Немертиндер класы - nemertini 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Немертиндер класы - nemertini



 

Құрылысы мен физиологиясы. Денесі созылыңқы, ұзарып қысқаруға қабілетті, ұзындығы 1-2 см-ден 2 м-ге дейін, кейде тіпті 30 м-ге де жететін түрлері кездеседі (Lineus longissimus). Көпшілігінің түсі қаралау, сонымен қатар жасыл, ала, алқызыл, ашық қызыл, сұрғылт түсті де болады.

Денесін турбелляриялардай сияқты цилиндр тәрізді клеткалардан тұратын бір қабатты кірпікшелі эпителий жауып жатады. Мұнда көптеген кілегейлі без клеткалары орналасқан.

Эпителидің астыңғы жағында денеге белгілі тірек болатын және бұлшықеттерді бекітетін жұқа базальды мембранасы және бұлшықет талшықтарынан құралған тері-бұлшықет қапшығы орналасқан. Бұлшықеттерінің орналасуы - маңызды жүйелік белгісі. Қапшықтың ең жоғарғы беттерінде сақина тәрізді, одан ішкері ұзына бойы созылған бұлшықеттер орналасқан. Кейбір немертиндерде сыртқы эпителий мен сақина тәрізді бұлшықет қабатының арасында тағы бір ұзына бойы созылған, сонымен қатар арқа-құрсақ (дорзо-вентральды) бұлшықеттер түйіні болады. Ішкі мүшелер араларын паренхима толтырып жатады.

Ас қорыту жүйесі. Немертиндердің ішегі ауыз тесігінен басталып аналь тесігіне дейін ұзына бойы созылып жатады. Ауызынан кейін қысқа эктодермальды алдыңғы ішек өтіп, ол ұзын энтодермальды ортаңғы ішекке жалғасады. Оның екі жағында метамерлы қайталанып тұратын жұп қалташа тәрізді өсінділері болады. Ортаңғы ішек эктодермальды артқы ішекке айналып, ол аналь тесігімен аяқталады (72-сурет). Ac ішектің қуысында және клетка ішіңде қорытылады. Артқы ішектің және аналь тесігінің пайда болуы - немертиндердің ерекше белгісі.

Немертиндер жыртқыш жануарлар. Ұсақ құрттармен, шаянтәрізділермен, моллюскалармен қоректенеді. Өз қорегін тұмсығы арқылы ұстап, оларды тұмсығының эпителий бездерінен бөлінетін улы сөлдерімен жансыздаңдырады немесе үшкір ине тәрізді стилеттері арқылы өлтіреді. Тұмсығы сонымен қатар қорғаныш қызметін де атқарады. Ол денесінің алдыңғы ұшында арнайы тұмсық қынабы - ринхоцелом деп аталатын қуыстың ішінде имек тәрізді оралып жатады. Қуыстың бұлшықеттері жиырылғанда, тұмсығы теріс аударылған қолғап саусағы тәрізді сыртқа созылып шығады. Созылған күйінде ұзын түтікшеге ұқсас. Тұмсық ринхоцелом қуысына ретрактор деп аталатын бұлшықеттің көмегімен қайта тартылады.

72-сурет. Немертинаның құрылысы: A - ішкі құрылысы; 1 - бас қан тамыры, 2 - церебральды ганглиясы, 3 - ауызы, 4 - өңеш, 5 - бүйірлі қан тамыры, 6 - арқа қан тамыры, 7 - көлденең қосқыш қан тамырлары, 8 - гонадалар, 9 - жыныс тесігі, 10 - аналь тесігі, 11 - ішек; Б - алдыңғы бөлімінің ұзына бойғы кесіндісі; 1 - тұмсығы шығатын тесік, 2 - құрсақ нерв ганглиясы, 3 - ауыз тесігі, 4 - өңеш, 5 - тұмсық, 6 - тұмсық қынабы - ринхоцелом, 7 - арқа нерв ганглиясы, 8 - эпидермис; В - личинка пилидий; 1 - төбе кірпікшелер шашағы (сұлтан), 2 - ішек, 3 - эктодерманың өсіндісі, 4 - ауыз алды белдеуі, 5 - ауызы, 6 - мезенхима

Зәр шығару жүйесі протонефридиялы. Денесінің алдыңғы екі бүйірінде арнайы тесігі бар екі зәр шығару түтіктері орналасқан. Олардан дене ішіне көптеген қосымша түтікшелер тарайды да, тұйықталған жұлдыз тәрізді - терминальды клеткалармен аяқталады. Түтікшелердің ұштары бүйірлік қан тамьфларымен тығыз байланысты болады, соның нәтижесінде қандағы зат алмасу процесінің жиналған қалдықтары зәр шығару жүйесіне өтеді.

Тыныс алу мүшесі жоқ.

