Солитерлер немесе цепеньдер отряды - Cyclophyllidea 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Солитерлер немесе цепеньдер отряды - Cyclophyllidea



 

Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколекс) төрт сорғыштары мен кутикулярлы ілмектері бар; денесі көп буынды; жатыны тұйықталған; дамуы түпкі (негізгі) иесінен аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - цистицерк, цистицеркоид, ценур, эхинококк, альвеококк.

Солитерлер отрядына көптеген тұқымдастары жатады, солардың ішінде адам мен жануарларға күшті зиян келтіретін үш тұқымдастың өкілдері: Taeniidae тұқымдасынан Taeniarhynchus saginatus - өгіз солитері, Taenia solium - шошқа солитері, Echinococcus granulosus - эхинококк, Alveococcus multilocularis - альвеококк, Multiceps multiceps - қой мишығы; Anoplocephalidae тұқымдасынан - Moniezia expansa -мониезия; Hymenolepididae тұқымдасынан - Hymenolepis nana - қортық солитері.

66-сурет. Өгіз солитерінің финнасы: A - сиыр етінің арасындағы финна; Б - финна -цистицерк; 1 - сколекс, 2 - мойын, 3 - сұйықтыққа толы көпіршік

67-сурет. Цестодтардың личинкалары: А - цистицерк; Б - ценур; В - эхинококк; Г - цистицеркоид

 

Өгіз солитері (Taeniarhynchus saginatus) немесе қарусыз цепені. Басында тек төрт сорғышы болады, ілмешектерінің және тістерінің жоқтығынан қарусыз деп аталады. Денесі 1000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 18-20 м-ге дейін. Жыныс мүшесі 200-ші буыннан (проглоттидтен) бастап дамиды.

Пісіп жетілген буындарының ұзындығы 16-30 мм, ені 5-7 мм, тұйықталған жатын тармақтарының саны 17-35-ке жетеді.

Өгіз солитерінің даму циклі жоғарыда көрсетілген. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал личинкасы аралық иесі сиырдың немесе өгіздің ішкі мүшелерінде дамиды. Личинкалары цистицерк типті. Жұқтыратын ауруы тениаринхоз деп аталады.

Шошқа солитері (Taenia solium) немесе қарулы цепені. Сыртқы дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклы жағынан өгіз солитеріне ұқсас. Басында төрт сорғышынан басқа қосымша көптеген ілгектері болады, осы белгісіне қарай оларды қарулы деп те атайды. Денесі 900-дей буыннан тұрады, ұзындығы 2-3 м, кейде 6-8 м-ге дейін жетеді. Аналық безі өгіз солитерініңкідей екі бөлімнен емес, үш бөлімнен тұрады. Тұйық бітетін жатын тармақтарының саны 7-12. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал цистицерк личинкалары аралық иесі шошқаның ішкі мүшелерінде дамиды. Кейде аралық иесі адам да бола алады. Шошқа солитерімен ауру адам құсқан кезінде жұмыртқалары қайтадан жұтылып ішектің ішіне түседі де, онкосфералары қан жолы арқылы ішкі мүшелерге өтіп (бұлшықеттеріне, бауырына, өкпесіне, жүрегіне, миына, көзіне), орналасып қалады. Бұдан пайда болатын цистицеркоз ауруы адам өмірі үшін өте қауіпті. Ересек түрінің жұқтыратын ауруын тениидоз деп атайды.

Эхинококк (Echinococcus granulosus). Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Басында төрт сорғышы және ұзарған тұмсығында ілмешектері дамыған. Алдыңғы буындары гермафродитті, ал соңғы жетілген буыны ұрықтанған жұмыртқаға толы болып келеді (68-сурет). Ересек түрлері иттердің, қасқырлардың ішегінде тіршілік етеді, ал эхинококк типті личинкалары аралық иесі: үй қояндары, тышқандар, мысық, қой, ешкі, ірі қараның, шошқаның ішкі мүшелерінде, әсіресе бауырында, өкпесінде мекендейді. Адам да аралық иесі бола алады. Өте қауіпті кеселге ұшыратады.

Эхинококктың жұмыртқалары итгің қиымен араласып сыртқа тарайды, көп жағдайда олардың жүніне жабысып тұрады. Адам итті қолымен сипап, қолын жумай тамақ ішсе, жұмыртқалары аспен бірге ішке кетеді. Ішекке түскен жұмыртқалардан алты ілмекті онкосфералар дамып, олар қан арқылы ішкі мүшелерге жетіп мекендейді (бауырға, өкпеге, жүрекке, миға). Осы мүшелерде эхинококк көпіршігі үлкен көлемде өсіп, мүшелерді ісіндіріп қатты зақымдайды. Эхинококк көпіршігін тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококк көпіршігі өте жай өседі. Бір айдан кейін оның диаметрі 1 мм-ге жетеді, 5 айдан кейін - 1 см. Көпіршік жылдар бойы өседі (20-30 жыл). Адамға эхинококкоз ауруы өте қауіпті.

