Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу пәні 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу пәні

Поиск

«Құқық негіздері» пәні

«Құқық негіздері» оқу пәнінің мазмұны құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, демократиялық құқықтық қоғам идеалдары мен құндылықтарын түсінуге бағытталған.

10-11-сыныпта «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны білім алушыларға түрлі құқық салаларының ерекшеліктері мен мәнін түсіндіруді тереңдетеді.

«Құқық негіздері» оқу пәні құқық нормалары, заңдар мен нормативтік құқықтық актілер арқылы қамтамасыз етілетін процестерді бағалау, жіктеу, жүйелеу, қорытындылау, талдау үшін білім алушылардың қажетті құқықтық ойлау дағдысын дамытуды қарастырады. Аталған оқу пәнінің аксиологиялық қызметі құқықтық сауаттылықты, құқықтық сана-сезім құндылықтарын қалыптастыруға негізделген.

«Құқық негіздері» пәнін оқытудың негізгі міндеттері:

- әлеуметтік және құқықтық нормалар жүйесі: адам құқығы, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, заңдылық және құқықтық тәртіп туралы білімдерін тереңдету және кеңейту;

- қазақстандық құқық пен халықаралық құқықтың базалық салаларының негізгі түсініктері мен мазмұны туралы білімдерін дамыту;

- құқыққа деген оң қөзқарасты қалыптастыру және заңдарды білу мен орындаудың әлеуметтік пайдалылығын түсіну;

- қазақстандық патриотизм, жалпыадамзаттық құндылықтар, гуманизм мен әділеттілік негізінде тұлғаның құқықтық санасын қалыптастыру;

- оқу және тәжірибелік іс-әрекетте құқықтық ақпаратты табу, талдау және қолдану дағдыларын қалыптастыру;

- әртүрлі өмірлік жағдайларда құқықтық нормаларға сәйкес іс-әрекеттерді таңдау кезінде құқықтық білім мен дағдыларды қолдана алу біліктерін дамыту;

- қоғамдағы құқықтық қатынастармен байланысты практикалық жағдаяттарды сын тұрғысынан талдау және бағалау дағдыларын дамыту;

- қазіргі уақыттағы өзекті қоғамдық және құқықтық мәселелерге қатысты пікірталасқа қатысу дағдыларын дамыту.

«Құқық негіздері» пәні бойынша оқу жүктемесі қоғамдық-гуманитарлық бағытта:

- 10- 11-сыныпта – аптасына 3 сағат, оқу жылына 102 сағатты;

жаратылыстану -математикалық бағытта:

- 10-11-сыныпта аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты қамтиды.

Тұлғаның танымдық белсенділігін, шығармашылық, жобалық-зерттеушілік қабілеттерін дамыту үшін қоғамдық-гуманитарлық бағытта әр тақырыптық бөлімнен кейін келесі зерттеу жұмысы тақырыптары берілген. Сондықтан қоғамдық-гуманитарлық бағытта осы тақырыптар көлемінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылады. Зерттеу тақырыптары жалпылама берілген. Білім алушылар осы белгіленген тақырып шеңберінде түрлі мәселелерді қарастыра алады.

«Құқық негіздері» оқу пәні бойынша жиынтық бағалау саны

Оқу пәнінен бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізу қарастырылған. Төменде 84-кестеде оқу пәнінен бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) рәсімдерінің нақты саны көрсетілген.

 

 84- кесте. «Құқық негіздері» пәні бойынша жиынтық бағалау саны 

 

 

Сынып

Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау саны 

1-тоқсан

2-тоқсан

3-тоқсан

4-тоқсан

10-сынып

11-сынып

 

«Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» оқу пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы әдістемелік ерекшеліктер

10-сыныпта «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» оқу пәнінің базалық білім мазмұны: «Өркениет: даму ерекшеліктері», «Этникалық және әлеуметтік процестер», «Мемлекет, соғыс және революциялар тарихынан», «Мәдениеттің дамуы» бөлімдерін қамтиды.

11-сыныпта: «Өркениет: даму ерекшеліктері», «Саяси-құқықтық процестер», «Қоғамдық-саяси ойдың дамуы», «Білім мен ғылымның дамуы» бөлімдерін қамтиды.

Бөлімдер сыныптар бойынша оқыту мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.Оқу мақсаттары әр бөлімше ішінде мұғалім мен білім алушыға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсетеді.

Білім мазмұнын жаңарту жағдайында тарихты оқытуда – оқу мақсаттарын анықтау, оқыту мазмұнына сәйкес материалдарды саралау, оқытудың тиімді әдістерін дұрыс анықтау ұсынылады.