Қан айналу жүйесі немертиндерде бірінші рет дамыған, осы белгісімен олар жалпақ құрттардан ерекше. Негізінде үш қан тамыры болады: арқа және екі бүйірлі. Олар бір-бірімен дененің алдыңғы жағында бірігіп бүкіл дене бойында көлденең қосқыш қан тамырлары арқылы байланысады. Қан айналу жүйесі қоректік заттарды тасымалдайды, сонымен қатар қан түйіршіктерінде әр түрлі тыныс алу пигменттерінің, әсіресе гемоглобиннің болуы тыныс алу қызметін де атқарады деп санауға болады.

Нерв жүйесі жақсы жетілген. Орталық бөлімін екі жұп церебральды ганглиялар құрайды. Олардың бірінші жұбы тұмсық қынабының үстінде, ал екінші жұбы оның астында орналасып, екі нерв талшықтарымен байланысқан. Церебральды ганглиялардан артқа қарай екі бүйір нерв бағаналары өтеді, олар тері-бұлшықет қабының немесе паренхима аралығында орналасады. Ұзын нерв бағаналары көптеген көлденең, сақина тәрізді комиссуралармен байланысып, ортогон типті нерв жүйесін құрайды.

Сезім мүшелері құрамына: екі бүйір саңылауы, церебральды мүшелері және көздері кіреді. Бүйір саңылаулары мен церебральды мүшелері басының бүйір жағында орналасып, кірпікшелі эпителимен қапталған, тек церебральды мүшелері ішке қарай тереңірек батып, жіңішке түтікшелер арқылы церебральды ганглияларымен тығыз жанасып жатады. Осы екі мүшенің көмегімен жануар судың химиялық құрамының өзгерісін және қорегін сезеді. Церебральды мүшелер эндокриндік жүйенің қызметін атқарады деген болжам бар.

Көздері 2, 4 немесе одан да көп. Олардың құрылысы турбелляриялардың көздерінің құрылысына ұқсас келеді.

Теңіз түбінде тіршілік ететін немертиндерде сипап сезу мүшелері де жақсы жетілген. Сезім талшықтары бар клеткалар денесінде шашырап орналасқан.

Немертиндер дара жыныстылар. Жыныс жүйесі қарапайым құрылысты. Көптеген жұп аналық немесе аталық бездері дененің бүйірінде ішектің бүйір қалташа тәрізді өсінділерінің арасында жатады. Жұмыртқа клеткалары немесе сперматозоидтары қысқа тұқым жолы арқылы сыртқа шығарылады. Ұрықтануы сырттай.

Дамуы. Ұрықтанған жұмыртқаның бөлшектенуі толық, буылтық құрттардың спиральды детерминативті (мүшелердің алғашқы белгілері ерте пайда болуы) бөлшектенуіне ұқсас. Жұмыртқадан пилидий деп аталатын еркін жүзетін планктонды личинка шығады. Пилидий қалыптаса бастаған кезде бластопораның екі жағынан жалпақ қалақша тәрізді өсінділер дамиды. Сондықтан личинканың дене пішіні бүйірлі құлақшалары бар қалпақ тәрізді. Пилидияның бүкіл денесі кірпікшелі эпителимен қапталған. Денесінің төменгі жағында ұзын кірпікшелері бар ауыз алды белдеуі (алқабы) өтеді, ал күмбез тәрізді төбесінде қалың әрі ұзын сезімтал кірпікшелер шашағы (сұлтан) болады (72, В - сурет).

Пилидий денесінің астыңғы жағында, екі қалақша тәрізді өсіндінің ортасында орналасқан ауыз тесігі, ауыз қуысына, ал ол алдыңғы ішекке өтіп, қапшық тәрізді энтодермальды ортаңғы ішекпен жалғасады. Артқы ішегі, аналь тесігі жоқ.

Немертиндердің дамуының бір ерекшелігі - пилидия эпителиясы ересек немертиннің эпителиясына айналмай, уақытша ғана қызмет атқарып, личинка ересек құртқа айналғанда түсіп қалады, яғни түлейді. Ең алдымен личинка эпителиінен эктодерма және энтодерма арасына немесе алғашқы дамуындағы денесінің қуыс аралығына жеке клеткалар бөлініп шығады да ортаңғы (мезодерма) ұрық жапырақшасының бастамасын түзейді, олардан дәнекер тканьдері мен кейбір ішкі мүшелері дамиды. Осындай іріктелген немесе диффузияланған мезодерма - мезенхима деп аталады.