Альвеококктың (Alveococcus multilocularis) дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклі эхинококқа өте ұқсас. Түпкі иесі түлкі, сонымен қатар ит, қасқыр, басқа да жыртқыштар. Аралық иесі - кемірушілер. Адам да аралық иесі бола алады. Альвеококк көпіршігі бір шоқ болып орналасады және көпіршіктер жайылып өсуі нәтижесінде бір мүше емес, басқа да мүшелер зақымдалады. Көпіршіктерді тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококка қарағанда, альвекокктар өте қауіпті құрттар.

68-сурет. Эхинококк (Echinococcus granulosus): A - ересек формасы; Б - эхинококк личинкасы; 1 - сколекс, 2 - пісіп жетілмеген буын, 3 - гермафродитті буын, 4 - пісіп жетілген буын, 5 - көпіршіктің кутикула қабығы, 6 - герминативті қабығы, 7-11 - ішкі жас көпіршіктерінің жетілу сатылары, 12-15 - сыртқы көпіршіктерінің жетілу сатылары

 

Қой мишығы (Multiceps multiceps). Денесі 200-250 буындарынан тұрады, ұзындығы 40-80 см. Басында төрт сорғышы және екі қатарлы орналасқан ілмешектері болады. Пісіп жетілген буындарындағы жатын тармақтарының саны 9-26. Личинкалары ценур типті. Ересек түрлері негізгі иесінің - иттің, қасқырдың, түлкінің ішегінде тіршілік етеді, ал ценур деп аталатын личинкалары аралық иесінің - қойдың, ешкінің, тағы басқа жұп тұяқтылардың миында дамиды. Адам да аралық иесі бола алады.

Шөп арқылы қойдың ішегіне түскен жұмыртқалардан онкосфера ұрығы дамып, олар қан тамырлары арқылы миға жетіп ценур личинкасына айналады. Көпіршікті сатысында көлемі жаңғақтай болады. Олар қойды айналма ауруына ұшыратады. Қой жүре алмай, орнында айнала береді. Бұл ауру жануарларды өлімге соқтырады.

Anoplocephalidae тұқымдасына жататын мониезия - (Moniezia expansa) солитері ересек түрінде қойлардың, ешкілердің, ірі қара малдың ішегінде паразиттік тіршілік етеді, ал цистицеркоид деп аталатын личинкалары аралық иесінде, топырақта тіршілік ететін ұсақ кенелер - орибатидалардың (Oribatoidea) денесінде дамиды (69-сурет). Шөппен бірге орибатидалар малдың ішегіне түсіп, цистицеркоид личинкалары құйрық тәрізді өсіндісін тастап ересек түріне айналады. Құрттың ұзындығы 1-5 м-ге дейін жетеді. Басында тек төрт сорғышы болады. Жатыны қапшық тәрізді. Мониезиоз іш ауруын туғызады.

Hymenolepididae тұқымдасына жататын қортық (ергежейлі) солитері (Hymenolepis nanaның) денесі 100-200-дей ұсақ буыннан тұрады, ұзындығы 1,0-4,5 см. Басқа солитерлерден айырмашылығы даму циклі бір ғана иесінің ішінде өтеді - адамның ортаңғы ішегінде. Ұрықтанған жұмыртқалардан онкосфералар дамып, олар ащы ішектің өте ұсақ өсінділеріне - бүрлеріне еніп цистицеркоид личинкасына айналады. Кейін олар ішек арасына түсіп, сорғыштары арқылы ішекке бекініп, ересек түрі жұмыртқаларын бөліп шығарады. Жұмыртқалардың біразы адамның нәжісімен бірге сыртқа тарайды, ал қалғандарынан онкосфералар дамып, даму циклі қайталанады (70-сурет). Сонымен, адам құрттың негізгі және аралық иесі болып келеді. Хименолепис ауруымен көбінесе балалар ауырады. Адамның ішегіне солитердің жұмыртқалары жуылмаған жеміс, көкөніс, су арқылы өтеді.

69-сурет. Moniezia expansa-ның даму циклі: 1 - жұмыртқалар, 2, 3 - аралық иесі кене (Oribatoidea), ішкі қуысындағы цистицеркоидтар, 4 - негізгі иесі

 

Таспа құрттар отряды - Pseudophyllidea

 

Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколексте) сорып қадалатын екі саңылауы - ботриясы немесе ерекше ұзын қысқыш ойығы - ботридиясы немесе тіркелгіш шұңқыры болады; денесі көп бунақты; жатыны тұйық болмай, жұмыртқаны сыртқа шығаратын тесігі болады; дамуы түпкі (негізгі) иесінен екі аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - процеркоид, плероцеркоид.

70-сурет. Hymenolepis nana-ның даму циклі: А - жалпы көрінісі; 1 - сколекс, 2 - мойын, 3 - стробила, 4 - пісіп жетілмеген буын, 5 - гермафродитті буын; Б - даму циклі (адамның ішегінде); 1 - стробила, 2 - жұмыртқалар, 3 - онкосфера, 4 - цистицеркоид, 5 - цистицеркоид ішек арасында, 6 - цистицеркоидтың ішекке жабысуы, 7 - стробиланың түзілуі

 

Негізгі тұқымдастары: Diphyllobothriidae, өкілі Diphyllobothrium latum - жалпақ таспа құрт; Ligulidae, өкілі Ligula intestinalis - лигула немесе белдік құрт.

