Мы поможем в написании ваших работ!
ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?
|
Жеке кәсiпкерлiк туралы. Тарау. Жалпы ережелер. Бап. Осы заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Жеке кәсiпкерлiк туралы
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124 Заңы
МАЗМҰНЫ
Осы Заң жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн негiзгi құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар мен кепiлдiктердi айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) бизнес-инкубатор - шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингілік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға; 2) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі; 3) дара кәсіпкер - дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын және осы Заңның 6-бабының 3 және 7-тармақтарында көрсетілген критерийлерге сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман; 4) дара кәсіпкерлік - жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелі үшін және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі; 5) жеке кәсіпкерлік - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі; 6) алып тасталды - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 7) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау - Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені; 8) жеке кәсіпкерліктің инфрақұрылымы - өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етуді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені; 9) жеке кәсіпкерлік субъектілері - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар; 10) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі - жеке кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін білдіру және қорғау қорғау үшін құратын коммерциялық емес ұйым; 11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу - кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген критерийлерге жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы; 11-1) жылдық орташа табыс – соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық табыстардың немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлік субъектілері табыстарының үшке бөлінген сомасы; 12) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер; 13) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган - жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган; 14) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - сараптамалық кеңес) - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдар жанынан: жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу; жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды талдап-әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган; 15) алып тасталды - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 16) коммерциялық құпия - жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат; 17) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар. Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
|