Маржан полиптер класы - anthozoa 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Маржан полиптер класы - anthozoa



 

Маржан полиптер ішекқуыстылар типінің ең үлкен класы, бұлардың 6000-дай түрі бар. Тек теңіздерде жеке және колония түрінде бекініп тіршілік ететін жануарлар.

Құрылысы мен физиологиясы. Жалпы құрылысы бойынша маржан полиптер гидроидты полиптерге ұқсас, бірақ олардың елеулі және күрделі өзгерістері байқалады: жіңішке базальды мембрананың орнына қалың қабатты мезоглея; эпителиальды ет клеткаларының орнына ұзына бойы және көлденеңінен сақиналы бұлшықет клеткалары дамыған. Нерв жүйесі күрделіленіп - ауызы және табанша нерв сакинасын түзейді. Жыныс клеткалары энтодермадан құралған.

Жеке особьтарының денесі цилиндр тәрізді, жалпақ табанымен субстратқа бекініп тұрады. Денесінің жоғарғы бөлігінде, ауыз тесігінің төңірегінде, сәулелі симметриялық ретте қармалауыштары орналасқан. Олардың саны алтау - алты сәулелілер (Нехасогаіііа) класс тармағының өкілдерінде немесе сегіз - сегіз сәулелілерде (Octocorallia).

Сопақша келген ауыз тесігі эктодермальды жұтқыншаққа жалғасады. Жүтқыншақ бір бағытта қабысқан, ал қуыстың бір жақ немесе екі жақ шетінде сифоноглифа деп аталатын сай (борозда) өтеді.

Сифоноглифаны құрайтын клеткаларының ұзын кірпікшелері болады, солардың көмегімен су және қорек заттар гастраль қуысына өтеді де, ал қайтадан су және қорытылмаған зат кірпікшелердің кері қарай қозғалуымен жұтқыншақ бойынан сыртқа шығарылады.

Жұтқыншақ гастраль қуысымен жалғасқан. Гастраль қуысы энтодерма клеткаларымен астарланып, арнайы септа деп аталатын перделері арқылы камераларға бөлінеді (44-сурет).

44-сурет. Маржан полиптер: А - сегіз сәулелі полип Alcyonium-ның құрылысы; 1 - қармалауышы, 2 - ауыз тесігі, 3 - эктодермалы жұтқыншағы, 4 - септа, 5 - мезентерия жіпшелері, 6 - жұмыржалары; Б - актиниялар, тақуа шаян (өз денесін жасырған) бақалшағының үстінде

 

Септалар - гастраль қуысының қатпарлары, дене қабырғасынан дамып, энтодерма клеткаларымен астарланған. Олардың әрқайсысында бойлай орналасқан жуандау бұлшықетті білеуі (валик) болады.

Денесінің жоғарғы бөлігінде септалар жұтқыншаққа және дене қабырғасына ұштасады да, қалған жағы гастраль қуысында бос салбырап тұрады. Олардың бос шеттері жуандап, без клеткаларынан құралған, мезентериальды жіпшелерге айналады. Солардың көмегімен гастраль қуысына түскен ас қорытылады.

Септаларының, камераларының, қармалауыштарының саны бір-біріне сәйкес келеді. Осыған байланысты маржан полиптер класы екі класс тармағына бөлінеді: сегіз сәулелілер - Octocorallia және алты сәулелілер - Hexacorallia,

Сегіз сәулелілерде (Octocorallia) септалары 8 болып дамиды да, гастраль қуысын 8 камераға бөліп тұрады, қармалауыштары да осыған сәйкес 8 болып келеді.

Сегіз камералардың ішіндегі, жұтқыншақтың сифоноглиф сайына сәйкес келетін камераларды бағыттаушы деп атайды. Сол камераларды құрайтын екі септаның бұлшықетті білеуі (валик) қарама-қарсы орналасып, бойларындағы кірпікшелері арқылы қуыстағы судың ауысып тұруын қамтиды, яғни сифоноглифтың және бағыттаушы камераның бойларындағы кірпікшелері бір бағытта қозғалып, гастраль қуысына оттегіне бай сумен қоректік заттарды лықсытады, және суды керексіз заттармен бірге сыртқа шығарады.

Септалардың мезентериальді жіпшелері сөлдерді шығарып, астың қорытылуын реттейді.