Немертиннің дене эпителий жамылғысы және ішкі мүшелері мынадай жолмен пайда болады: біріншіден, пилидияның эктодермасынан ішке карай 7 төмпешік (диск) түзіледі: біреуі личинка денесінің алдынғы үстінде, қалған үш жұбы екі бүйірінде және ауызының артында. Кейіннен осы төмпешіктер дене ішіне ене өсіп, бір-бірімен тұтасып, әлі жетілмеген ішек пен мезенхиманы жан-жағынан қоршап, пилидия жамылғысының астында эктодермальды екі қабатты қапшықты түзейді. Сонымен қатар, үстіңгі төмпешіктен алдыңғы бөлімінің эпителий жамылғысы, тұмсығы және нерв жүйесі, екі бүйір төмпешігінен - церебральды мүшелер, соңғысынан - дене эпителия жамылғысы құралады. Құрттың бұлшықеттері мезен­хима клеткаларынан қалыптасады. Осылай пайда болған құрт пилидий қабырғасын бұзып сыртқа шығады да, теңіздің түбіне түсіп, өз бетімен тіршілік етуге көшеді.

Классификациясы. Немертиндер класы екі класс тармағына бөлінеді: қаруланбаған - Апоріа және қаруланған - Епоріа.

 

ҚАРУЛАНБАҒАН НЕМЕРТИНДЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ANOPIA

 

Тұмсығында ине тәрізді стилеттері жоқ, өзінің қорегін эпителий бездерінен бөлінетін улы сөлдерімен жансыздандырады. Ауыз тесігі құрсақ жағында церебральды ганглияның артында орналасқан. Нерв жүйесі тері-бұлшықет қапшығында, кейде тері эпителиінде орналасады. Тері-бұлшықет қапшығында сақина тәрізді, одан ішкері ұзына бойы бұлшықеттер будасы болады.

Негізгі туыстары: құмда ін қазатын Cerebratulus-тар. Олар бүкіл Еуропаның Атлантикалық жағалауларында, оның солтүстік шекарасынан бастап Жерорта теңізіне дейінгі аралықта кездеседі (73, А - сурет); Tubulatus және Cephalothrix-тер бүкіл дүние жүзілік мүхиттарда кең тараған; Lineus-тер Арктикалық және қоңыр салқын суларда тіршілік етеді. Алып немертинаның (Lineus longissimus) ұзыңдығы 10 метр, кейде 30 метрге дейін, ені 1 см-ден аспайды, ширатылған денесін тастың астына жасырып өзінің қорегін аңдумен болады.

 

ҚАРУЛАНҒАН НЕМЕРТИНДЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ENOPLA

 

Тұмсығы бір немесе бірнеше стилеттерімен қаруланған. Ауыз тесігі денесінің алдыңғы ұшында терминальды орналасқан, церебральды ганглияның алдында.

Нерв жүйесі паренхима аралығында жатады.

Қаруланбаған немертиндерде болатын бұлшықеттер бұларда да бар, бірақ олардан ерекше тағы бір үзына бойы орналасқан және дорзо - вентральды (арқа -құрсақ) бүлшыкеттер будасы болады.

73-сурет. Немертиндер: A - Cerebratulus; Б - Cerebratulus-тің алдыңғы бөлімі; 1 - тұмсығы, 2 - екі бүйір саңылауы, 3 - ауыз тесігі. В - Nectonemertes; Г - Malacobdella

 

Бұл класс тармағының өкілдері ұсақ келеді және теңіздің жағалауларынан бастап оның ең терең түбіне дейін мекендейді.

Теңіздің түбінде тіршілік ететін Zygonemertes, Amphiporus туыстарының өкілдері тастардың астында, жағалаулық аймақта кездеседі, ұзындығы 10-12 см. Жерорта теңізінде Polystylifera, Арктика суларында кездесетін Uniporus-тың өкілдері жорғалап тіршілік етуге бейімделген. Тынық, Атлант, Үнді, Солтүстік Мұзды мұхитында, Жерорта және тағы басқа теңіздерде пелагиалық формаларының кездесетіні мәлім. Бұл құрттардың денесі жалпақтау, қысқа, әйнек тәрізді мөлдір болып келеді, денесінің артқы бөлігінде немесе бүйірінде орналасқан қанаттары арқылы жүзеді. Негізгі туыстары: Pelagonemertes, Nectonemertes, Planktonemertes, Protopelagonemertes, Dinonemertes, Phallonemertes. Pelagonemertes-тер 1800метрден аса тереңдіктерде кездеседі.

Солтүстік теңіздерінде мекен ететін Malacobdella туысының өкілдері паразиттік тіршілік етуге бейім. Бұлардың денесінің артқы ұшында өте күшті дамыған сорғышы болады. Моллюскалар мен шаянтәрізділердің (крабтардың) паразиттері (73, Г - сурет).

Сонымен қатар, тұщы суларда да кездесетін екі түрі белгілі, олар Stichostemma (Prostoma) туысынан Prostoma graecense және Pr.asensoriatum. Ұзындығы 1-2 см. Еуропа мен Солтүстік Американың өзендері мен көлдерінде, судағы өсімдіктердің, тастардың, мүктердің, шіріген жапырақтардың арасында мекен етеді. Қолайсыз жағдайларды сілекейлі цистаға оранған күйінде өткізеді. Prostoma graecense Арал теңізінен, Түркістан аймағынан табылғаны жөнінде Э. Рейзингер еңбегінде жазылған.

