радикалды ойларға елігеді, отбасын, жұмыстарын тастайды, басқа дін өкілдеріне қарсы соғысқа қатысуға дайын, олармен не болған?

Олар Батыста өмір сүреді, бірақ өздерін сол қоғамның мүшелері деп санамайды. Ішкі жан дүниесінде өздерін басқалардан бөлек сезінеді. Қандай жағдайда болмасын қалағанына жете алмаймыз деп санайды. Сәттілікке жол - олар үшін жабық. Оларды қатты мазалайтын«екінші сорттылық» сезімі, негізінен, ойдан шығарылған. Боксер Тамерлан Царнаев және күреспен әуестенетін кіші інісі Джохар тамымал актерлар: Мэтт Дэймон, Бен Аффлекаяқтаған мектепте оқыды. Бірақ армандары орындалмады: Тамерлан боксер бола алмады, жұмысты да таппады. Әйелі үй күтушісі болып тапқан ақшаға өмір сүрді. Бұл қоршаған нәрсенің бәріне ренішті күшейтті. Адам өзін төмендетілген, ренжулі сезінсе болғаны, әлем көрінісі өзгереді. Жек көрініштікке толған олар жан-жағынан тек жауларды көреді. Джохар Царнаев та ашуланатын: «мынау иттер пілге үріп жатқанын түсінбейтіндей, мен соншалықты әлсіз көрінемін бе?!» Сонымен қатар эмигранттардың балалары өздерінің тарихи Отандарымен байланысын жоғалтып алғандай сезінеді. Өздерінің отандастарының арасында болмағандарына өкінеді. Әлсіздікке бой алдырып, Отандарын тастап кеткені үшін әкелерін күнәлайды. Егер ата-аналары діни болмаса да, өздері жат деп санайтын қоғамнан алшақтап, өздерін табу үшін балалары исламға ден қояды. Олар өздерін толғантатын сұрақтарға жауаптарды мешіттерде радикалды исламның насихаттаушыларынан табады. Сырт көзбен араб тіліндегі уағыздардың күші мен кереметін байқау оңай емес. Араб тілі – сұлу тіл. Араб көркемсөз өнерінің теңдесі жоқ. Насихаттаушылар ешқашан джихад туралы ашық айтпайды. Олар бірге ас ішуге, құлшылық жасауға, Құран оқуға шақырады. Кейін Пәкістанға барып қайтуға ұсыныс жасайды. Насихаттаушылар нағыз ер азамат атану үшін діни және ислам үшін өлуге дайын болу керек деп үйретеді. Ислам әлемінің жауларының барлығының көзін жою керектігі сан рет қайталанады. Дәл осы кезде: палестиналықтардың, Босниялық мұсылмандардың және Ресейдегі шешендердің ісі үшін күрес сияқты мәселер қозғалады. Ауғанстандағы американдықтардың әскери операциясы, Ирактың талқандалуы, Муаммар Каддафидің тақтан құлатылуы Батысқа деген жек көрініштілік сезімін арттырды.

Әрбір мұсылман өзінің көне өркениетін мақтан тұтады. Ол ислам әлемінің Орта ғасырдағы өнер мен ғылымдағы жетістіктерін жақсы біледі. Қазіргі Батыстың алдыңғы орында болуы, оның «жоғалтқан Ұлылық» сезімін күшейтеді. Христиандар колонизаторлар сияқты көрінеді. Мұсылмандар өздерін «Христиан колониализмінің» құрбандары ретінде санайды. Және бастан кешкен қиындықтары үшін кек алуға дайын.

11 наурыз 2004 жыл. Мадридте бір уақытта 4 пойызда бомба жарылды. 190 адам қайтыс болды. 1000 жуық адам жараланды. Егер жарылыс 1 минуттан шыққанда вокзалдың төбесі құлар еді. Испандықтардың жазығы неде еді? 1492 жылы Католиктік монархия соңғы арабты қуып шыққанына 5 ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан исламистер үшін Испания мұсылман жерінің бөлігі болып табылады. Бұл мұсылмандардың 800 жылдық билігінің соңы болды.