Алты сәулелілердің (Hexacorallia) септаларының, камераларының және қармалауыштарының саны әрқашанда алтыға еселеніп келеді, кем дегенде 12 болады.

Дамуының ең алғашқы кезеңінде бірінші кезектегі алты жұп септалар қалыптасады да, олар гастраль қуысын 12 камераға бөліп тұрады. Әрбір жұп септаның арасындағы камераларды ішкі камера деп атайды, ал әр түрлі жұп септалардың арасындағы орналасқан камераларды - аралық деп атайды. Осылардың ішінен басқа да жұп аралық септалар дамиды (45-сурет).

45-сурвт. Сегіз сәулелі (А) және алты сәулелі (Б) маржан полиптердің көлденең кесінділері (жұтқыншақ деңгейінен кесілген): 1-эктодерма, 2-энтодерма, 3-жұтқыншақ, 4-сифоноглиф, 5-вентральды бағыттаушы камера, 6-дорзальды бағыттаушы ка­мера, 7-септа, 8-ішкі камера, 9-аралық камера.

 

Сөйтіп, септалардың және камералардың дамуына байланысты, гастраль қуысы кеңейіп, оның ас қорыту жұмысы және қорытылған асты сіңіру қабілеттілігі артады. Маржан полиптері планктонды организмдермен қоректенеді, ал ірі түрлері - жыртқыштар, олар шаянтәрізділерді, моллюскаларды т. б. өзінің қармалауыштарымен ұстап алып, атқыш жіпшелерімен жансыздандырып, ауыз тесігіне апарады да, жұтқыншағымен жұтып алады. Ac қорыту процесі клетка ішілік және қуыс ішілік бойынша жүреді.

Қаңқасы. Жеке тіршілік ететін полиптерде қаңқасы болмайды, ал колониальды формаларында қаңқасы күшті дамып, рифтер мен аралдарды Kvpan, жер беті бедерін (рельефін) жасауға қатысады.

Сегіз сәулелі (Octocorallia) полиптердің қаңқасы мезоглея қабатындағы спикула деп аталатын әр түрлі инелерден құралып, іштей орналасады. Спикулалар ме­зоглея қабатындағы склеробласт клеткаларынан дамып, СаСО3 (ізбестен) немесе мүйізді органикалық заттардан тұрады. Инелері көп болған жағдайда олар бір-бірімен қосылып тұтас қаңқаны құрайды.

Алты сәулелілерде (НехасогаШа) ізбесті қаңқасы сырттай орналасып ерекше түзіледі. Ең алдымен колониядағы жеке полиптің эктодермасынан сыртқа қарай ізбесті табанша тақтасы бөлініп шығады. Одан денесін сырттай орап алатын тостағанша қаңқасы немесе текасы дамиды. Текадан ішке қарай, септаларды бойлай қаңқа перделері - склеросепталар жайылады. Склеросепталар тек бірінші реттегі жұп септаларда болады. Колонияның жеке особьтарының қаңқалары бірігіп мықты, бүкіл колонияға ортақ қаңқаны құрады. Осыңцай колониялардан пайда болған маржан рифтері мен маржан аралдары Атлант, Үнді және Тынық мұхиттарыңда өте көп.

Көбеюі және дамуы. Маржан полиптері жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді. Кейбір жеке тіршілік ететін актиниялар ұзына бойы бөліну, ал колониялы формалары бүршіктену арқылы көбейеді.

Көпшілігі дара жыныстылар. Жыныс клеткалары септаның энтодерма мен мезоглея аралығында дамиды. Аталық клеткалары эпителий қабатын тесіп, гастраль қуысына өтіп, одан ауыз тесігі арқылы су ортасына шығады да, сумей бірге аналық особьтарына өтіп жұмыртқа клетканы ұрықтандырады. Жұмыртқаның алдыңғы даму кезеңі гастраль қуысында өтеді. Зигота толық және біркелкі бөлшектеніп, бластула, гаструла ұрығын түзеп, одан кірпікшелі планула личинкасы пайда болады. Ол анасының ішінен ауыз тесігі арқылы су ортасына шығып, кірпікшелерінің көмегімен суда жүзіп жүреді де, денесінің кеңейген алдыңғы бөлігімен субстратқа бекініп жас полипке айналады. Кейде планула анасының ішінде жас полип деңгейіне дейін дамып, содан кейін сыртқа шығады.