Тропикалық және субтропикалық аймақтардың топырақтарында Geonemertes туысының өкілдері кең тараған.

 

НЕМЕРТИНДЕР (NEMERTINI) ТИПІНІҢ ФИЛОГЕНИЯСЫ

 

Немертиндердің бірқатар құрылым белгілері жалпақ құрттармен, соның ішінде турбелляриялармен жақын екендігін көрсетеді. Немертиндер мен турбеллярияларда зәр шығару мүшесі протонефридиялы, нерв жүйесінің негізгі бөліктері мен көздерінің құрылысы ұқсас, дене қуысы жок, ішкі мүше-лер аралығын паренхима толтырып жатады, денелері кірпікшелі эпителимен жабылған.

Кірпікшелі құрттарға тән немертиндерде де жұмыртқалары спиральды түрде бөлінеді және пилидий мен Мюллер личинкалары белгілі ұқсастығымен жақын.

Сонымен, осындай ұқсастық белгілеріне байланысты немертиндер кірпікшелі құрттардан шықты деген болжам туады.

Эволюциялық даму жағынан немертиндер кірпікшелі құрттардан әлдеқайда жоғары, оған артқы ішек пен аналь тесігінің, қан айналу жүйесінің пайда болуы дәлел.

ЖҰМЫР ҚҰРТТАР немесе АЛҒАШҚЫ ҚУЫСТЫ ҚҰРТТАР ТИПІ -NEMATHELMINTHES немесе ASHELMINTHES

Жұмыр құрттардың көптеген түрлері теңіздер мен мұхиттарда, тұщы су­ларда, топырақта қозғалып өз бетімен тіршілік етсе, біразы өсімдіктер мен жануарлардың, адамның паразиттері. Бұлардың планета биосферасында кездеспейтін ортасы жок. Сондықтан бұлар космополиттік топ болып табылады.

Жұмыр құрттардың жалпақ құрттардан басты айырмашылығы, ішкі мүшелерінің арасында дене қуысының болуы. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы болмағандықтан оны алғашқы қуыс немесе схизоцель деп атайды. Сондықтан кейде жұмыр құрттарды алғашқы қуыстылар деп атайды. Денесінің ішкі қуысындағы сұйық заттың біркелкі қысымда болуы оның дене жұмырлығын тұрақты етеді. Құрттардың денесі жұмыр болып келетіндіктен типтің аталуы да солай.

Типтің негізгі сипаты: денесі бөлшектенбеген (сегменттелмеген); зәр шығару жүйесі дамымаған, зәрді денеден тері бездері шығарады, немесе протонефридияльды; қан айналу және тыныс алу жүйесі дамымаған; ас қорыту жүйесінде артқы ішегі және аналь тесігі дамыған; нерв жүйесі ортогонды, сезім мүшелері нашар дамыған; дара жыныстылар, жыныс жүйесінің құрылысы өте қарапайым.

Жұмыр құрттар типі 5 класқа бөлінеді:

· НАҒЫЗ ЖҰМЫР ҚҰРТТАР КЛАСЫ - NEMATODA АДЕНОФОРЕА КЛАСС ТАРМАҒЫ - ADENOPHOREA СЕЦЕРНЕНТТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SECERNENTEA

· ҚҰРСАҚ КІРПІКШЕЛІЛЕР КЛАСЫ - GASTROTRICHA

· КИНОРИНХАЛАР КЛАСЫ - KINORHYNCHA

· ТҮКТІ ҚҰРТТАР КЛАСЫ - NEMATOMORPHA

· КОЛОВРАТКАЛАР КЛАСЫ - ROTATORIA

 

НАҒЫЗ ЖҰМЫР ҚҰРТТАР немесе НЕМАТОДТАР КЛАСЫ - NEMATODA

 

Нематодтар түр саны жағынан (27000-нан астам), кеңістікке таралуы сипаты жағынан да ең жоғары тұрған топ. Бұлардың бүкіл әлемде кездеспейтін ортасы жоқ. Мұхиттар мен теңіздер түбінде, тұщы суларда, топырақ арасында еркін қозғалып тіршілік етсе, паразиттік түрлері өсімдіктер мен жануарлардың барлық мүшелерінде кездеседі. Құстар мен насекомдардың паразиті ретінде олар ауа қабатын да меңгерген деп айтуға болады. Айналамызда жүріп жатқан шіру процесінің барлығы осы нематодтардың қатысуы арқылы жүреді. Кеңістікке таралуы тұрғыдан оларды бактериялар мен бірклеткалы организмдермен салыстыруға болады.

Нематодтардың тіршілік ету орталарының алуан түрлі болып келуіне қарамастан құрылыстары бірдей.

Құрылысы мен физиологиясы. Нематодтардың дене мөлшері мен формасы (пішіні) эволюция барысында түрлі тіршілік орталарына бейімделу нәтижесінде (бентос қабатында сырғуға, суда жүзуге, топырақ арасына енуге) қалыптасқан.