Оқу процесінде білім алушыны ынталы, қызығушылығы жоғары, дербес, сенімді, жауапты, талдау жасай алуға бағыттайтын оқытудың түрлі формалары ұсынылады:

- мұқият іріктелген тапсырмалар мен іс-әрекет түрлері арқылы білім алушыларды ынталандыра және дамыта оқыту;

- білім алушыларды зерттеу және зерттеушілік жұмыстарын жүргізуге негізделген белсенді оқытуды ұйымдастыру;

- білім алушылардың сыни ойлау дағдыларын дамыту;

- білім алушылардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар құрастыру;

- білім алушылардың жеке, жұптық, топтық және тұтас сыныптық жұмыс түрлерін ұйымдастыруды қолдану;

-  оқу процесінде тарихи құжаттардың фрагменттерін талдау, ақпарат жинақтау және қорытынды жасау, себеп-салдарлық байланыстарды орнатуды және т.б. талап ететін тапсырмаларды кеңінен қолдану;

-  сабақта білім алушының біліміндегі кемшіліктерді уақытында анықтауға мүмкіндік беретін кері байланысты ұйымдастырудың әр түрлі әдістерін қолдану.

Жалпы орта білім беру деңгейінде білім алушылардың жас және танымдық ерекшеліктеріне сәйкес талдау, бағалау, зерттеу және жоспарлау дағдыларын қалыптастыратын әдіс-тәсілдер мен тапсырмаларды қолдану ұсынылады. Мысалы, эссе және есеп жазу, салыстырмалы талдау жасау (SWOT, PEST, GAP талдаулары) және т.б.

Оқу бағдарламасының оқу мақсаттары мен тәсілдерін тиімді түрде жүзеге асыру үшін «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқыту процесін төмендегідей тарихи концептілер (түсініктер) негізінде ұйымдастыру ұсынылады:

- өзгеріс пен сабақтастық;

- себеп пен салдар;

- дәлел;

- ұқсастық пен айырмашылық;

- маңыздылық;

- интерпретация.

Тарихи түсініктер негізінде оқыту тарихи оқиғалардың мағыналары мен маңыздылығын, үдерістер мен оқиғаларды «тез түсінуге» бағытталған, бұл пәннің мағынасын терең түсінуге көмектеседі.

Тарихи түсініктерге сүйене отырып, тарихи материалдарды талдауды жүзеге асыру ұсынылады. Нәтижесінде, білімалушылар тек қана пәндік материалды ғана емес, зерттеу процестері, дағдылар және біліктермен байланысты әдістерді игереді (материалдарды жинау мен реттеу әдістері, сұрақтарды құрастыру және дереккөздермен жұмыс жасау процесінде мәселені қоя білу білігі, сәйкестендіру әдістері мен дереккөздерді сыни бағалауы, зерттеу жоспарларын әзірлеу, материалдарды жинақтау және нәтижелерді тексеру).

Белгілі бір тарихи концептілерге негізделген оқыту нақты оқу материалының негізінде оқушылардың бойында тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс, зерттеуге негізделген оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

Мұғалімнің сабаққа арнайы әзірлейтін тапсырмалары келесі өлшемшарттарға сәйкес болуы қажет:

- түсінікті болуы;

- саралаудың ескерілуі;

- сын тұрғысынан ойлауды дамытуға мүмкіндік беруі;

-  проблемалық оқытуға негізделуі;

- бағалау мүмкіндіктерінің бар болуы тиіс.

Картамен жұмысты тиімді деңгейде күшейту қажет. Ол үшін тарихи карталар мазмұнын талдау бойынша тапсырмаларды пайдалану ұсынылады.

Білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, презентация, интеллект карталар, диаграммалар жасауға тапсырмалар берген дұрыс.

Пәнді оқыту кезінде барлық сынып білім алушыларының жұмыс жасауы және үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін жеке, жұптық, топтық жұмыстарды ұйымдастыру ұсынылады. Оқыту процесін оңтайландыру мақсатында топтық жұмысты ұйымдастыру өте тиімді болып табылады. Топтық жұмысты ұйымдастыру кезінде әрбір білімалушының қабілеттері мен психологиялық ерекшеліктерін ескеру, олардың топтағы атқаратын негізгі міндеттерін анық түсіндіру қажет.

«Қазақстан тарихы» пәні бойынша ұсынылатын сайттар: http://www.tarih-begalinka.kz; http://www.e-history.kz; http://bilimsite.kz/tarih/; http://testcenter.kz/entrants/for-ent/.

«Дүниежүзі тарихы» пәнінен ұсынылатын сайттар:

http://www.world-history.ru; http://historic.ru; http://historyatlas.narod.ru; http://testcenter.kz/entrants/for-ent/.

«Құқық негіздері» оқу пәні бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы әдістемелік ерекшеліктер

Оқу пәнінің білім мазмұны бес бөлімді қамтиды: «Мемлекет және құқық», «Жария құқық», «Жеке құқық», «Іс жүргізу құқығының негіздері», «Халықаралық құқық».

Бұл бөлімдер өз ішінде білім, түсінік және дағдыларды қалыптастыруды көздейтін бөлімшелерден тұрады. Оқу мақсаттары әр бөлімше ішінде мұғалім мен оқушыға келесі қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсетеді.

«Құқық негіздері» пәнін оқытуда келесі педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдану ұсынылады:

- оқу тапсырмаларын шешу барысында нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесін қолдану (http://adilet.zan.kz/; http://online.zakon.kz/);

- құқықтық нормалардың мазмұны мен мәнін түсіндіру және анықтау арқылы нормативтік құқықтық актілерді талдау;

- оқушылар проблемаларды анықтауда өз ойларын, пікірлерін айту, дәлелдеу, болжамды ұсыну, зерттеуді жоспарлау қабілеттерін дамытатын ынталандырушы-проблемалық құқықтық ситуациялық жағдаяттарды (кейс-стади) зерттеу.