Коралл (маржан) рифтері және олардың жер қыртысын қалыптастырудағы маңызы. Маржан полиптердің көпшілігі қаңқасы жақсы дамыған колониялы формалар болып келеді. Осьтардың арасында кең тараған, мықты біртұтас құрылысты ізбесті қаңқасы бар тобы - мадрепоралы немесе тасты маржандар. Қаңқасының күшті жетілуіне байланысты олар рифтер мен аралдарды құрап, жер қыртысының қалыптасуына қатысады.

Дене формасы бұтақты ағаш тәрізді немесе дөңгелек шомбал құрылысты, кейбіреулері өте ірі, мысалы Асгорога туысы бұтағының ұзындығы 4 м-ге дейін жетеді.

Рифтерді құрушы мадрепоралы маржандардың негізгі ерекшеліктері - оларға теңіз суының 3,5% тұздылығы, температурасы 20°С-дан төмен түспейтіндігі, таза, оттегіне бай су аймақтары қажет және 50 м-ден аспайтын тереңдікте ғана тіршілік ете алады. Терендік шамасының осылайша шектелуі олардың денесінде жарық сүйгіш бір клеткалы симбионтты (селбесу) балдырлар - зооксантеллалардың болуына байланысты. Осылардың көмегімен мадрепоралардың қаңқасы түзіледі деген жорамал пікір бар. Егер зооксантеллаларды денеден алып тастаса, онда қаңқаның құрылуы да тоқталады.

Осы ерекшеліктеріне байланысты мадрепоралы маржандар жылы теңіздерде, Атлант, Үнді, Тынык. мұхиттарының тропикалық аймағында, Австралия, Океания және Индонезия аралдарында кең тараған. Олар әр түрлі көркем түсті болып келеді және арасында сол рифтің түсіндей әсем түсті көп түрлі жануарлар (балықтар, тікентерілілер, моллюскалар, шаянтәрізділер, көпқылтанды құрттар) және бал­дырлар тіршілік етіп, өзгеше рифтік биоценозын құрайды. Бір организмдер рифті жауынан жасырыну немесе қоректену ретінде қолданады, басқалары рифтің түзілуіне қатысады.

Рифтер негізінен - жағалық, бөгеттік (барьерлік) және атолл болып қалыптасады. Жағалық рифтер судың жиегінде, барьерлік - жағалауларға параллель, бірақ едәуір қашықтықта су ішінде орналасады. Австралияның шығыс жағындағы барьерлік рифтің ұзындығы 1400 км-ге созылады. Рифтер негізінен тірі және өлі полиптердің қаңқаларынан түзіледі.

Атолл - сақина пішінді маржанды арал, теңіз бетінен аздап көтерілген дөңгелек төбешік, ортасында теңіз суына толы айдыны (лагуна) болады. Оның беткі қабаттарында көп жағдайда су толқынымен және желмен әкелінген өсімдік тұқымдары өніп гүлді аралға айналады.

Барьерлі рифтердің және атоллдардың қалыптасуы жөнінде көптеген жорамалдар бар. Солардың ішінде - Чарльз Дарвиннің теориясы. Ч. Дарвин "Бигль" кемесінде жасаған өзінің әйгілі саяхаты кезінде рифтерге бақылаулар жүргізіп, сол жөнінде көп материалдар жинап, мынадай нәтижеге келген: "Жағалық рифтер орналасқан аралдың теңіз түбі, жер қыртысының құбылыстарына байланысты, біртіндеп төмен кете бастаған сайын, оның мөлшері де кішірейеді, сонымен қатар жағалық мар­жандар да аралмен бірге судың астына батады, ал оны құрайтын полиптер тереңдікке шыдай алмай өліп, орнына, жаңа жас полиптерді бере бастайды. Өлген полиптердің қаңқасы жас полиптерге бекінетін субстрат болады. Арал суға түгел батқан кезде оның орнына атолл түзіледі" (46-сурет).

46-сурет. Рифтердің пайда болу схемасы: Рифтер пунктирмен (бір-біріне жақын орналасқан нүктелер) белгіленген. Теңіз түбінің біртіндеп төмен түсуінің салдарынан жағалық рифтер (А) бірте-бірте барьерлік (Б), одан атоллға (В) айналады (Дарвиннін. теориясы бойынша)

 

Сөйтіп, теңіз түбінің біртіндеп шөгуінің салдарынан жағалық рифтер бірте-бірте барьерлік рифтерге, одан ортасы теңіз суына толы айдыны (лагуна) бар атоллға айналады. Осы жорамалды Ч. Дарвин 1842 жылы шыққан "Коралл рифтерінің құрылысы және таралуы" деген кітабында толық жазып көрсетті.