Грек тілінде "nematos" - жіп деген мағынаны білдіреді. Бұлардың денесі жіп тәрізді созылыңқы, цилиндр немесе ұршық тәрізді болып, ұштарына қарай сүйірлене түседі.

Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ, ұзындығы 1 миллиметрге әзер жетеді, ал паразит түрлері әжептәуір ұзын болады. Мысалы: жылқы аскаридасының (Parascaris eguorum) ұзындығы 37 см, Placentonema gigantissima-ның 8 метр. Денесінің алдыңғы ұшында ауызы, артқысында аналь тесігі орналасқан және денесін бойлай төрт жолақ (екеуі бүйірінен, екеуі арқа және құрсақ бөлімдерінің ортасынан) таралымдар өтеді.

Нематодтардың денесі сыртынан қалың кутикула қабатымен қапталған. Кутикула (латынша "cuticula" - қабықша) клеткалық құрылысы жоқ, эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша. Құрамындағы белок пен минералды заттар және сақиналы әрі ұзынша келген таралымдары оған механикалык беріктік береді де, оны созылғыш етеді. Кутикула сомалық (дене) бұлшықеттерге тірек бола тұрып нематоданың өзіндік сыртқы қаңқасын құрайды да, денені механикалық жарақаттанудан, улы заттардың әсерінен сақтап, қорғайды.

Кутикуланың астында орналасқан гиподерма қабаты клеткалы не синцитиялы (клеткалардың косылуынан туған плазмалық қатар) құрылысты болып келеді. Денесінен өтетін төрт таралымына (сызығына) байланысты гиподерма ішке қарай төрт ойық (білеу) құрайды.

Гиподерманың астында бір қабаттан тұратын ұзына бойы бұлшықеттері жатады. Олар тұтас қабат құрмай гиподерманың төрт ойығына сәйкес төрт таспа (лента) тәрізді жіктеліп, бөлініп жатады: екеуі бүйір, екеуі арқа құрсақ бөлімінде.

Нематодтардың денесі арқа құрсақ бұлшықеттерінің қарама-қарсы кезектесе жиырылып серпілуінің нәтижесінде дорзо-вентральды бағытта ғана иіле алады және құрт оң немесе сол жақ бүйірімен қозғалады.

Әрбір бұлшықет клеткасы ұзын ұршық тәрізді болып, жиырылғыш және цитоплазмалық аймақтан, сонымен қатар нерв бағаналарына бағытталған плазмалық өсінділерден тұрады (74-сурет). Бұлшықет клеткасының жиырылғыш аймағында миофибрилдер, ал цитоплазмалық аймақта ядро, митохондриялар, гликоген гранулалары, тірек талшықтары, басқа да органеллалары орналасқан. Плазмалық немесе иннервациялық өсінділері орталық нерв жүйесінің қозу толқынын (импульсін) қабылдап, бір бұлшықеттен екіншіге өткізеді. Сонымен нематодтардың бұлшықет клеткасы жиырылғыш қызметінен басқа, қозуды өткізу қызметін де атқарады.

Бұлшықет клеткаларының саны бойынша нематодтарды меромиарлы және полимиарлы деп екі топқа бөледі. Меромиарлы топтағы нематодтардың бұлшықет клеткаларының саны 8-ден аспайды, бұларға ұсақ түрлері жатады, ал полимиарлылардың клетка саны ондаған және жүздеген, бұларға ірі нематодтар жатады.

Тері-бұлшықет қапшығы мен ішектің арасында протоцель немесе схизоцель деп аталатын денесінің алғашқы реттік қуысы орналасады. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы жоқ және іші сұйық затқа толы. Сұйық зат денені кернеп, оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды. Алғашқы реттік қуыс дененің тірегі бола тұрып, зат алмасу процесіне де қатысады. Дене қуысы арқылы қорытылған заттар ішектен бұлшықеттерге, ішкі мүшелерге, ал зат алмасудың қалдық өнімдері зәр шығару мүшесіне ауысады. Осылайша дене қуысы организмнің ішкі ортасы болып келеді. Паразитті нематодтардың дене қуысында түссіз сұйыққа толы клеткалар топтасып жатады, жалпақ құрттардың паренхимасына ұқсас. Қуыстың сұйық затында валериан, капрон қышқылдары бар, сондықтан да олар улы.

Ac қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, көпшілік жағдайда ерекше өсінділер - еріндермен қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен (стома) жалғасады. Ауыз қуысының құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш мүшеге - стилетке айналған. Стилет ауыз қуысында арнайы бұлшықет - протракторлар арқылы қозғала алады. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе қозғалмайтын өсінділер - онхамен қаруланған.

Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшыкетті, артқысы - безді. Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған (75-сурет).