«Құқық негіздері» пәнін оқыту процесінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдысын дамыту үшін жағдайлар жасалуы қажет, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтер және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру.

Құқық негіздері» пәнін оқыту барысында АКТ-ны қолдану мүмкіндіктері:

- құқықтық деректермен жұмыс жасау: оларды іздеу, сұрыптау және интерпретациялауға байланысты өзіндік жұмыс жасау дағдыларын дамыту;

- оқушылардың білімдерін кеңейту үшін мультимедиялық ресурстарды пайдалану;

- белсенді оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдау үшін интерактивті тақталарды пайдалану;

- оқушылардың электронды оқулықтарды пайдалануы;

- компьютерлік презентациялардың түрлерін пайдалана отырып, таңдалған тақырыптар бойынша шығармашылық жобаларды жасау;

- оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуы үшін (пікір-талас өткізу және құқықтық мәселелерді талқылау) компьютерлік коммуникация құралдарын пайдалану (мысалы, онлайн-форумдар, конференциялар).

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптарда әр оқу тоқсанының соңында «Зерттеу жұмысы» сабағын өткізу қарастырылған. Зерттеу жұмысын жүргізудің мақсаты: теориялық материалды зерттеу тақырыптарының жеке аспектілері бойынша жүйелеу, терең талдау жасау және жалпылау.

Осы сабақтар барысында оқушылар жеке, жұпта немесе топтарда тақырыптық бөлімнің тоқсанда зерттелген аспектілердің бірі бойынша кіші-зерттеу жүргізеді. Зерттеу тақырыбын оқушылар тоқсан бойы таңдай алады. Әр тоқсан соңында оқушылар өз зерттеулерін аяқтап, әр түрлі формада сынып алдында таныстырады. Бұл баяндамалар, презентациялар, рефераттар, шағын жобалар, мақалалар, эссе және т.б. болуы мүмкін. Зерттеу жұмысы бойынша формативті бағалау қарастырылған. Сонымен, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы сыныптарында оқитын оқушылар өздерінің зерттеу, креативті және сыни ойлау дағдыларын, қарым-қатынас, ынтымақтастық және азаматтық жауапкершілік дағдыларын жетілдіру үшін көп мүмкіндіктерге ие. Осы материалдарды әзірлеу кезінде әрбір тоқсанның соңында берілетін зерттеу жұмысы бұл жобалық жұмыс емес. Ол теориялық-практикалық зерттеу, онда оқушылар келесі зерттеу іскерліктері мен дағдыларын көрсетуі тиіс:

- зерттеу мәселесін (тақырыбын) анықтау және тұжырымдау;

- зерттеу жүргізу жоспарын (оның кезеңдері)құру;

- зерттеудің мақсаты мен міндеттерін, болжам жасау,

- зерттеу әдістерін таңдау және пайдалану;

- алынған ақпарат көздерін көрсете отырып, зерттеу тақырыбы бойынша теориялық (сандық және сапалық) материалды (әдебиетке сілтеме, электрондық дерек көздері)таңдау және жүйелеу;

– ақпаратты бір түрден екінші түрге түрлендіру: сөздік – кестелік, кестелік-сызбалық немесе графикалық және т. б.;

- зерттеудің басында ұсынылған болжамды  растайтын немесе жоққа шығаратын қорытынды жасау.

- жүргізілген зерттеу жұмыстарын жетілдіру жолдарын немесе алынған теориялық қорытындыларды практикалық қолдану мүмкіндігін анықтау.

Тарих сабақтарын жоспарлау және ұйымдастыру барысында оқытудың тәрбиелік компонентіне ерекше назар аудару қажет. Материал мазмұны «Рухани жаңғыру» идеясына және «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасына сай болуы қажет. Тарих және құқық негіздері пәндері бойынша рухани жаңғыру идеясы негіздерінің құндылықтарын оқыту мен тәрбиелеуде жүзеге асыру ұсынылады.

Рухани жаңғыру бағдарламасы материалдарын оқу тәрбие процесіне қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар академия сайтында орналастырылған: (https://www.nao.kz /Білім беруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету/ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арналған интерактивті сабақты өткізу бойынша әдістемелік ұсыным./

Сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмыстары білім алушыларды қоғамдық өмірге бейімдейтін, жұмыс тәжірибесін жинақтайтын, жаңа жағдайдағы қарым-қатынасқа үйрететін, қызығушылықтар мен талаптарды іске асыратын әлеуметтік ортаның бір бөлігі болып табылады.

Тарих пәндері бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2020-2021 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады:

Ұшқыш-шабуылдаушы, КСРО еңбек сіңірген әскери ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, «Ленин», төрт мәрте «Қызыл Ту», «Александр Невский», I дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен бірқатар медальдардың иегері Леонид Игнатьевич Беданың туғанына 100 жыл. (1920 жыл.16 тамыз);

-Кеңес Одағының Батыры, «Ленин» ордені мен бірқатар медальдардың иегері Төлеген Тоқтаровтың туғанына 100 жыл. (1920 жыл.19 желтоқсан).

