Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Балалардың өсуі мен дамуы, олардың көрсеткіштері

Поиск

Дәріс 1 Кіріспе

 

   Физиология - организмнің барлық құрылымдық дәрежесінде жүріп жататын клеткалардың, ұлпалардың, мүшелер мен мүшелер жүйесінің және біртұтас организмнің қызметі немесе тіршілік әрекеті жөніндегі ғылым.

   Қазіргі кезде адам және жануарлар физиологиясы туралы көптеген мәліметтер жиналды. Оның нәтижесінде физиологиядан бірнеше ғылыми бағыттар пайда болды. Солардың ішінде физиологияның жеке бір тарауын құрған жас ерекшелік физиологиясы.

   Жас ерекшелік физиологиясы организмнің әр түрлі кезеңдеріндегі тіршілік әрекетінің өзгерістерін зерттейді. Сонымен қатар оның негізгі бағыты –баланың өсу және даму жағдайына қарай мүшелерінің, жүйелерінің және біртұтас қызметін зерттеп білу.

   Жас ерекшелік физиологиясы көптеген салаларымен тығыз байланысты және басқа да биологиялық ғылымдардың мәліметтерін кең пайдаланылады. Сөйтіп, адамның жеке басының даму процесі қызметінің қалыптасу заңдылықтарын түсіну үшін, физиология ғылымының кейбір тарамдарына байланысты, мәселен, клетка физиолоиясы салыстырмалы және эволюциялық физиология және жүйелері: ас қорыту, қан айналу, тыныс алу, жүйке жүйесі және т.б. сияқты.

   Сондай–ақ жас ерекшелік физиологиясының зерттеп - білетін жаңалықтары мен заңдары әр түрлі биологиялық ғылымдардың мәліметтеріне негізделеді: эмбриологияның, генетиканың, цитологияның, биохимияның және т.б.

   Сонымен бірге жас ерекшелік физиологиясының мәліметтерін әр түрлі ғылыми пәндердің дамуы үшін пайдалануға болады. Мысалы, педиатрияны, балалар травматологиясы мен хирургиясын, антропология мен геронтологияны, генетиканы, психология және педагогиканы дамыту үшін.

   Жас ерекшелік физиологиясының түйінді бағыты мұғалімдер мен тәрбиешілердің қызметінде маңызы зор физиологиялық ғылымының теориялық материалдарына аударылған. Ондай мәселелердің қатарына, ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің жоғары жүйке әрекетінің заңдылықтарын және олардың жүйке жүйесінің функциялық ерекшеліктерін жатқызуға болады.

   И.П.Павлов тәрбие беру теориясы мен практикасы үшін физиологияның үлкен маңызы бар екенін атап айтқан. Ол барлық тәрбие беру және даму заңдылықтары физиологияға негізделген деп көрсетті. Сонда мұғалім осы айтылған заңдарды оқушылардың жастарына сай пайдаланып, оқу –тәрбие жұмыстарының бағытын дұрыс анықтауы тиіс. Балалардың жас ерекшеліктерін білу мұғалім үшін баланың күш –қуатын және ақыл –ойын дұрыс бағалай білуге үлкен мүмкіндік туғызады.

   Педагогика ғылымының көрнекті қайраткері және халық ағарту ісін ұйымдастырушы Н.К.Крупская былай деген: «Педагог, біріншіден не білуі тиіс, -ол адам денесінің құрылысы мен қызметін яғни, адам денесінің анатомиясы мен физиологиясын және оның дамуын. Онсыз жақсы педагог болуы, баланы дұрыс өсіріп, тәрбиелеуі мүмкін емес».

    Балалар мен жасөспірімдердің организмінде, мүшелерінің құрылысы мен қызметінде, ересек адамдармен салыстырғанда, ерекшеліктер бар, себебі, балалар өз өмірінің әр түрлі кезеңдерінде көп өзгереді. Балалардың жас кезеңдеріне тәуелді морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерді білу, оны тәрбие жұмыстарына тиімді пайдалану -әрбір мектеп маманының міндетті ісі.

  Әсіресе, жас мамандардың педагогтік шеберлігінің дұрыс қалыптасуында баланың жас ерекшеліктеріне тән қабылдау және ойлау процестері, даму заңдылықтары жөнінде білудің елеулі маңызы бар.

  Мектеп гигиенасы – балалардың өсіп–даму процесін және олардың денсаулық жағдайын, сыртқы орта факторларының организмге әсер етуін зерттейтін ғылым. Баланың жас ерекшелік жағдайын ескеріп, оның денсаулығын нығайтуға, үйлесімді дамуына және дұрыс тәрбиелеуге арналған шаралар белгілейді. Ол мектеп мамандарын қажетті гигиеналық ережелер нормативтерімен қаруландырып, балалардың жұмыс қабілетінің жоғары болуын, әрі қарулы, әрі психологиялық жағынан дұрыс өсіп –дамуын тәрбиелеуге бағыттайды.