Өңештің ортаңғы ішекке жалғасатын жерінде ерекше өсіндісі (cardium) болады. Ол ортаңғы ішекке еніп жатады да, ішек ішіндегі қоректік заттардың өңешке қарай кері қайтуына тосқауыл жасайды.

Нематодтардың ортаңғы ішегі энтодермальды, қабырғасы бір қабат эпителиальды клеткалардан құрылған, оны жұқа базальды жарғақ қаптап тұрады. Ортаңғы ішектің алдыңғы бөлімі кеңейіп "қарыншық" немесе жұтылған қоректің резер­вуары қызметін атқаратын - proventriculus түрінде дамыған.

 

74-сурет. Аскариданың (Parascaris equorum) тері-бұлшықет қапшығы және бұлшықет клеткалары: A - тері-бұлшықет қапшығының құрылысы (көлденең кесілген бөлшегі); 1 - кутикула қабаты, 2 - мембрана, 3 - гиподерма, 4 - бұлшықет клеткалары, 5 - фибрилла, 6 - протоплазма (саркоплазма), 7 - ядро, 8 - саркоплазма қапшығы, 9 - саркоплазмалық қапшықтың көлденең кесіндісі, 10 - плазмалық өсінді; Б - бұлшықет клеткалары; 1 - жиырылғыш бұлшықет талшықтары (миофибрилдер), 2 - ядро, 3 - саркоплазма қапшығы, 4 - плазмалық өсінді

75-сурет. Нематодтардың ауыз қуысы мен жұтқыншақтың құрылысы: A - Mesorhabditis spiculigera; 1 - ауыз қуысы, 2 - өңеш қабығы, 3 - өңеш, 4 - ортаңғы (метакорпальді) бульбус, 5 - мойнақ (истмус), 6 - нерв сақинасы, 7 - артқы (кардиальды) бульбус үккіш аппаратымен, 8 - ортаңғы ішек; Б - Ditylenchus sp.; 1 - стилет, 2 - өңеш, 3 - ортаңғы бульбус, 4 - мойнақ, 5 - без жолы, 6 - нерв сақинасы, 7 - өңеш безі, 8 - ортаңғы ішек; В -Mononchus sp.; 1 - ауыз қуысы, 2 - нерв сақинасы, 3 - өңеш, 4 - ортаңғы ішек; Г - Hoplolaimus tylenchiforum; 1 - стилеттің ұшы, 2 - стилет, 3 - стилеттің домалақ бөлігі, 4 - бұлшықет (протрактор), 5 - өңеш; Д - Ancylostoma caninum-ның ауыз куысы; 1 - тістері, 2 - өңеш

 

Ректум деп аталатын ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол аналь тесігі арқылы сыртқы ашылады. Нематодтардың алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды және оларды тығыз кутикула астарлайды.

Кейбір нематодтардың ас қорыту жүйесі қоректенуіне байланысты әр түрлі деңгейде редукцияға (кері өзгеріске) ұшыраған. Мысалы, филяриялардың (Filaria) артқы ішегі тұйықталып, аналь тесігі болмайды, трихинеллаларда өңеш үлкен клеткалар жиынтығьг түрінде дамыған, ал мермитидаларда өңеш жойылған.

Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ организмдермен, паразитті нематодтар өз иесінің сөлімен, тканімен, ал кейбіреулері иесінің қанымен қоректенеді.

Сондай-ақ кейбір фитонематодтарда ішектен тыс ас қорыту процесі байқалады. Стилеттің көмегімен құрт өсімдік тканіне ас қорыту безінің ферментін бүркеді, сондықтан ас қорытудың алғашқы кезеңі организмнен тыс жерде өтеді. Жартылай қорытылған қоректік заттар нематода ішегіне стилет арқылы түседі.

Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальді) бездері және фагоцитарлы клеткалар атқарады.

Мойын бездері екі типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа. Топырақта және паразиттік тіршілік ететін нематодтардың ерекшелігі - мойын безі денеде бойлай орналасқан екі бүйір экскреторлы түтікшелерден кұралған. Түтікшелердің артқы ұшы тұйықталып бітеді, ал алдыңғы ұштары бірігіп ортақ түтікке айналады да, ол сыртқа зәр шығару саңылауымен ашылады (76-сурет). Бірқатар түрлерінде экскреторлы жүйенің бір бұтағы жойылып (көбіне оң жақтағысы), сол жақ түтігі өте жақсы дамыған. Түтіктер арқылы денедегі (несен) заттар сыртқа шығарылады.