 

«Өзін-өзі тану» оқу пәні

 

Біртұтас үдеріс ретіндегі өзін-өзі танудың нысаны болмыстың физикалық, психикалық және рухани аспектісі тұрғысынан қарастырылатын адам болып табылады. Адамның осы қырларының біртұтас болуы оның өзін-өзі анықтау, өз маңыздылығын арттыру, өзін іс жүзінде көрсете білу және өзін-өзі жетілдіру аспектілерінен тұратын үйлесімді дамуды қамтамасыз етеді. Бұл өзін-өзі танудың пәндік саласын анықтайды, сол сияқты оқу пәнінің танымдық, дамытушылық және тәрбиелік қызметтерін нақтылайды.

«Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың рухани-адамгершілік дамуы; олардың жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білімді игеруі; оқушылардың сенімдерін, әлеуметтік маңызды тұлғалық қасиеттерін және өмірлік дағдыларын қалыптастыру.

Пәннің логикалық құрылымының мазмұны:

1) сүйіспеншілік, денсаулық, еркіндік, бақыт, ар-ұждан, еңбек, тән мен рух үйлесімі, өмірдің мақсаты, адамның тағдыры, ой мен сөз және істің бірлігі тәрізді ұғымдарды ұғыну арқылы өзін-өзі тануға;

2) отбасы, достық, қарым-қатынас, сенім, сыйластық, теңдік, сұхбат, өзара түсіністік, ынтымақтастық тәрізді ұғымдарды ұғыну арқылы өзге адамдарды тануға;

3) табиғат, Отан, өмір, қоршаған әлеммен үйлесімдік; сенім, үміт тәрізді ұғымдарды ұғыну арқылы әлемді тануға;

4) ақиқат, шығармашылық, мәдениет, адамзаттың ортақ үйі ретіндегі жер, адамзаттың бірлігі тәрізді ұғымдарды ұғыну арқылы адамзаттың рухани тәжірибесін тануға мүмкіндік беретін жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі арқылы анықталады.

«Өзін-өзі тану» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

1) 10- сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты;

2) 11- сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты құрайды

Өзін-өзі тану бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың маңызды шарты сабақта оқушының көңіл күйіне, өзін жақсы сезінуіне әсер ететін релаксация жасауға мүмкіндік беретін, денеге түсетін күшті азайтатын, шаршағанды сейілтетін, өз сезіміне, эмоциясына, рефлексиясына дем беретін әдістемелік тәсілдердің көмегімен дамытушы салауатты орта құру болып табылады.

«Таным жолында» атты бірінші тараудың тақырыптары оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтардың ерекшелігін саналы сезіну арқылы өзіндік бірегейлігін ұғыну мақсатын көздейді. Адамның өзімен-өзі және қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас орнату қабілетін дамытуға, өзінің эмоциялық күйін басқара алу білігін дамытуға, тұлғаны жетілдіру жолдарына, идеалды іздеу, мінез-құлықты тәрбиелеу, жауапкершілік, намыс пен абырой тәрізді қасиеттерін дамыту қажеттілігі туралы сөз қозғалады. Бағдарламада оқушылардың адамның ішкі әлемі, тұлғалық қасиеттерінің жан-жақтылығы, өмірлік ұстанымы, өзіне сенімі, сезімі сияқты ұғымдардың мәнін түсінуіне мүмкіндік беріледі. Адамның шыдамдылығы, көңіл-күйін басқара білуі тәрізді жағымды жағынан көрінуі қарастырылады. Бағдарламада сонымен қатар адамның діни наным-сенімінің бостандығы және басқа адамдардың діни сезімдерін құрметтеп, төзімділік таныту мәселелеріне де назар аударылған.

«Тұлғаның қалыптасуы» тарауының тақырыптарында оқушылардың дүниетанымын олардың әлемге ашық бола білу, әлемді тану мен түсіну және әлемде жоғары адамгершілік ұстаныммен қатынас жасай алу қабілеттерін дамыту арқылы кеңейту көзделген. Бағдарламада адамның ішкі әлемі, оның шынайы бейнесі, тұлғаның рухани кемелденуі тәрізді мәселелердің тереңдігін ашу мүмкіндігі берілген.

«Қоғамдағы өмір» атты үшінші тараудың тақырыптық жоспары оқушылардың жағымды ойлау дағдылары мен адамдар арасындағы қарым-қатынас барысында туындайтын этикалық өмірлік қайшылықтарға саналы түрде, байыппен қарау дағдыларын дамытуға бағытталған. Жоғары сынып оқушыларына есею кезеңіне қадам басқан және өз жақындары, сыныптастарының ғана емес, сонымен бірге болашақ курстастары мен жұмыстағы әріптестерінің ортасында да ғибратты жағдай қалыптастыруда жауапкершілік шегін сезінетін адам тұрғысынан отбасындағы, ұжымдағы және қоғамдағы рөлі туралы өз көзқарасын реттеуіне тура келеді.

