Кинетопластидалар отряды - Kinetoplastida 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Кинетопластидалар отряды - Kinetoplastida



 

Бұл отрядтың ерекшелігі - талшықтың түбінде, яғни кинетосоманың жанында кинетопласт деп аталатын арнайы органоидтың болуында. Кинетопласт ұсақ денелік, митохондрияға ұқсас, іші ДНК-ға толы. Бір немесе екі талшығы болады. Өз еркінше қозғалатын Bodo туысының өкілдері тұщы суларда көп кездеседі. Басым көпшілігі жануарларда және адамдарда паразиттік тіршілік етіп (Costia, Trypanosoma, Leischmania туыстарының өкілдері) қауіпті ауруларды туғызады.

Трипаносома (Trypanosoma) туысының өкілдері 20-70 мкм-ді сопақша, ұшы сүйірленіп келген талшықтылар (8,Г-сурет). Талшығы ұзын, артқы жағынан басталып денесінің алдыңғы жағына келіп бос бітеді. Талшық пен клетка мембранасының арасында толқын тәрізді жұқа жарғақ мембрана түзіледі, сол арқылы жылжиды. Трипаносомалар омыртқалы жануарлар мен адамның қан клеткалары мен тканьдерінде паразиттік тіршілік етеді. Trypanosoma rhodesiense адамда болатын "ұйқы ауруын" қоздырушы. Бұл ауру Африкада көп тараған. Трипаносоманы ауру адамнан сау адамға тасушы це-це шыбыны (Glossina palpalis және Gl. morsitans) (9-сурет). Tr. rhodesiense ак бөкендердің қан клеткаларында кездеседі, бірақ оларға оншалық зақым келтірмейді. Сөйтіп бөкендер аурудың табиғи резервуары бо­лады, олардан це-це шыбыны трипаносомаларды адамға жұқтырады.

Tr. evansi, Tr. brucei ipi қара мал мен түйені өлімге әкеп соғатын "су ауру" деген ауруға шалдықтырады. Ауруды жұқтыратын - соналар және Glossina туысындағы шыбындар. Tr. equiperdum жылқыларда болатын "шағылыс ауруын" қоздырушы. Ауру бір жылқыдан екінші жылқыға шағылысу кезінде таралады. Трипаносома жылқының орталық нерв жүйесін зақымдайды, жылқы арықтайды және терісі қатпарланып кетеді.

Лейшмания (Leischmania) туысының өкілдері ұсақ, көлемі 2-4 мкм, адамның клеткаларының ішінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты олардың талшықтары жойылған, ал қолдан жасаған қоректік ортада және лейшманияларды тасымалдаушы насекомдардың ішегінде олар өздерінің ұзын талшықтарын қайтадан шығарады (10-сурет). Лейшмания ауруларын жұқтырушы - флеботомус (Phlebotomus) туысына жататын ұсақ насекомдар - москиттер болады (10,Г-сурет). Лейшманиоз аурулары Кавказда және Орта Азияда көп тараған. Адамды осы ауруға шалдықтыратын негізгі өкілдері: Leischmania tropica және L. donovani (10,А,Б-сурет). L. tropica (10,В-сурет) адамның тері ауруын немесе пендинканы туғызады. Бұл ауруға шалдыққан адамның терісінде терең ойық жаралар пайда болады, олар баяу жазылып, орнында кетпейтін тыртық қалдырады.

Leischmania donovani адамның ішкі лейшманиоз немесе висцеральдық лейшманиоз деген ауруын қоздырушы. Бұл ауруға ұшыраған адамның бауыры мен талағы ісінеді және теріге қан құйылады. Лейшманиоз ауруларымен иттер және құмды шөлейттердегі әр түрлі кемірушілер ауырады. Олардың да ауруларын тасымалдаушы - москиттер.

9-сурет. Ұйқы ауруымен ауырған адам (төменде), ауруды тасымалдаушы це-це шыбыны Clossina palpalis (жоғарыда)

 

Көпталшықтылар отряды - Polymastigina

 

Өкілдерінің 4-6, одан да көп талшықтары, кейде толқын тәрізді жарғақ мембранасы және бүкіл денесін бойлап өтетін тығыз тірек таяқша - аксостильдері бола­ды. Ядроның қасында ірілі - ұсақ түйіршіктерден құралған парабазальды денешіктер орналасқан. Көпталшықтылардың бәрі де паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Адамда трихомонас (Trichomonas) және лямблия (Lamblia) туысының өкілдері кездеседі.

Trichomonas chominis адамның тоқ ішегінде, Tr. vaginalis жыныс жолдарында тіршілік ететін сопақша келген кішкене 5-15 мкм-ді талшықтылар. Денесінің алдыңғы жағында төрт талшығы болады, олардың үшеуі бос күйінде алға қарап шығып тұрады, ал төртінші талшығы артқа қарай бағытталып толқын тәрізді жарғақтың шетіне бекініп, толқынды (ундуляция) мембранасын түзейді. Тг. hominis адамға зақым келтірмейді, ал Tr. vaqinalis адамда болатын трихономонас ауруын қоздырушы. Жыныс мүшелерін зақымдайды.

Lamblia intestinalis адамның ащы, он екі елі ішегінде және өт жолдарында тіршілік етеді. Денесі екі жақты симметриялы, екі ядросы, 8 талшығы және парабазальды түйіршіктері болады. Денесінің қақ ортасынан аксостильге ұқсас фибриллярлы екі жұқа тірек таяқшасы өтеді. Ішек эпителиіне жабысатын сорғышы болады. Лямблия ішек ауруын туғызады, кейбір жағдайларда өт жолына, бауырға өтеді. Ауру циста арқылы жұғады.

10-сурет. Leischmania tropica: A - клетка ішіндегі паразиттер; 1 - лейшманиялар, 2 - клетканың ядросы; Б - лейшманиялар қолдан жасаған қоректік ортада; 1 - талшық, 2 - ядро; В - пендинка ауруы; 1 - жаралар; Г - Phlebotomus papatasii - москит (ауруды тасымалдаушы)

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 281; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 18.191.135.224 (0.006 с.)