76-сурет. Нематодтардың зәр шығару және нерв жүйесі: А,Б - тармақталған мойын бездері (Secernentea класс тармағы); В - шомбал типті мойын безі (Adenophorea класс тармағы); Г - аскариданың фагоцитарлы клеткалары;

1 - жұтқыншақ, 2 - ішек, 3 - фагоцитарлы клеткалар, 4 - бүйір сызығы (ойығы), 5 - құрсақ нерв бағанасы; Д - аскариданың нерв жүйесі; 1 - ауыз бүртігі, 2 - жұтқыншақ нерв сақинасы, 3 - бас ганглиялары, 4 - құрсақ нерв бағанасы, 5 - бүйір нерв бағанасы, 6 - комиссуралар, 7 - арқа нерв бағанасы, 8 - сезім бүртіктері

 

Сонымен қатар, фагоцитарлы клеткалар деп аталатын жұлдызша клеткалары бар. Олар зат алмасудың соңғы әр түрлі ерімейтін қалдықтарын және денеге енген бөгде заттарды, мысалы бактерияларды, өздерінің бойына тартып алады. Жиналған заттар сыртқа шығарылмайды, сондықтан бұл клеткаларды "жинақтау бүйректері" деп те атайды. Олар гиподерманың бүйір білеулерінің бойымен дененің алдыңғы үштен бір бөлігіндегі дене қуысында орналасқан.

Жылқы аскаридасында (Parascaris equoram) фагоцитарлы клеткалар төртеу. Егер тәжірибе жүзінде, аскарида денесінің қуысына шприцпен сепия, кармин тағы басқа бояулар жіберілсе, бірнеше сағаттан соң олар фагоцитарлы клеткаларға жиналады.

Қан айналу және тыныс алу жүйесі нематодтарда болмайды. Еркін тіршілік ететін түрлері бүкіл денесі (терісі) арқылы тыныс алады, ал эндопаразиттік нематодтарда тыныс алу процесі анаэробты, яғни оттегі жоқ жерде гликогеннің ашуы арқылы іске асады. Гликоген қоры жұмыр құрттарда белгілі бір жолмен гиподермада жиналады. Гликогеннің анаэробты ыдырауы нәтижесінде түзілген соңғы өнімдері - органикалық қышқылдар, соның ішінде май және валериан қышқылдары қуыс сұйықтығында жиналып, улы, күйдіргіш затқа айналады. Сондықтан құртты сойғанда өте мұқият және абай болу керек.

Нерв жүйесі және сезім мүшелері қарапайым құрылысты. Біріншіден, нерв жүйесі тұтасымен гиподерма қабатында, теріге жақын орналасқан, екіншіден - күрделі ганглиозды клеткалар жүйесі дамымай, нерв клеткалары нерв бағаналарымен байланыса жекеленген (ганглияларды құрмай), тек құрсақ нерв бағанасының ұзына бойында нерв клеткалары шоғырланып "құрсақ тізбегін" құрып дамыған.

Нерв жүйесінің орталық бөлімін - жұтқыншақ маңындағы нерв сакинасы құрайды. Ол нерв талшықтарынан (нейрофибриллдерден) түзілген және нерв клеткаларымен тығыз байланысқан. Нерв сақинасынан басының ұшына қарай алты қысқа және артқа қарай алты ұзына бойы созылған нерв бағаналары тарайды: құрсақ (вентральды), арқа (дорзальды), екі бүйірлі (латеральды), арқа бағанасына таяу (субдорзальды) және құрсақ бағанасына таяу (субвентральды). Осы алты нерв бағаналарының екеуі - құрсақ (вентральды) және арқа (дорзальды) - күшті дамыған (әсіресе құрсақ бағанасы). Олар бір-бірімен денесінің бірде сол, бірде оң жағынан кезектесіп орналасқан жіңішке жарты сақина тәрізді комиссуралар арқылы байланысып, арқа-құрсақ тізбегін құрайды (76, Д - сурет).

Арқа бағанасы арқа-бүйір бөліктерінің бұлшықеттерін, ал құрсақ бағанасы құрсақ-бұйір бұлшықеттерін және өңеш пен ішекті иннервациялайды (нервтендіреді). Алдыңғы алты қысқа нерв бағаналары сезім мүшелерін және бас папиллаларын, амфидаларын, қылтаншаларын, жарық сезгіш клеткаларын нервтендіреді.

Қалыптасқан нерв жүйесі жұмыр құрттардың личинкасының екінші сатысында да кездеседі. Түрлі экологиялық топтарды құрайтын жұмыр құрттардың нерв жүйесі (аздаған өзгерістерімен) толық сақталған, осының нәтижесінде бүкіл нематодтардың филогенетикалық байланыстарының бар екендігін дәлелдеуге болады.

Топырақта және паразиттік тіршілік етуіне, тесу, қазу қозғалысына байланысты нематодтардың, сезім мүшелері ете нашар дамыған. Тітіркенуді қабылдайтын үш түрлі рецепторлары бар: тері сезу (тангорецепторлар), химиялық заттарды сезетін (хеморецепторлар) және жарық сезетін (фоторецепторлар). Бірінші топ - қылтаншалар, папиллалар, бурсальды қанаттар, екінші - амфидалар, фазмидалар, гиподермальды поралар (саңылау), үшінші - жарық сезгіш клеткалар. Рецепторлы мүшелер дененің бас, құйрық (каудальды) және жыныс мүшелерінің (гениталий) бөлімдерінде шоғырланған.

