бап. Алғашқы статистикалық деректер
12-бап. Алғашқы статистикалық деректер
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.
Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң алғашқы статистикалық деректері Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес табыс етіледі. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделмеген мәлiметтердi талап етуге құқылы емес. Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.
13-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасау тәртiбi
1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын дара кәсiпкерлердi қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады. 2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI ДАМЫТУ МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi: 1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi; 2) жеке кәсiпкерлiктi қолдаудың мемлекеттiк жүйесiн қалыптастырады; 2-1) жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету тәртібін айқындайды; 3) Үкiмет жанынан жеке кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi органдар құрады және таратады; 4) орталық мемлекеттiк жергілікті өкілді және атқарушы органдар әзiрлейтiн, жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сарапшылық кеңестердiң қарауын ұйымдастырады; 5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн (проценттiк көрiнiстегi) бекiтедi; 6) шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады; 7) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып, мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып жатқан жер учаскелерін шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын бекітеді; 8) бәсекеге қабiлеттi салаларды құру мен жетiлдiрудi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн дамытуды және олар шығаратын өнiмнiң сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттiк саясатты айқындайды және iске асырады; 9) бәсекелестiктiң дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзiмдi инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септiгiн тигiзетiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi; 10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады; 11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң дамуы үшiн кедергiлердi жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргiзедi; 12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендiрудi жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады; 13) жекелеген салаларда жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi арасындағы бәсекелестiктi дамыту үшiн жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтiк және тарифтiк емес әдiстермен уақытша қорғауды жүзеге асырады; 14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергiлердi жоюға шаралар қабылдайды; 15) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн келiсiмдi бiрлескен экспорттық саясатты жүргiзуге ынталандырады; 16) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне iшкi және сыртқы нарықтардың жай-күйi туралы экономикалық ақпарат берудi ұйымдастырады; 17) сапа менеджментiнiң жүйесiн ендiрудi ынталандыру жолымен ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға жағдайлар жасайды; 18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердiң аумағындағы мүдделерiн қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды; 19) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi мен жұмыс берушiлердің бiрлестiктерiмен өзара іс-қимыл жасайды; 20) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21) саланың немесе кластерлердiң проблемаларын шешу үшiн ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеулердi қаржыландырады; 22) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23) халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiгiн жеке кәсiпкерлiкке тарту жөнiнде шаралар әзiрлейдi; 23-1) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекітеді; 23-2) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысты есептеу қағидаларын бекітеді; 24) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды. Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 178, 2009.02.13 № 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.07.2013 № 124-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
|