Ал, Агассиц пен оны жақтаушыларының теориясы бойынша барьерлік риф­тер және атоллдар су астына кеткен таулар мен жартастардың төбесінде орналасып дамыған. Бұл теория бойынша таулар мен жартастар бұрын мұхиттың ортасынан шығып тұрған, содан кейін не теңіз түбінің төмен шөгу салдарынан, не бұзылуы нәтижесінде олар су астына біртіндеп батып кеткен. Кейін зерттеушілер атоллдардың бірқатарын өте терең жерден бұрғылап, олардың ірге тасы өлген полиптердің қаңқаларынан тұратындығын анықтап, бұл теорияны жоққа шығарды.

1880 жылы Джон Мэррей осы жөнінде өз теориясын ұсынды. Оның ойынша, атоллдардың ішкі айдынындағы (лагуна) өзінің тіршілік әрекетінен бөлініп шыққан жоғары концентрациялы көмір қышқыл газының еріткіш әрекетінің нәтижесінде маржан құрылысының ішкі жағы біртіндеп бұзыла береді де, ал бүған керісінше сыртқы қабаты теңіз суында өте көп мөлшерде болатын кальций карбонатының есебінен өсіп тұрады. Бірақ теңіз суын гидрохимиялық зерттеулердің нәтижесінде жоғары температура жағдайында көмір қышқыл газының ізбестерді ерітіп жібере алмайтыны анықталды. Сөйтіп бүл теория да рифтердің түзілуіне дәлел бола алмай қалды.

Барлық теориялардың ішінде Ч. Дарвиннің теориясын дұрыс деуге болады. Осыған сәйкес ағылшын ғалымы Вильям Рисе төрт атоллдардың құрылысын және олардың қалыптасуын зерттеп, 1962 жылы Ч. Дарвиннің жорамалдары дәлелденді деп хабарлады.

Коралл рифтерін түзуші полиптердің қалдықтары өте ерте геологиялық дәуірлерде табылған. Палеозой эрасында рифтерді қалыптастыруға қатысқан өліп кеткен Rugosa және Tabulata класс тармағының өкілдері, ал Мезозой мен Кайнозойда казіргі риф түзуші полиптерге ұқсас түрлері қатысқан.

Маржан полиптердін қаңқасы құрылыс, өңдеу материалдары ретінде пайдаланылады.

Маржан полиптер класы бес класс тармағына бөлінеді, оның үшеуі құрып кеткен, екеуі ғана бар.

 

СЕГІЗ СӘУЛЕЛІ МАРЖАҢДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - OCTOCORALLIA

 

Бұл класс тармағына жататын полиптердің сегіз қармалауышы, сегіз септасы, сегіз камерасы болады. Қаңқасы іштей орналасып, мезоглея қабатында түзіледі. Негізгі отрядтары: альционария - Аісуопагіа, мүйізді маржандар - Gorgonaria, теңіз қауырсыны - Pennatularia.

Альционария немесе жұмсақ маржандар - Alcyonaria отрядына қарапайым құрылысты колонияльды полиптер жатады. Қаңқасы әр түрлі ізбесті инелерден құралып, бір-бірімен тұтаспай, мезоглея қабатында шашыраңқы түрде бос орналасады. Колониялары ағаш тәрізді, жұмсақтау болып төселіп жатады, олар - Alcyonium - терілі маржандар және әрбір полиптің айналасында қаңқа түтігі құрылып колониялары шомбал пішінді болып келетін - Tubipora - мүшелі маржандар. Alcyonium, Tubipora, Nephthia туыстастарының өкілдері тропиктік теңіздердің жағалауларында кең тараған.

Колониялары сары, қызыл немесе қоңыр тұсті. Germesia туысының өкілдері Ресейдің солтүстігі мен Қиыр Шығысындағы теңіздерінде кездеседі.