  Жас ерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасының міндеттері студенттерді, болашақ тәрбиешілерді, өсіп келе жатқан жас организмдердің даму ерекшеліктері жөніндегі, заман талабына сай ғылыми мәліметтермен таныстыру. Сонымен қатар, оқушының денсаулықтарын нығайтуға бағытталған заңдылықтармен қаруландыру, олардың әр түрлі оқу және еңбек жұмыстары кезіндегі жұмыс қабілетінің жоғары болуына көмектеседі.

Физиология негізін салушы И.М.Сеченов мынандай қорытынды жасаған: «Организмнің тіршілігін қолдайтын сыртқы орта, сондықтан организмнің ғылыми анықтамасына, оған әсерін тигізетін орта да кіруі тиіс. Шындығын айтқанда, табиғат пен әлеуметтік ортадан тыс адамның болуы мүмкін емес».

  И.П.Павлов Сеченовтың ойын одан әрі дамытты: адам сыртқы ортамен тығыз байланысты болып тұратын біртұтас организм және оның сыртқы ортамен біркелкі тәуелді жағдайы әр уақытта сақталмақ.

Организм біртұтас, оның барлық ұлпаларының, мүшелер мен мүшелер жүйесінің құрылысы және қызметі өзара байланысты. Қандай да болмасын бір мүше немесе жүйенің құрылысы мен қызметі өзгерген жағдайда, басқа мүшелердің құрылысы мен қызметі де өзгереді.

  Сыртқы орта жағдайларының организмге әсер етуі және организмнің тіршілік жағдайына реакциясы жүйке жүйесі арқылы жүзеге асады. Сонда нерв жүйесі, мүшелер мен мүшелер жүйесінің өзара байланысты, организмнің біртұтас қызметін қамтамасыз етіп отырады.

  Бала организмі ортаның белгілі бір жағдайына тәуелді түрде дамиды. Орта организмге үздіксіз әсер етіп, оның даму бағытын анықтайды. Сондықтан организмнің өсіп –жетілуі орта жағдайына тікелей тәуелді. Бала организмінің құрылысы мен қызметінің өсіп –жетілуіне әлеуметтік ортаның тікелей маңызы бар. Әлеуметтік орта баланың психикасы мен денесінің дамуына белсенді, жүйелі және мақсатты әсерін тигізеді.

  Қоршаған табиғаттың әр түрлі факторлары бала организміне тұрақты әсер етеді. Мысалы, ауа, температура, жарық сәулесі судың құрамы, тамақ, өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлері және басқалар. Осы табиғи жағдайлар балалардың ой -өрісіне және денесінің дамуына ықпалын тигізіп, физиологиялық қызметіне әсер етеді: зат алмасуына, тыныс алуына, қан айналымына, астың қорытылуына және басқалар. 

Әр түрлі табиғи жағдайларға байланысты, зат алмасу процесінің сан және сапа жағынан өзгеруі организмнің өсуі мен дамуына әсер етеді. Сонда организмнің қызметі сыртқы ортамен байланысты бола отырып, бала организмінің құрылысы мен денесінің өсіп –дамуын өзгертеді.

  Дене еңбегі мен дене жаттығуларына тәрбиелеуді, оқытуда, тамақтануды, күнделікті өмірді тиімді ұйымдастыру арқылы баланың ақыл –ойы мен денесінің өсіп –дамуын дұрыс бағытқа өзгертуге болады. Жүйелі дара еңбегі, әр түрлі жаттығулар мен спорт ойындары, сезім органдары мен жүйке жүйесі қызметін жетілдіре түседі, ой және дене еңбегіне жұмыс қабілетін жоғарылатады, организмінің құрылысын және оның реакция туғызу қабілетін өзгертеді.

  Организмнің өзі И.П.Павлов айтқандай, жүйелердің жүйесі болып есептеледі. Сөйтіп, барлық клеткалар, ұлпалар, мүшелер мен мүшелер жүйесі бірлестікте қызмет атқарып, организмнің біртұтастық тіршілік әрекетін қамтамасыз етеді.

   Өсу және даму. Организмнің өсіп – дамуы сыртқы орта факторларымен қатар, ішкі факторларға да тәуелді. Ішкі факторларға тұқым қуалау, жүйке жүйесінің жағдайы мен ішкі секреция бездерінің әрекеті, әсіресе гипофиз, жыныс бездері, қалқанша безі, және т.б. жатады.

  Көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, сыртқы және ішкі орта факторлары ұрпаққа тек қана ана организмі емес, сонымен қатар әке организмі арқылы да жағымсыз әсер етеді. Әкесі немесе шешесі ішкілікке шалдыққан жағдайда ұрпақтың дамуы жиі бұзылады. Маскүнемге айналған адамдардан дүниеге келген балалардың ақыл – ой қабілеті төмен болады.

  Организмнің өсуі және дамуы туралы мәселе биологиялық іргелі мәселесінің бірі болып саналады. Өсу – организмнің анатомиялық және морфологиялық жағынан өзгеруі яғни дененің ұзындығы мен салмағы. Өсу жас мөлшерінің және байланысты белгілердің, бала организмінің сан жағынан өзгеруіне байланысты сипатталады. Даму – ұлпалардың, мүшелердің және бүкіл организмнің физиологиялық жағынан, яғни олардың белгілі бір уақыттың аралығында функциялық жағынан жетіле түсуін сипаттайтын сапалы өзгерістер.