Жалпақ таспа құрт (Diphyllobothrium latum). Басында екі саңылауы - ботриясы болады, денесі 3000-4000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 9-10 м. Пісіп жетілген буындарының ені 1,5 см, жатыны жапырақ тәрізді.

Жалпақ таспа құрттың дамуы иесін алмастыру жолымен өтеді. Ересек түрі адамның, иттің, мысықтың, түлкінің ащы ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған жұмыртқалары иесінің ішегінен нәжіспен араласып сыртқа шығарылады. Әрі қарай даму үшін жұмыртқалар суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі кірпікшелермен қапталған алты ілмекті ұрық корацидий шығып, суда еркін жүзіп жүреді де, өзінің ары қарай дамуы үшін ол бірінші аралық иесінің денесіне түсуі керек (71-сурет). Аралық иесі шаянтәрізділер (Cyclops,

71-сурет. Таспа құрттың (Diphyllobothrium latum) даму циклі: 1 - жұмыртқа, 2 - корацидияның жұмыртқадан шығуы, 3 - корацидий, 4 - бірінші аралық иесі - циклоп (қуысында личинка продеркоид), 5 - екінші аралық, иесі - балық (ішкі мүшесінде личинка плероцеркоид), 6 - негізгі иесі - адам

 

Diaptomus туыстастарынан). Циклопка жұтылып, ішегіне түскен кораци­дий кірпікшелерін тастап, ішектің қабырғасын тесіп, циклоптың дене қуысына түседі және осында процеркоид деп аталатын құрттәрізді личинкасына ауысады. Процеркоидтың ұзындығы 0,5 мм, денесінің, соңында алты ілмешекті тасымалдайтын қосымша мүшесі болады, ол моногенея личинкаларының церкомер бөліміне ұқсас. Процеркоид үш апта уақытта дамып, келесі сатысына өту үшін екінші аралық иесіне - балықтың денесіне түсуі керек. Егерде балықтар (шортан, нәлім, алабұға, таутан, албырт) ішінде процеркоиды бар циклоптарды жұтса, онда процеркоид балықтың ішегін тесіп балықтың бұлшыкеттеріне, жыныс бездеріне, басқа да мүшелеріне өтіп, осы мүшелерінде церкомер бөлігін тастап, келесі плероцеркоид личинкасына айналады. Плероцеркоидтың ұзындығы 1-1,5 см, алдыңғы бөлігінде екі сорғыш саңылауы жақсы дамыған. Плероцеркоид ересек формасына өту үшін енді негізгі (түпкілі) иесі - адамның, иттің, мысықтың ішегіне түсуі қажет. Толық қуырылмаған немесе пісірілмеген балықтың етімен бірге ішекке түскен плероцеркоид, басын шығарып, сорғыш саңылаулары арқылы ішекке жабысып, мойыны жаңа буындарды түзіп, ересек формасына айналады.

Жалпақ таспа құртпен ауыруы - дифиллоботриоз деп аталады. Адам үшін бұл өте қауіпті ауру.

Ligulidae туқымдасына жататын лигула немесе белдік курт (LJgula intestinalis) кұстардың және балыктардың паразиті болып келеді. Денесі сыртынан бунақталмаған, бірак ішкі мүшелері, жыныс жүйесі метамерлы қайталанып орналасқан, ұзындығы 1 м-ге дейін жетеді. Басында екі саңылауы - ботриясы болады.

Лигуланың даму циклі дифиллоботриумнің дамуына ұқсас. Лигуланың ересек түрі су құстарының (шағала, қасқалдақ, құтан) ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған жұмыртқалар иесінің ішегінен нәжіспен араласып суға түседі. Жүмыртқадан денесі кірпікшелермен қапталған алты ілмекті ұрық корацидий шығып, әрі қарай дамуы үшін аралық иесінің - циклоптың не­месе диаптомус шаянның денесіне түсуі керек. Циклопқа жұтылып ішегіне түскен корацидий, кірпікшелерін тастап, ішектің қабырғасын тесіп, дене қуысына түседі де, процеркоид личинкасына айналады. Балықтар (тұқы тәрізділер) процеркоиды бар циклоптарды жұтқан кезде олардың ішегінде процеркоидтар босап, ішегін тесіп балықтың ішкі қуысына түсіп плероцер­коид личинкасына айналады. Плероцеркоидтың ұзындығы 60-80 см-ге дейін жетеді. Балықтар лигулез ауруымен ауырады. Қүстар плероцеркоиды бар балықтарды жұтқанда өзіне жұқтырады. Олардың ішегінде плероцеркоид ересек құртқа айналып, зақымдай бастайды.



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 482; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 18.223.28.70 (0.018 с.)