Кокцидиялар отряды - Coccidiida 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Кокцидиялар отряды - Coccidiida



 

Кокцидиялар қоянның, ірі қара малдың, үй жануарлары мен жабайы құстардың, насекомдардың ішек эпителий клеткаларында паразитті тіршілік етеді. Кокцидиоз ауруына адамдар да шалдығады. Кокцидиялардың денесі сопақша келген, алдыңғы жағы үшкір, артқы жағы доғал пішінді болады, бұларды зоит деп атайды (спорозоит, мерозоит). Зоиттың сырты үш мембраналы қабық - пелликуламен қапталынған. Оның астында түтікшелі фибриддер болады, олар субпелликулярлы микротүтікшелер деп аталады. Пелликуламен бірге олар зоиттын қаңқасын құрайды.

Зоиттың денесінің алдыңғы жағында екі айрықша органоидтар орналасқан. Олар спираль тәрізді фибрилді - коноид және қапшық тәрізді іші сілекей затқа толған саны 2-ден 14-ке дейін - роптриялар. Осылар арқылы паразит иесінің клеткаларының ішіне кіреді. Роптриядан шыққан сұйық зат иесінің эпителий клетка мембранасын ерітеді де, ал коноид арқылы зоит бұранда арқылы клетканың ішіне кіреді. Кокцидияларда, клеткаларға ортақ бірқатар органоидтар болады - митохондриялар, Гольджи аппараты, эндоплазмалық торы, т. б. (13-сурет).

Кокцидиялардың даму сатысы өте күрделі. Мысал ретінде қояндардың пара­зиті - эймерия (Eimeria) туысының даму сатысын қарастырайық. Эймерия кезектесіп тұратын шизогония, гаметогония және спорогония жолдарымен дамиды (14-сурет). Ооцисталар су және шөп арқылы қоянның ішегіне түсіп, ооцистаның қабырғасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінен 8 спорозоит шығады. Спорозоиттар ары қарай даму үшін ішектің эпителий клеткасына ену керек. Коноид және роптриялар арқылы спорозоит клеткаға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлінеді. Сол ядролардың бөлінуін шизогония дейді. Бұл жыныссыз көбею кезеңі. Шизого­ния нәтижесінде пайда болған әрбір ядроның төңірегінде цитоплазма жиналып, олар ұсақ мерозоиттарға айналады. Мерозоиттар эпителий клетканы әбден зақымдап болғаннан кейін ішек қуысына шығады да, қайтадан жаңа клеткаларға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы көпке бөлініп шизогония арқылы тағы да мерозойттар пайда болады. Шизогония бірнеше рет қайталанып, паразиттердің саны көбейеді.

Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозойттар гамонттарға айналады, бұлардан гаметалар пайда болады. Макрогамонттар бөлінбей өсіп макрогаметаларға айналады, ал микрогамонттардын. ядросы көпке бөлініп, цитоплазмамен қапталынып, екі талшығы бар майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар жылжып макрогаметалармен қосылады. Копуляция нәтижесінде пайда болған зигота сыртынан тығыз қабықпен қапталып ооцистаға айналады. Ооцисталар қоянның нәжістерімен бірге сыртқа шығарылады. Сыртқы ортада ооцистаның ішінде спорогония кезеңі өтеді. Ооцистаның ішіндегі ядро екі рет бөлініп, төрт ядро пайда болады. Оларды цитоплазма қоршап, төрт споробласт деп аталатын клетка түзіледі. Әрбір споробласт арнайы қабықпен қапталынып, спораға айналады.

Әрбір спораның ядросы екіге бөлініп - екі спорозоит түзіледі. Сөйтіп ооцистаның ішінде төрт спора пайда болып, олардан сегіз спорозоиттар түзіледі. Осындай ооцисталар сау қоянның ішегіне түскенде, оның қалың

13-сурет. Спорозоиттің кұрылысы: I - ко­ноид, 2 - роптрия, 3 - микронема, 4 - түтікше, 5 - микропора, 6 - ядро, 7 - эндоплазмалық тор, 8 - митохондрия

 

қабықшасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішіндегі 8 спорозоиттар шығады да, иесінің ішек клеткаларында даму циклын бастайды.