Горгонария немесе мүйізді маржандар - Gorgonaria - отрядының ерекшелігі -ағааш тәрізді колонияларының осінде спикулалардан басқа жартылай ізбестелген мүйізді діңгегі (стержень) болады. Олардың құрамында йодтың, мөлшсрі мол болып келеді, сол себептен орта ғасырда горгомариялардың қаңқасын үгітіп дәрі-дәрмек ретінде қолданған. Ең маңыздысы қызыл немесе асыл маржандар - Corallium rubrum. Ол Жерорта теңізінде және Атлант мүхитының Канар аралдарында 50 м тереңдігінде кездеседі. Қаңқасы ізбесті спикулалардың бір-бірімсн өзара берік қосылуынан пайда болады. Колонияның ішінде цилиндр тәрізді ізбесті діңгек өтеді, ал сырты ценосарк деп аталатын жұмсақ қабықпсн қапталынған. Сыртқы қабығы мен ішкі қаңқасы қызыл, кейде алқызыл түсті болады, осындай түсті болуы спикулаларына темір тұздарының жинақталуына байланысты. Қызыл маржандардың кәсіптік маңызы бар, олардан зергерлік бұйымдар жасайды.

Теңіз қауырсыны - Pennatularia - отрядына әсем түсті, тарамдалмаған ірі колонияльді полиптер жатады. Колонияның негізгі діңгегі алғашқы полиптің ұзарған денесінен құралып, оның жоғарғы жағында екі қатар параллель тәртіпте өте нәзік полиптері орналасқан. Колония төменгі сабақ жағымен су түбіне батып тұрады, Колонияның ұзындығы 40-60 см, ал Umbellula encrinus, Um. magniflora-ның - 200 см. Umbellula туысының өкілдері Атлант мүхитының солтүстігінде, терең жерлерде мекен етеді. Атлант мүхитында және Жерорта теңізіндс 20-40 м тереңдікте Veretillum cynomurium, ал Атлант, Тынық, Үнді мұхиттарында әр түрлі тереңдікге Pennatula phosphorea кездеседі. Колониялары қызыл сары түсті. Pennatula, Veretillum туыстарының өкілдері өз денесінен жарық шығарады. Жарықты шығаратын эктодерма без клеткаларының сілекейлері.

 

АЛТЫ СӘУЛЕЛІ МАРЖАНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - HEXACORALLIA

 

Қармалауыштарының, септаларының саны алтыға еселеніп келеді. Жеке тіршілік ететін немесе колониальды формалар. Бес отрядқа бөлінеді, солардың ішінде негізгісі - актиниялар немесе теңіз гүлдері - Actiniaria және мадрепоралы маржандар отряды - Madreporaria.

Актиниялар - Actiniaria-отрядына қанқасы дамымаған, жеке тіршілік ететін, денесі цилиндр тәрізді, сырт бейнесі гүл сияқтанған, түрлі түсті полиптер жатады. Кейбіреулерінің диаметрі - 60 см. Табанша бұлшықеттерін жиырып-созып, орынын ауыстырып отырады.

Актиниялар Арктика, Антарктика суларында, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарында мекендейді. Actinia eguina теңіздердің жағалауларында кездеседі.

Sagartia туысының өкілдері тақуа ІІІаянымен (Pagurus bernhardus) селбесіп тіршілік етеді. Актиния шаянды жауынан қорғайды, қорегін табуына көмектеседі, ал шаян оны бір орыннан екінші орынға ауыстырып, қоректік затты көп аулауына мүмкіндік туғызады (44,Б-сурет).

Мадрепоралы маржандар - Madreporaria-отрядына риф түзуші полиптер жатады. Колониальды формалар, ізбесті қаңқасы сырттай орналасып, мықты бір тұтас құрылысты болып келеді. Жылы теңіздерде, Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарының тропикалық аймағында кең тараған. Негізгі туыстары: Madrepora, Coeloria, Leptoria. Meandrivia. Олардың триас дәуірінен бастап тіршілік еткені белгілі.

Цериантария - Ceriantharia-отрядының өкілдері актинияларға ұқсас, қаңқасы дамымаған, жеке особьтары теңіздің түбіне көміліп тіршілік етеді. Тропиктік жылы теңіздерде мекендейді.

Зоантария - Zoantharia-отрядына жеке тіршілік ететін немесе колониальды полиптер жатады. Қаңқасы жоқ. Тропиктік жылы теңіздерде мекендейді, өте сирек кездеседі.