Тарауда бағдарлама бойынша оқушылардың қоғамға қызмет етуі, тең дәрежелілік пен әділдік туралы, ер адам мен әйел адамның әлеуметтік рөлі туралы түсініктерін дамыту және тұлғаның өзіндік қалыптасуы, дүниетаным тәрізді ұғымдармен танысуы көзделген.

«Адамзат әлемі» атты төртінші тарауда оқушылардың адамзаттың мәдени мұраларына ізгілікті қатынасын дамытуға, өздерінің адамдық болмысы мен ақиқатқа жетудің өзіндік жолын ұғынуына алғышарттар жасалған. Аталған тараудың мазмұны мен оқыту әдістері маңызды адамдық ақиқатты оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтар туралы мәліметтерді, адамзаттың тарихи, мәдени және рухани жолын түсінуін, адамның бүгінгі және болашақтағы мұраттарын тереңірек түсініп қорытындылап, жүйелеу арқылы тұжырымдауын көздейді. Бұл тараудың бағдарламасын зерделеу жоғарғы сынып оқушыларының басты адами құндылықтарды адамзаттың тарихи, мәдени және рухани жолы туралы мәліметтерді жинақтау және жүйелеу жолымен, оның қазірі мен болашағы, адамның жоғары басымдықтарға ие екендігін терең ұғынуы арқылы жүзеге асырылатындығы пайымдалады. Бейбітшілікке және адамдар арасындағы келісімге қол жеткізудің қажетті шарты ретіндегі адамдарды біріктіретін ауызбіршілік туралы оқушылардың түсініктерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Аталған тарау орта мектептегі өзін-өзі тану курсының қорытынды бөлімі болып табылады және әр оқушының ұлан-байтақ өмірлік кеңістіктегі өз рөлін, адамзаттың тұрмыстық міндеттерін атқарудағы алатын өзіндік орнын және әркімнің еңбегіне, дарынына және шығармашылығына сұраныс болатындай болашақты құруды ұғына алуларына бағытталған. Осының барлығы жоғары сынып оқушыларына адам үшін маңызды «бақыт» деген түсініктің мәнін ұғынуына көмегін тигізеді.

10-11 сыныптардың игеруіне ұсынылып отырған бағдарламаның өзгешелігі бұрын оқығандарын жинақтауға бағытталған, үлкен өмірге аяқ басқан орта мектеп түлегіне қажетті жиынтық болып табылатын құзыреттілігін одан әрі дамыту мен орнықтыруды мақсат ете отырып, оқушылардың басты жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білімдерін тереңдету болып табылады. Мұғалім сабақ барысында, оқытудың төмендегідей әртүрлі стратегияларын қолдану арқылы мұғалім мен оқушының арасында сенімділік атмосферасын құрады

        10-сыныпты бітірген соң білім алушы: адам өміріндегі жалпыадамзаттық, этномәдени және ұлттық құндылықтардың өзара байланысын және арақатынасын түсінеді; жағымды қарым-қатынас мәдениетін біледі және күнделікті өмірде іс жүзінде көрсете алады; өзінің және басқа адамдардың көзқарас, пікірлері мен қылықтарын талдап, сыни тұрғыдан бағалай алады; отбасындағы жағымды қарым-қатынас құндылығын, отбасын құру жауапкершілігін сезінеді; өмірдің мәнін түсінуге ұмтылады; өзінің жеке уақытын өзі және қоғам үшін тиімді ұйымдастыра алады; әртүрлі дереккөздерінен алынған ақпараттарды салыстырып, талдап, сыни тұрғыдан бағалай алады; өз пікірі мен көзқарастарын еркін, дәйекті түрде жеткізіп, негіздей алады, өзінің пікірінен алшақ пікірлерге төзімділік таныта алады; қоғамға қызмет етудің практикалық дағдыларына ие болады; өзінің азаматтық ұстанымын қорғайды; басқа ұлттар мен конфессия өкілдеріне, адамның қоғамдағы орны мен оның жеке қасиеттеріне қатыссыз құрмет пен төзімділік танытады.

          11-сыныпты бітірген соң білім алушы: адам үшін жалпыадамзаттық, рухани-адамгершіліктік құндылықтардың маңызын түсінеді; өзара адами қарым-қатынастарды тани алады және оны бағалай біледі; командада еңбектене біледі, топ пен ұжымда өз мәртебесін анықтай алады; адам өміріндегі отбасын құрудың маңызын саналы түсініп, есею өміріндегі болашағын сезіне алады; өзінің мінез-құлқын, эмоцияларын басқара алады; эстетикалық талғамға, жақсы әдеттерге ие,жақсы әдеттерін көрсете алады, күнделікті өмірде сұлулық заңдылықтарын пайдаланады; өз ойы мен сезімдерін еркін жеткізеді; қоршаған әлеммен үйлесімді қатынас құруға ұмтылады; өзінің ұстанымдары мен нанымдарын қорғай алады; қиянат жасау мен қатыгездікке қарсы тұрады; отбасында, ұжымда денсаулық сақтау ортасы жағдайларын жасау және қолдау үшін білімдері мен іскерліктерін қолданады; өзін-өзі жетілдіру үшін өмірлік жағдаяттарды шығармашылықпен және тиімді пайдалана алады; өзін-өзі қалыптастыруға ұмтылады; жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, өмірлік әртүрлі жағдаяттарда жауапты шешімдер қабылдай алады

