Бауыр мен ұйқы безінің ас қорытуындағы рөлі
Қарын — құрсақ қуысының жоғары бөлімінің сол жағында, көкеттің астында орналасқан асқорыту жолының кеңейген мүшесі. (Абай атамыздың: «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген ой тұжырымы естеріңде болар.) Қарын - іші қуыс қалың бұлшықетті мүше. Ол жоғарғы жағынан өңешпен, төменгі жағынан аш ішектің басталар жері ұлтабармен жалғасады. Қарынның ішкі жағын астарлап жатқан қатпарлы, сілемейлі (шырышты) қабықшасы оның көлемін үлкейтеді. Қарынның қабырғасындағы бірыңғай салалы бұлшықет талшықтары үш түрлі бағытта орналасқан. ішкі кабаты - қиғаш, ортаңғысы - сақина тәрізді, ал сыртқысы - ұзыннан орналасқан. Қарынның қатпарланған сілемейлі (шырышты) қабықшасында өте көп ұсақ бездер бар. Бұл бездерден қарын сөлі бөлінеді. Қарынның өңешпен және ұлтабармен (он екі елі ішек) байланысқан жерінде сақина тәрізді бұлшықеттер болады .
Қарында астың қорытылуы. Ересек адамдар қарнының сыйымдылығы 1,5-2 литр. Қарынның пішіні мен мөлшері астың түсуіне байланысты үнемі өзгеріп тұрады. Ұсақ бездерден бөлінетін қарын сөлінің құрамында су, тұз қышқылы, ферменттер және т.б. заттар болады. Қарында тағам 3 - 6 сағаттай уақыт қорытылады да, жартылай қоймалжың сұйық жентекке айналады. Жартылай сұйық жентек белгілі бір мөлшерде оқтын-оқтын аш ішекке өтіп тұрады.
Бауыр. Бауыр –организмдегі ең ірі без, құрсақ қуысының оң жақ қабырғасының астыңғы жағында орналасқан. Ересек адам бауырының массасы 1,5 кг –ға жетеді. Жаңа туған баланың бауырының массасы небәрі 150 г, ал бастауыш мектеп жасындағы балаларда -700-800 г.болады. Сөйтіп, балаларда бауырдың массасы дене массасымен салыстырғанда ересек адамдарға қарағанда үлкен болады. Мысалы, төменгі класс оқушыларында бауырдың массасы оның дене массасының 3,3 проценті болса, ал ересек адамдарда -2,4 процент.
Бауырдың организмде атқаратын қызметі үлкен: ас қорыту процестеріне қатысады, қорғаныш және залалсыздандыру қызметін атқарады. Сонымен бірге организмге баратын қанттың артық мөлшері гликогенге айналып, онда қор ретінде жиналады. Организмде қант жетіспеген жағдайда, гликоген қантқа /глюкоза/ айналады. Бауыр гепарин жасап шығарып қанның ұю процесіне де әсерін тигізеді.
Бауырда өт жасалып, бөлінеді. Өт сары –қышқыл түсті сұйықтық зат. Құрамында су, өт қышқылы, өт пигменттері –билирубин және биливердің болады. Сонымен бірге ас қалыпты қорытылу үшін қажетті заттар және алмасу өнімдері болады. Өттің жасалуы бауырға қанмен бірге келіп тұратын әр түрлі өт айдау заттарының тұрақты әсер етуін жүзеге асырып, рефлекторлы түрде күшейтіп отырады. Шартты тітіркендіргіштер өттің жасалуын күшейтеді немесе әлсіретеді.
Өт ұйқы безі мен ішек бездері ферменттерінің қызметін ширатады. Сонымен бірге майларды эмульсиялап, олардың ыдырауына және сіңіуіне себепші болады. Өт ішектердің перистальтикасын /қозғалысын/ күшейтіп, микроорганизмдердің көбеюіне қарсы тұрып, қорытылып үлгермеген тамақ қалдықтарының шіру процесіне әсерін тигізеді.
Бауыр тәулігіне 600-1200 см3 өт жасап шығарады. Өттің бір бөлігі өзекше арқылы тікелей ұлтабарға, ал артық мөлшері өт қабына барады (15-сурет). Өттің жасалуы мен бөліну процесінің бұзылуы байқалған кезде, организмде майлардың сіңуі азаяды. Өттің ұлтабарға барып құйылуы қарын мен ұлтабарға баратын ас жентектерінің мөлшеріне байланысты. Бұл процесс рефлекторлы түрде жүзеге асады.
|