Эймерия (Eimeria) туыстарының толып жатқан түрлері адамды, жануарларды кокцидиоз деген ауруға шалдықтырады. Солардың ішінде Е. magna, Е. intestinalis қояндардың кокцидиозын қоздырушылар, Е. tenella тауық, үйректердің, Е. zurni, E. smithi ірі қара малдардың, Е. faurei, E. arloingi қой мен ешкілердің, E. carpelli балықтардың кокцидиозын қоздырушылар. Адамда да кокцидиялар кездеседі. Олар Isospora belli және I. hominis. Кокцидиоз - ішек ауруына душар етеді.

14-сурет. Кокцидияның (Eimeria) даму циклі: I шизогонияның 1-ші ұрпағы; II шизогонияның 2-ші ұрпағы; III шизогонияның 3-ші ұрпағы; IV гаметогония; V спорогония; 1 - спорозоит, 2 - жас шизонт, 3 - көп ядролы өсіп келе жатқан шизонт, 4 - мерозоиттар, 5 - макрогаметалардьгң дамуы, 6 - микрогаметалардың дамуы, 7 - зигота, 8 - спорогонияға кірісіп жатқан ооциста, 9-4 споробласты ооциста, 10 - споралардың түзілуі, 11-8 спорозоиттар түзілген ооциста

 

Қан споралылар отряды - Haemosporidia

 

Кең тараған паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар. Адамның, омыртқалы жануарлардың қан клеткаларында тіршілік етеді. Бұлардың кокцидиядан айырмашылығы спорогония кезеңі сыртқы ортада емес, қан сорғыш насекомдардың яғни Anopheles туыстас масалардың ішегінде өтеді және масалар осы паразиттерді тасымалдаушылар болып табылады.

Адамда Plasmodium туысының төрт түрі паразиттік тіршілік етеді: PI. vivax, PI. malariae, PI. falciparum, PI. ovale. Бұлардың дамуы бір-біріне өте ұқсас. PI. vivax-тың даму сатысын қарастырайық (15-сурет). Безгек масасы (Anopheles туысынан) адамды шаққанда сілекеймен бірге адам қанына спорозоиттар түседі. Спорозоиттар өте майда 5-8 мкм, құрт тәрізді немесе орақ тәрізді. Олардың құрылысы кокцидиялардың зоит құрылысына өте ұқсас, тек коноиды болмайды. Қанға түскен

 

15-сурет. Безгек плазмодиясының (Plasmodium) даму циклі: 1 - спорозоиттар, 2-4 - бауыр клеткаларындағы өтіп жатқан шизогония кезеңі (2 - жас шизонт, 3 - көп ядролы өсіп келе жатқан шизонт, 4 - мерозоиттар), 5-9 - эритроцитте өтіп жатқан шизогония, 10 - мерозоиттар, 11-12 - макрогамонттар, 11а-12а - микрогамонттар, 13 - макрога­мета, 14-микрогамонт, 15 - микрогаметалардың түзілуі, 16 - копуляция, 17 - зигота, 18 - жылжымалы зигота (оокинета), 19 - оокинетаның масаның ішегінің қабырғасына енуі, 20 - оокинетаның ооцистаға айналуы, 21-22-23 - өсіп келе жатқан ооциста, 24 - спорозоиттар, 25 - масаның сілекей безіндегі спорозоиттар

 

спорозоиттар қан тамырлары арқылы бауырға жиналады. Осы жерде шизогония көбеюі кезеңі басталады. Әрбір споразоит бауыр клеткасына еніп, жұмырланып шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, бұлардан мерозоиттар пайда болады. Осыдан кейін шизогония екі жерде жүреді: мерозоиттардың бір тобы қайтадан бауыр клеткаларына еніп, жұмырланып шизонтқа айналып, олардың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, көптеген мерозоиттар пайда болады, ал мерозоиттардың екінші тобы бауырдан қанға шығып эритроциттерге енеді, сол жерде жұмырланып шизонтқа айналады. 2-3 сағаттан кейін шизонтта вакуоль пайда болады, сол вакуоль әсерінен шизонттың денесі сақина тәрізді болып тұрады. Кейін вакуоль жойылып, шизонт өсіп, амеба тәрізді болады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп 10-20 мерозоиттар пайда болады. Бұлар эритроцитті зақымдап қанға шығады да, жаңа эритроциттерге енеді, содан шизогония кезеңі қайтадан басталады және бұл процесс бірнеше рет қайталанады. Сөйтіп шизогония бауыр клеткасында және эритроциттерде өтеді. Шизогония кезінде адам қанындағы паразиттің саны артады, ал эритроциттердің саны азаяды. Сау адамның Імм3 қанында 5 млн эритроциттер болса, ал безгек аурумен ауырған кезде эритроциттердің саны азайып Імм3 қанында 1 млн-ға жақын эритроциттер қалады.

Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозоиттар гамонттарға айналады. Гамонттар екі түрлі болады: макрогамонттар немесе макрогаметоциталар пісіп-жетілмеген аналық жыныс клеткалары және микрогамонттар немесе микрогаметоциттер пісіп-жетілмеген аталық жыныс клеткалары. Осыдан кейін әрі қарай даму адам қанында жүрмейді. Ендігі дамуы маса денесінде өтеді.

Анофелес (Anopheles) туысына жататын безгек маса ауру адамның қанын сорған кезде оның ішегіне қанмен бірге макро және микрогаметоциттер түседі. Масаның ішегінде макрогамонттар (макрогаметоциттер) пісіп-жетіліп макрогаметаға айналады, ал микрогамонттардың (микрогаметоциттердің) ядросы көпке бөлініп, пісіп-жетіліп қозғалғыш майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар және макрогаметалар қосылып зигота құрады. Зигота қозғалғыш келеді, сондықтан оны оокинета деп атайды. Оокинета масаның ішек қабырғасына еніп қозғалуын тоқтатады да, сыртына тығыз қабықша шығарып ооцистаға айналады. Ооцистаның ішіндегі ядро бөлінеді, мұның саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін. Әрбір ядро жұқа цитоплазмамен қапталынып, мыңдаған (10000-ға дейін) спорозоиттар түзіледі. Ооцистаның көлемі өсіп, мыңдаған спорозоит­тар пайда болғаннан кейін ооциста жарылады. Қозғалғыш спорозоиттар безгек масаның аралас қуысына түсіп, гемолимфа ағынымен сілекей бездеріне жи­налады. Маса адамды шаққанда оның қанына сілекеймен бірге спорозоиттар да түседі. Даму циклы ары қарай жалғасады. Сонымен безгек плазмодиясының тіршілік циклы өте күрделі және олар иесін алмастырып отырады, жыныссыз көбеюі адам қанында, ал жынысты көбеюі безгек масасының ішегінде өтеді. Плазмодияның негізгі иесі - безгек масасы, ал аралық иесі - адам.

Безгек плазмодиясы адамның безгек ауруын қоздырушы. Безгекпен ауырғанда безгек ұстауынан басқа анемия (эритроциттердің азаюы) байқалады және плазмодиялар қан плазмасына улы өнімдерін бөледі. Ауру адамның безгегі әр 72 сағат, немесе 48, немесе 24 сағат сайын қайталанып отырады. Осы қайталануы плазмодияның өкіліне және шизогония мерзіміне байланысты.

PI. vivax-та шизогония 48 сағатқа созылады, сондықтан безгек үш тәулікте бір рет ұстайды, ол безгекті үш күндік безгек деп атайды. Р1. malariae-да шизогониясы 72 сағатқа созылады, сондықтан безгек төрт күннен кейін қайталап ұстайды, ол төрт күндік безгек. PI. falciparum-да шизогония 24 сағатқа созылады, безгек 24 сағатган кейін қайталап ұстайды. Неғұрлым безгек жиі қайталанса, соғұрлым қауіпті.

Безгек ауруын адамнан адамға анофелес (Anopheles) туысына жататын безгек масаларының түрлері ғана таратады. Солардың ішінде Қазақстанда көп тараған An. maculipennis, An. hyrcanus т.б.

Безгек ауруына қарсы шаралардың бірі - масалардың сан мөлшерін азайтуға қолайлы тәсілдерін қолдану, ауырған адамды дәрілермен емдеу.

 

КНИДОСПОРИДИЯЛАР ТИПІ - CNIDOSPORIDIA

 

Книдоспоридиялардың барлығы дерлік паразиттер. Книдоспоридиялардың тіршілік циклы әрқашанда екі ядролы амеба тәрізді ұрықтан басталады. Түзілген споралары көп клеткалы.

Книдоспоридиялар типіне екі класс жатады. Шырышты споралылар немесе миксоспоридиялар - Myxosporidia және актиномиксидиялар -Actinomyxidia.

Актиномиксидиялардың шырышты споралылардан негізгі айырмашылығы - споралары үш қақпақшалы, ішінде үш атқыш капсуласы және көптеген амеба тәрізді ұрықтары болады. Олар азқылтанды буылтық құрттардың және сипункулидтердің паразиттері.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 660; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.145.43.122 (0.028 с.)