Оқу пәні инвариантты компоненттің стандартты деңгейіндегі таңдау пәні болып табылады. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сыныптарында оқыту Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 7 наурыздағы № 105 бұйрығымен бекітілген Үлгілік оқу жоспарына сәйкес жүзеге асыралады.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні кәсіпкерлік саласының негізгі ұғымдары мен заңдарын зерделеуге, білім алушылардың іскерлік ойлауын қалыптастыруға, белсенді өмірлік ұстанымды таңдауға, қазіргі жағдайда болашақта өз бетінше өмір сүруге арналған дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

Оқу материалының мазмұны оқу процесінің геймификациясы (ойын техникасы) принциптеріне және кейстік жұмысқа негізделген.

Геймификацияны (ойын техникасын) кеңінен қолдану материалды түсінуді жеңілдетіп қана қоймай, сондай-ақ келешекте шынайы жағдайларға лайықтауға болатын алғашқы пайдалы дағдыларды қалыптастыруға бейімделген.

Кейстік (ситуациялық) оқыту әдісі бір жағдайға стандартты емес тәсілдемелерді қолданып, креативтілік танытуға шынайы мүмкіндік береді.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқулығы бойынша оқыту PBL (Project Based Learning) әдістемесі негізінде де құрылған. Сөзбе сөз бұл термин «жобалық оқыту» деп аударылады. PBL әдістемесі әр оқушының оқу үдерісіне белсенді қатысуын білдіреді. Бұл ретте мұғалім барлық үдерісті үйлестіреді, бірақ сонымен қатар оқушыларға шығармашылық пен дербес шешімдер қабылдау үшін еркіндік береді, оқушылар әр түрлі мәселелер бойынша сарапшылардың рөлін өз мойнына алып, өздерін сынап көреді.

Әдістеменің негізгі ұғымы – «жоба». Оқушылар пәнді оқытудың 11-сыныбының бірінші және екінші тоқсанында осындай «жобаны» дамытуы тиіс. Алдымен олар өз командасына мамандарды тартуға тырысатын стартаптың негізін қалаушысы рөлінде өзін елестету керек. Содан кейін олар басшылар, маркетологтар, зерттеушілер сияқты өз стартаптарымен жұмыс істейтін болады. Оларға өз клиентін зерттеуге, өз өнімінің прототипін жасауға, серіктестерді табуға және т.б. көптеген әрекеттер жасауына тура келеді.

Оқушылар тапсырмаларды алып, оны орындау уақытын білетін болады. Басқа ешқандай шектеулер жоқ. Қандай өніммен айналысу керек, оны жылжыту үшін қандай әлеуметтік желіні таңдаса жақсы болады, олардың бизнесі үшін кім үздік серіктес болып табылады және т.б. осы секілді сұрақтарға алдын ала қайсысы «дұрыс» екеніне нақты жауап берілмейтіндіктен, мұндай тәсілде «дұрыс» - «дұрыс емес» позициясынан соңғы нәтиже емес, командалық жұмыс, команда мүшелерінің жобаға тартылу дәрежесі, олардың көрсеткен күш-жігері мен ынтасы, олардың іс-әрекеттерінің жалпы бағыты мен қисындылығы бағаланады.

Нақты мәселеге шоғырлану оқушыларға қысқа уақыт ішінде зерттелетін мәселенің көптеген қыр-сырын білуге мүмкіндік береді, осылайша, осы әдістеме бойынша егер нақты нұсқаулықтар, жұмысты бағалау критерийлері, шектеулі уақытты беріп, бірақ оны жұмыс стилінде және тәсілде шектемесе кез келген адамды белгілі бір жұмысқа дайындауға болады.

Жобалық жұмыс оқушыларға материалдың едәуір бөлігін қамтуға, өз жобасын жасау арқылы жаңа білім алуға мүмкіндік береді. Әдістің артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады:

• Командалық жұмыс. Оқушылар болашақта университет пен жұмыста қажет болатын командада жұмыс істеуді үйренеді.

• Коммуникативтік дағдылар. Оқушылар бірге жұмыс істейді, сондықтан оларға командада тиімді қарым-қатынас жасау өте маңызды.

• Сөздік қоры. Жобамен жұмыс істеу барысында оқушылар өз тілдік қорын айтарлықтай толықтырып үлгереді, сонымен қатар жобамен тығыз жұмыс істеу кезінде зерделенген сөздер қарапайым оқып жаттағанға қарағанда жақсы меңгеріледі.

• Нәтижеге бағдарлану. Көптеген түлектерге жұмыс процесіне бейімделу қиын, өйткені онда жұмыстарды орындау мерзімі қатаң есепке алынады. Оқушылар күйзеліске, толқуға ұшырап, асыққаннан жұмыс сапасы зардап шегеді, ал жұмыс мерзімінде орындалмай қалуы мүмкін. PBL әдісі бойынша жұмыс уақытпен қатаң шектеледі, ал жұмысты бағалау кезінде командалық орындау есепке алынады. Сондықтан жобамен жұмыс кезінде оқушылар қатаң дедлайндарға үйреніп, жұмыс сәттерін еңсеріп, орындалатын жұмыстың сапасына нұқсан келтірмей, нәтижеге шоғырлануға үйренеді.