Өзін-өзі жаратын жанкешті лаңкесті қолдану террористік ұйымдардың басшыларының өмірін жеңілдетеді. Ұстап алып тергеу жасамасы үшін -теракттан соң лаңкеске қашып шығу жолын ұйымдастыру, терракттың өзін ұйымдастырудан да қиын. Ал егер жанкешті лаңкесті қолданса, бұл мәселеден құтылады. Қарапайым лаңкестің сипаттамасы: ол 30 жасқа толмаған, бойдақ, дінге берік және жұмысы жоқ, оның жағдайды ушықтыратын мәселелері бар. Оған өлім кез-келген тығырықтан шығу жолы деп түсіндіреді. Жаумен шайқаста өлген адамдарды Аллаһ екінші дүниеде рахатқа бөлейтіндігі айтылады. Оның барлық бұрынғы күнәлары кешіріледі. Ол жұмақтан өз орынын алады. Және ол өзінің 70 туысы үшін де сөз айта алады. Олар да жұмаққа барады. Жұмыққа түсіру туралы уәде – жаңа террористердің тәрбиелеуіндегі ең тартымды жерлердің бірі. Палестиналық ХАМАС ұйымының жетекшісі шейх Ясин өзінің журналистерге берген сұхбатында дәл осындай мүмкіндік әйел лаңкестерді де күтіп тұрғанын түсіндірді. Егер олар әлі тұрмыс құрмаған болса, жұмақта оларды күйеулері күтіп алады. Олар да 70 өздерінің туысын тозақ отынан құтқара алады. Батыстың журналистері Құранда осы жәйттер туралы жазылған жерді көрсетуін сұраған кезде шейх Ясин күліп жіберіп: «Менің жұмысын басқа шейх, имамдардікі сияқты Құраннан түсінік беру. Адамдар бізге сенеді.» Болашақ лаңкес құпия базада дайындық курсынан өтеді. Оған халық ішінде өзін қалай ұстау керек екендігін, қауіпсіздік қызметтеріне өзіне назар аудартпауды және ең бастысы жарылыс құрылғысын іске қосуды ұмытпау үйретіледі. Оның жүйке жүйесінің тұрақтылығы, салқын қандылықты сақтау және ең қауіпті жағдайда қобалжуын білдіртпеу қабілеті тексеріледі. Бұл жолға түскендерді жарты жолдан қайтуға мүмкіндік бермейді. Өзінің қоштасу видеосын жазғаннан бастап жас жігітке немесе қызға өлімнен қашып құтылу мүмкін емес. Егер ол соңғы сәтте өзін жарудан бас тартса, видеожазба оның ұятты қорқақтығының дәлелі болады. Бұндай атақпен өмір сүру мүмкін емес. Әрбір лаңкестің соңғы видеосын түсіру туралы шешімді палестиналық билік қабылдаған. Бұл тек насихат үшін ғана емес, лаңкес ойынан тайып кетпесі үшін де қажет. Бірақ Батыста туылған лаңкестермен қиынырақ. Олар өлуді қаламайды. Оны Бостандағы ағайында Царнаевтармен болған жағдай көрсетті.

Кедейлік террорды тудырады деп есептеледі. Террор кедейлікті тудырады деп айту дұрысырақ болар еді. Көптеген ислам мемлекеттерінде үмітсіз, болашаққа деген сенімсіз атмосфера қалыптасқан. Егер жаудың көзі жойылса болды бәрі өз қалпына келетін болса, бір нәрсені өзгертуге тырысудың қажеті не?! Жасөспірімдер оқу мен жұмыс істеу қажет емес деген оймен өсуде. Дәрігерлер мен инженерлер керек емес, солдаттар керек. Олар өлтіруі керек. Олардың тағдыры осы...[1].

Исламистерді консервативті, тіпті, реакционды деп есептеу қоғам санасына сіңген. Ал исламды модернизацияға кедергі деп санайды. Осындай пікірлер мұсылман әлемінен тыс жерлерде бекіген. Бірақ керемет қарқынды экономикалық дамуды ғана емес, саяси демократияның бағытында қозғалысты көрсететін мұсылман мемлекеттері бар.

Біріккен Араб Әмірліктері – монернизацияның Таяу Шығыстағы форпосты. Елдің тарихы екі: мұнай табылғанға дейінгі және кейінгі кезеңге бөлінді. Табылғанға дейін мұнда түйеге мінген бедуиндерден басқа ешкім болмады. Бірақ жағдай күрт өзгерді. 1968 жылы мұнай табылды. 1971 жылы Британдықтар парсы шығанағынан кетті. Жеті әмірлік бірігіп, федерация құрды. 73 жылы Парсы шығанағындағы соғыстан кейін мұнай бағасы шарықтап өсті. Бастапқыда Әмірліктерде тек таза су және дәрігерлер туралы ғана армандап, мұнай басқа не бере алатындығын да білмеді. Төрт онжылдықтан соң Әмірліктер аймақтағы ең қарқынды дамушы мемлекетке айналды. Кедейлік туралы естеліктер келмеске кетті. Мұнай бедуиндерді жаһанданған әлемге тікелей жолдама болды. Жаңа ғимараттар құмның бетіне бір сәтте-ақ өсіп шықты. Бұрын бұл жерде уақыт тоқтап қалғандай ұйқышылдық патшалығы еді. Мұнай ашылған соң мұнда қарқынды өте жылдам дамушы қоғам орнады. Әмірліктердің заманауи тұрғындарының аталары мен әжелері мұндай өмір туралы армандаған да емес. Қонақүй қызметкерлері, сатушылар, әуекомпанияларының жұмысшылары, көлік жүргізушілер, бағбандар, аспаздар – бұлардың бәрі келімсектер. Әртүрлі мемлекеттерде Әмірліктерге жұмыс істегісі келетін адамдар ұзын кезекке тұрған. Бұл адамдарсыз мемлекет осындай жетістіктерге жете алмас еді.