  Бала организмінің өсуі мен дамуы өзара байланысты келісімді әрі сан және сапа өзгерістеріне ұшырайды. Кейде өсу және даму процестерінің кезеңдері күшейеді немесе бәсеңдейді. Организмнің өсу процесінің нәтижесінде жаңа сапалы ерекшеліктер байқалады. Мысалы, қимыл – қозғалыс әрекеттері күрделене түседі.

Қалыпты жағдайда өсу және даму процестері үздіксіз жүріп жатады, бірақ әр уақытта бір қалыпты бола бермейді. Ондай жағдай осы екі фазаның гетерохрондылығы деп аталады. Бұл жағдайдың мәнісі, ол сан жағынан пайда болған өзгерістер белгілі уақыттың аралығында кенеттен өзгеріп, организм жаңа сапалы өзгеріске ауысады. Сонда денесінің бір бөлімінің мөлшері дененің басқа бір бөлімінің мөлшеріне теңесетіні байқалады. Бұлшық еттердің күші мен қозғалу қарқыны, ақыл – ой әрекетіне сай келеді. Соның нәтижесінде өсу мен даму гормониялық немесе үйлесімді даму жағдайына жетеді.

Бала организмінің өсу және даму жағдайындағы гетерохрондық пен гармониялық өзгерістер көптеген биологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты болады. Өсу мен дамудың биологиялық факторы организмнің өзінде айқын өзгерістер түрінде көрінеді, ал әлеуметтік фактор қоғам құрылысында, тұрмыс жағдайларында, білім және тәрбие беру жағдайында. Бұл факторлар өсу және даму процесіне сапа жағынан баға беру кезінде еске алынады.

Бала организмінің өсуі мен дамуының біркелкі болмауы тек дененің өсуіне әсер етіп қоймай, сонымен бірге психиканың даму дәрежесі әр түрлі болады. Ол тек басындағы ой - өрістің дамуына байланысты болып қоймай, сонымен бірге баланың тәрбие жағдайына да тәуелді. Өсіп – даму процесінің сырт көрінісінде дене пропорциясының өзгерісі байқалады: жас жоғарылаған сайын бастың мөлшері бір шама кішірейеді де, қол мен аяқтың ұзындығы біршама ұзарады. Жыныстық жағынан алғанда балалардың өсіп даму процесі шамалас болып келеді. Қыздар мен ұлдардың салмағы жасқа дейін шамалас болады. 11-12 жаста қыздар салмақ жағынан ұлдардан біршама жоғары болады, яғни бір жылдың ішінде 4-5кг, ал 14-15 жасында 5-8кг салмақ қосады.

Гомеостаз және организм қызметінің реттелуі. Қандай организм болмасын белгілі тіршілік ету жағдайын талап етеді, ондай жағдайға даму процесінде беймделеді. Организм клеткаларының тіршілік ету ортасы ішкі орта болып табылады. Организмнің ішкі ортасына клеткалар тікелей жанасатын қан, лимфа және ұлпа сұйықтығы жатады. Ішкі ортаның құрамы мен қасиеті біршама тұрақты дәрежеде сақталады да, бүкіл оргаизмнің тіршілігі үшін жағдай туғызады. Ішкі ортаның химиялық құрамы мен физикалық және химиялық қасиеттерінің тұрақтылығы гомеостаз деп аталады. Ол қан айналу, тыныс алу, ас қорыту, бөлу және басқа да жүйелердің жұмысын тұрақты қолдап, биологиялық белсенді химиялық заттарды қанға бөлу нәтижесінде клеткалар мен мүшелердің өзара қарым – қатынасын қамтамасыз етуін жүзеге асырады. Әр уақытта организмнің тіршілік етуіне қажетті жағдай туғызып, организмдегі физиологиялық қызметің өздігінен реттелу процесі үздіксіз жүріп жатады.

Өздігінен реттелу – қандай да болмасын физиологиялық немесе басқа да биологиялық көрсеткіштерді анықтап, қолдап тұратын биологиялық жүйенің қасиеті. Өздігінен реттелу механизмі арқылы адамда қан қысымының мөлшері, дене температурасы, қанның физикалық және химиялық қасиеті біршама тұрақты болады.

  Гуморальдық реттелу – организмнің сұйық ортасы арқылы /қан, лимфа, ұлпа, сұйықтығы клеткалардан, ұлпалардан бөлінетін биологиялық белсенді заттардың әсеріне байланысты организмдегі тіршілік әрекет процестердің үйлесімділігімен жүзеге асатын механизмдердің бірі. Эволюция процесінде, организмнің даму және күрделену жағдайына орай оның жеке бөлімдерінің арасындағы байланыстарды жүзеге асыруда және оның барлық қызметін қамтамасыз етуде жүйке жүйесі жүзеге асыратын жүйелік жүйке жолмен реттелу үлкен роль атқарады.



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 7; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 13.59.67.189 (0.011 с.)