• Міндеттерді бөле білу, тапсырмаларды беру (делегирлеу) және сенім білдіру, көшбасшылық қасиеттер. Жобаны орындау кезінде оқушыларға команда мүшелері арасында міндеттерді дұрыс бөлу қажет, өйткені олардың әрқайсысында әр түрлі күшті және әлсіз жақтары, түрлі интеллект, мотивация және темпераменттері бар. Біреулерге сандарға немесе ұсақ-түйек бөлшектерге мән берілетін жұмысты сеніп тапсырған жақсы болады, біреулері монотонды жұмыспен айналыса алмайтын шығармашылық тұлға, кейбіреулері бір мезгілде бірнеше міндеттерді орындай алады, бірақ бір мәселеге шоғырлану кезінде қиындықтарға тап болады. Команда мүшелері рөлдерді өзара бөлуге, бір-біріне сенім білдіруге үйренеді. Сондай-ақ олар кімнің көшбасшы рөлін атқара алатынын түсінеді және көшбасшылық қасиеттерге ие болуды үйренеді.

• Жауапкершілік. Әр команда мүшесінің өз жауапкершілік аймағы болғандықтан, өз міндеттерін орындамау команданың барлық жұмысына теріс әсер етуі мүмкін. Жұмыстың бағасы командалық болғандықтан, жұмыстың өз бөлігін жақсы жасау әр адамның мүддесі.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, PBL әдістемесін енгізгеннен кейін оқушылардың оқу процесіне қатысуы ұлғайып, сабаққа қатысуы артады. Мұғалім оқушыларға тек қана көмектеседі, тәлім мен кері байланыс береді, бұл ретте оқушылардың шешім қабылдау процесіне араласпау, олардың өздері қандай шешім дұрыс болатынын анықтауға ынталандырады, яғни білім беру процесіне жауапкершілік оқушылардың өзіне жүктеледі.

PBL әдісі қандай да бір қосымша құралдарды немесе техникалық жабдықтарды талап етпейді. Бірақ мұғалімнен ынта-ықыласты, шығармашылық көзқарасты, стандартты емес ойлауды және оқушыларға қатысты кеңесші-тәлімгер позициясын алуды талап етеді.

Нәтижесінде оқушылар нақты міндеттерді, өмір мен бизнестен алынған кейстерді шешуді үйренеді. PBL оқушыларға олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді және оқушыларға өзінің шынайы жобаларымен командада нақты жұмыс жасау туралы түсінік береді.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу пәнінің ерекшеліктері:

- пәнді Қазақстанның кәсіпкерлігі тәжірибесі мен ерекшеліктерінің, даму тарихы мен қалыптасуының негіздеріне сүйене отырып, оқу пәнін құру;

- өмірлік саналы ұстанымдарды және өз әрекеті бойынша жасаған таңдауына жауапкершілікпен қарау ұстанымын қалыптастыру үшін коучингтік тәсілдемелерді қолдану;

- Қазақстандық және әлемдік нарық жағдайларындағы кадрлық үрдістер тұрғысынан талап етілетін ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыру.

Оқыту міндеттері:

· оқушылардың кәсіпкерлік пен бизнестің теориялық негіздерін

қалыптастыру;

· оқушылардың жеке қаржылық сауаттылықтың тәжірибелік

дағдыларын меңгеруі;

· оқушыларда өз жетістіктері мен өмірлік ұстанымдарына қатысты

жауапкершілік сезімін қалыптастыру;

· оқушыларда кәсіпкерлік ойлауды және өз әлеуетін жүзеге асыру

мүмкіндіктерін көре білу біліктілігін қалыптастыру;

· бизнес-идеяларды ойлап табу дағдыларын қалыптастыру және

оларды кәсіпкерлік әрекет деңгейіне дейін дамыту;

· бизнес-модельдеу дағдыларын дамыту және бизнестің

өміршеңдігін арттыру мақсатында бәсекелестіктің құбылмалы жағдайларына бейімделе білу;

· зерттеу дағдыларын қалыптастыру және заманауи ақпараттық

технологияларды қолдану.

Оқу пәнінің мазмұнындағы 10-сыныптың 4 бөлімі тоқсанға сәйкес бөлінген.

«Экономикалық құбылыс ретіндегі кәсіпкерлік» атты 1-бөлім білім алушыларды «Кәсіпкерлік және бизнес» пәнімен, қажетті терминологиямен таныстырады, экономика және тұлға құзыреттілігі призмасы арқылы кәсіпкерлік мәнін қарастырады, кәсіпкерлікті бизнес терминінен ажыратуды үйретеді.

«Замануи жағдайлардағы кәсіпкерлік» атты 2-бөлім білім алушыларды кәсіпкерліктің әр түрлі формаларымен таныстырып, заманауи кәсіпкерлікте қандай инновациялар мен трендтер бар екенін және өз ісін ашу үшін қандай қадамдар жасау керектігін біледі, стартап ұғымдарымен, бизнес-модельдерімен және стартап идеологиясымен танысады. Бұл бөлімде білім алушылар бәсекелестіктің не екенін және бәсекелестік стратегияларының түрлерін, баға қалыптастыру құрылымын сипаттауды, баға саясатының мәнін түсінуді және баға стратегияларын ажыратуды үйренеді.