2006 жылдың шілдесіндегі БАӘ халқы [2]

 

Халқы 2 602 713 адам
Жастық топтар 0–14 жас: 24,9% (ұлдар 331 012/қыздар 317 643) 15–64 жас: 71,2% (ерлер 1 125 286/әйелдер 726 689) 65 жастан асқандар: 3,9% (ерлер 74 700/әйелдер 27 383) ескерту: 15–64 жас арасындағы халықтың 73,9% БАӘ азаматтығын алмаған
Орташа жас 28,1 жас, соның ішінде: ерлер: 34,8 жас әйелдер: 23,3 жас
Халықтың өсімі 1,52%
Туу көрсеткіші 1000 адамға 18,96 жаңа туылған бала
Өлім көрсеткіші 1000 адамға 4,4 өлім жағдайы
Миграция 1000 адамға 0,66 мигрант
Жыныстық коэффициент туылған кезде: 1,05 ер./1 әй. 15 жастан асқанда: 1,04 ер./1 әй. 15-64 жас: 1,55 ер./1 әй. 65 жастан асқанда: 2,73 ер./1 әй. барлығы: 1,43 ер./1 әй.
Бала өлімі барлығы: 14,09 өлім/1000 туылу, соның ішінде: ерлер: 16,57 өлім/1000 туылу әйелдер: 11,48 өлім/1000 туылу
Жалпы өмір сүрудің орташа жасы: 75,44 жас, соның ішінде: ерлер: 72,92 жас әйелдер: 78,08 жас
Этникалық құрамы БАӘ азаматтары – 19%, Иран және басқа араб мемлекеттерінің азаматтары – 23%, Оңтүстік азиялықтар – 50%, басқалар (Батыс және Шығыс Азияны қоса есептегенде) – 8% (1982 ж. мәліметтері)
Тілдер араб (ресми), парсы, ағылшын, хинди, урду
Сауаттылық 15 жастан асқандардың барлығы оқу және жазуды біледі барлығы: 77,9% ерлер: 76,1% әйелдер: 81,7% (2003 ж. мәліметтері)

 

Жергілікті халықтың үстінен олардың қолынан ешнәрсе келмейді деп күледі. Бірақ бұл әділетті емес. Көрші араб мемлекеттері деп мұнай өндіріп, экспорттайды, бірақ өмір сүру деңгейі анағұрлым төмен. Әмірліктер – ресурстарды сәтті қолданудың мысалы. Ол халықтың материалдық байлығына ғана емес, болашақ жастарға да ерекше көңіл бөлінген. Әлеуметтік лифтілер жоғары қарай бағытта жұмыс істейді. Карьера жасау мүмкіндігі күн сайын көп адамдардың алдында ашылуда. Әмірліктердің негізін қалаған шейх Зайд ибн Султан Аль Нахайян бедуин шатырында 1918 жылы шөлде дүниеге келген. Ол 2004 жылы қайтыс болғанша мемлекетті 30 жылға жуық басқарды. Ол мұнайдан түскен табыстардың жемісін барлық халықтың көруін қамтамасыз етті. Әмірліктерде революциялардың болмауын алдын алумен түсіндіруге болады. Жергілікті билік жағдай ушықпай тұрып, кез-келген мәселелерді шешіп отырды. Бұл мемлекетте көп әйел алуға рұқсат етілген. Бірақ әйелдердің қоғам өмірінде лайықты орын алуын қамтамасыз етуге әртүрлі шаралар жасалуда. 2 елші, 4 министр, 8 парламент депутаты әйелдердің мемлекетте жеткен жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана. Бірнеше жыл бұрын ғана әйелдер қоғам өмірінде әйел және ана ретінде ғана рөл ойнай алатын еді. Енді олардың алдында көптеген мүмкіндіктер ашылды. Әмірліктер – құқықтар берік қамтамасыз етілген әлеуметтік мемлекет. Тегін жалпылық білім беру, толық жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, жоғары зейнетақы, шағын және орта бизнес ашамын деушілерге несиеге субсидиялар – барлығы халықтың игілікпен өмір сүруіне жағдай жасау үшін мемлекет қазынасынан бөлінеді.

Арабтық шығыстағы халық өмірлерін өзгертуді қалай ма, қолдарынан келе ме – осы басты сұрақ. Сұрақтың жауабын алу үшін он жылдықтар, ғасырлар да кетуі мүмкін[3].

 

Библиографиялық сілтеме:

 

1.Укус красной пчелы. Леонида Млечина.

2.НАСЕЛЕНИЕ ОАЭ. http://visituae.ru/articles/216/

Арабская весна: игра на выбывание. Леонида Млечина

 

 

УДК 316.74 (574)



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2016-06-29; просмотров: 461; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.128.198.90 (0.018 с.)