Қылтаншалар мен папиллалар (кутикуланың кішкене бүршікті төмпешіктер) ауыз тесігінің, еріннің айналасында екі-үш қатар орналасқан (77-сурет). Бұларға нерв тамырлары тығыз жанасып жатады. Аталық түрлерінде денесінің артқы жағында, аналь маңындағы папиллалар жақсы дамыған. Осылар арқылы шағылыс кезінде аналық жыныс тесігін тауып алады.

Тіршілік етуіне байланысты, теңіз және тұщы суда еркін тіршілік ететін түрлерінде қылтаншалар, ал сапробионт субстратында (органикалық заттар-дын. ыдырап, шіріген жері), топырақта және паразиттік түрлерінде папиллалар басым. Басының сыртқы және ішкі жағында орналасқан папиллалар арқылы нематод иесінің тканіне тереңірек ене алады. Tylenchida-лардың папиллалары редукцияға ұшыраған. Оларда поралар мен нерв бағаналарының ұштары ғана сақталған.

77-сурет. Нематодтардың сезім мүшелері (тангорецепторлар, хеморецепторлар): А - Tripiloides vulgaris; 1 - ерін папиллалар, 2 - қылтанша, 3 - кылтаншаның ішіндегі нерв, 4 - амфида; Б,В,Г,Д - теңіз нематодтардын. амфидалары; 1 - папилла және кылтанша, 2 - жұмыр амфида, 3 - ілмек тәрізді амфида, 4 - қалта тәрізді амфида, 5 - спираль тәрізді амфида; Е - Pelodera teras; 1 - поралы амфида, 2 - амфида нервісі

 

Бас бөлімінің екі бүйір жағында химиялық сезім мүшелері - амфидалары жатады. Олар терінің батыңқы жері, нервтермен жабдықталған және әр түрлі пішінді: қалта тәрізді, ілмек, спираль, саңылаулы, жұмыр (77-сурет). Амфидалар аталық түрлерінде ерекше жақсы дамыған және олардың жәрдемімен аналықтарын табады.

Фазмидалар немесе бір клеткалы құйрық бездері қүйрық бөлімінің екі бүйір жағында орналасқан. Олар ерітінді күйіндегі химиялық заттарды сезеді.

Теңізде тіршілік ететін нематодтардың кейбір түрлерінде көзшелер немесе жарық сезгіш пигментті дақтары болады. Кейде оның пигментті бокалы және кутикулалы линзасы ажыратылған.

Нағыз жұмыр құрттар негізінен дара жыныстылар және жыныс диморфизмі айқын байкалады. Аталықтары ұсақ, жіңішке, денесінің соңғы ұшы құрсақ жағына иіріліп (қайырылып) келген. Аналықтарының денесі ірі, жуан, созылыңқы.

Жыныс жүйесі түтік пішінді, дене қуысында орналасқан, аналығында жұп күйінде сақталса, аталығында түтіктерінің біреуі редукцияға ұшырап тақ болады.

Аскарида аналықтарының жыныс мүшесі өте жіңішке, жіпше тәрізді, жұп жұмыртқа безінен басталады. Оның қабырғасы бір қабатты эпителий клеткаларынан, ортасында ерекше рахис деп аталатын кіндік желі немесе овоциттердің (жұмыртқалардың) өсу аймағы орналасқан. Рахистың төңірегінде жыныс клеткалары қалыптасады. Жұмыртқа безі біршама жуандау, екі жұмыртқа жолына ауысып, олар одан да жуан екі жатынға жалғасады. Екі жатын қосылып жіңішке қынапқа айналады да, ол дененің алдыңғы құрсақ жақ бөлімінде жыныс тесігімен аяқталады (78-сурет).

78-сурет. Аскариданың ішкі құрылысы: 1 - ауыз, 2 - өңеш, 3 - ішек, 4 - жұтқыншақ нерв сақинасы, 5 - құрсақ нерв бағанасы, 6 - бүйір сызығы, 7 - фагоцитарлы клеткалар, 8 - аналық без, 9 - аналық жол, 10 - жатын, 11 - қынап, 12 - аналь тесігі, 13 - аталық без, 14 - аталық жол, 15 - тұқым шығарғыш түтігі

 

Аталықтарының жыныс мүшесі аналықтарындай өте жіңішке, жіпше тәрізді тұқым (аталық) безінен басталады. Ол біршама жуандау аталық жолына ауысып, ұрық көпіршігіне жалғасады. Көпіршіктің артқы жағы жіңішкеріп жұқа бұлшықетті түтікшеге немесе тұқым шашқыш өзекке айналады да, ол артқы ішекке ашылады (аналь тесігінің алдында). Осы жерге ерекше жұп шағылы



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 352; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.19.30.232 (0.073 с.)