«Әрекеттегі маркетинг» атты 3-бөлім FMCG секторының нақты жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілері негізінде тауарларды жылжыту маркетингін зерделеуді қарастырады. Оқушылардың біріккен топтары нақты өндірушіні және оның ұсынатын өнімдері ішінен біреуін таңдайды. Алынған білім мен дағдыларды қолдана отырып, оқушылар жаңа тауарларды игеру немесе көлемін арттыру мақсатында өнімді баламалы жылжыту бойынша креативті идеяларды қалыптастырады.

«Ойлау дизайны» атты 4-бөлім бизнес-шешімдерді іздеуге клиентке бағытталған дизайн-ойлау сияқты тәсілдің ерекшеліктерін қарастырады. Тоқсанның басында мұғалім ұсынған тізімнен бизнес-мәселені таңдап, оқушы дизайн-ойлау әдіснамасын: эмпатияны, талдау мен синтезді, идеяларды ойлап табуды, прототип жасау мен тестілеуді қолдана отырып бүкіл тоқсан бойы жұмыс жасайды. Оқушылар өндірушілермен өзара іс-әрекет жасауда және жобалау жұмыстарын орындауда нақты тәжірибе алады. Өндіруші үшін бұл тиімді, себебі көктемнің үш айында компаниясы туралы ақпараттың жариялануы және өнімдерінің бүкіл Қазақстан бойынша тегін жарнамалануына мүмкіндік алады. Ал мемлекет экономикасы үшін – бұл отандық өндірушіні қолдау.

Жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбына арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу пәні басқа бағыттарға басымдықтар бере отырып, оқыту процесіне арналған әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Академиялық білімнің орнына практикалық дағдыларды алуға үлкен назар аударылады, бұл оқушылармен өзара іс-әрекеттің белсенді түрлерінің басым екенін көрсетеді. Оқыту процесінің өзі Life-long learning (өмір бойы үздіксіз оқыту) тұжырымдамасына жауап беретін тұрақты және тиімді мінез-құлық үлгісін қалыптастыра алатын табиғи және үздіксіз құбылыс болып табылады.

Оқу пәнінің 11-сыныптағы білім мазмұны 4 бөлімді құрайды:

«Стартап акселератор-1» және «Стартап акселератор-2» атты алғашқы екі бөлімі бизнес-моделдеумен таныстырады, сондай-ақ стартап жобаның құрылуы кезінде қажетті болатын әлеуметтік дағдыларды қалыптастырады. Білім алушы белгілі бір білімдерге ие бола отырып, өз бизнес-идеясын қалыптастырады және оны бизнес-акселератор принципі бойынша нақты бизнеске айналдыру үшін қажетті құралдарды меңгереді.

«Кәсіпкердің өзін-өзі жетілдіруі» атты 3-бөлімі оқушыларда қаржылық сауаттылық негіздерін қалыптастыратын әлеуметтік дағдыларды дамытуды жалғастырып, отбасының жеке қаржылық жоспарын тиімді үйлестіре білу жолдарын үйретеді, банк жүйесімен және халықаралық нарықпен таныстырады. Бөлімнің негізгі ерекшелігі — оқушылар демо-шотты пайдалана отырып, Қазақстанның қор биржасының (KASE) нақты мәліметтері негізінде ойын платформасы арқылы инвестициялау дағдыларын меңгереді. Сол арқылы талдай білу қабілеті артып, оқиғалардың мәнін, олардың экономикалық көрсеткіштерге ықпалын түсінеді.

«Даму стратегиясы» атты 4-бөлімі білім алушылардың назарын нарықтың даму болжамдарына аударады. Мақсат қою дағдыларын, бизнестің ауқымымен, халықаралық бизнеспен, жеке стратегиямен танысуды үйретеді. Қазақстан өнімінің халықаралық нарықтарға шығу стратегиясының жеке пайымын қалыптастырады. Бұл бөлім тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекет және қоғамдық ұйымдар жүзеге асыратын шаралар кешенімен таныстырады.

10-11-сыныпта «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты құрайды.

Тоқсандағы бөлімдер бойынша және бөлімдер ішінде сағаттарды бөлуді мұғалімнің қалауына қарай өзгертуге болады.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді. Формативті бағалау пәнді оқу барысында білім алушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу және оқу үдерісінде оларға қолдау көрсету мақсатында жүргізіледі. Тоқсан мен оқу жылының соңында «есептелді» («есептелген жоқ») қойылады.

10-11 сыныптарда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу пәні бойынша сынақ қою талаптары «Дене шынықтыру», «Музыка», «Көркем еңбек», «Өзін-өзі тану», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау» оқу пәндері бойынша сынақ қою талаптары әдістемелік ұсынымдарында келтірілген. Әдістемелік ұсыныстар www.nao.kz сайтта қолжетімді.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 12; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 18.118.166.80 (0.025 с.)