Антипатария - Antipataria-отрядының өкілдері колониальды формалар, қаңқасы мүйізді органикалық заттардан құралған, құрамында йод пен бром 6% мөлшерінде. Тропиктік мүхиттарда кең тараған.

 

ТӨРТ СӘУЛЕЛІ МАРЖАНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ -TETRACORALUA НЕМЕСЕ RUGOSA

Өліп біткен полиптер. Палеозой эрасында кең тараған. Ордовик пен силур дәуірінде жиі кездескен, бірақ ең басты өркендеу дәуірі - таскөмір. Олар риф құрушы полиптердің бірі болған. Негізінен жеке, ал кейде колониальды форма­лар да тіршілік еткен, пішіні бокал тәрізді (Omphiuma туысында). Төрт склеросепталары жақсы дамыған, осыған орай полиптерді төрт сәулелілер деп атаған. Rugosa деп аталуы - қаңқасының сыртқы бетінде сақиналы әжімдерінің болуында.

 

ТАБУЛЯТА КЛАСС ТАРМАҒЫ - TABUIATA

 

Өліп біткен полиптер. Кембрий дәуірінің қазбаларынан белгілі. Ордовик, силур және девон дәуірлеріңде кең тараған, маржан рифтерінің түзілуіне қатысқан, ал мезозой эрасының басында түгелімен құрып кеткен. Колониялы формалары басым болып, жеке түрлері сирек кездескен. Склеросепталары алтыға еселеніп келген, бірақ олар толық жетілмей, қатар-қатар орналасқан.

 

ГЕЛИОЛИТИДА КЛАСС ТАРМАҒЫ - HELIOLITIDA

 

Өліп біткен полиптер. Палеозой эрасында кең тараған, сол себептен палеозойдың геологиялық қабаттарының жасын зерттеуіндегі негізгі белгілерінің бірі болып табылады. Тек колониальды формалары ғана болған, склеросепталарының саны 12.

 

ІШЕКҚУЫСТЫЛАР (COELENTERATA) ТИПІНІҢ ФИЛОГЕНИЯСЫ

 

Нағыз көп клеткалы жануарлардың тобындағы ең қарапайым құрылысты - ішекқуыстылар. Олардың ересек кезінде де айқын сақталған - эктодерма мен энтодерма деп аталатын екі ұрық жапырақшаларының болуы. Құрылысы жағынан олар гаструлаға ұқсас және радиальды симметриясы жақсы дамыған. Даму кезіндегі пайда болған паренхимула личинкасы И. И. Мечниковтың "фагоцителласына" ұқсас. Осылардың барлығын ескере отырып, ғалымдар алғашқы ішекқуыстылардың арғы тегі И. И. Мечниковтың "фагоцителла" тәрізді еркін жүзетін организмдер болған, олар субстратқа бекініп гидроидты полиптерге бастама берген деп жорамалдайды.

Ішекқуыстылардың филогенетикалық байланыстарына қарасақ, олардың ішінде ең қарапайым гидрозоа (Hydrozoa) класы болып табылады. Бұлардың гастраль қуысы энтодерма клеткаларымен астарланған, жұтқыншағы дамымаған, құрылысы қарапайым.

Гвдрозоа (Hydrozoa) класының ішінде орталық орынды гидроидты полиптер (Hydroidea) алады. Оларды даму циклындағы метагенез процесі арқылы сцифомедузалармен жақындастыруға болады.

Гидрозоа класының ерекше тобы - сифонофоралар. Денесіндегі әр түрлі особьтарының - зооидтарының құрылысы мен физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты олар полиморфты колонияны құрап, күрделі формаларға айналып, эволюциялық дамуы жағынан гидроидты полиптерден жоғары тұрады.

Сцифомедузалар (Scyphozoa) мен маржан полиптер (Anthozoa) класы эволюциялық даму және филогенетикалық байланыстары жағынан гидрозоа (Hy­drozoa) класынан шыққан деп жорамалдайды. Бірақ, бұлар ерте кезде екі эволюциялық бағытта дамыған, яғни сцифомедуза және маржан полиптер кластарының өкілдері өзінің тіршілік ету формаларына байланысты елеулі өзгерістерге ұшыраған. Сцифомедузалардың полиптік кезеңі әлсіздеу, ал медузоидты кезеңі күшті дамып негізгі тіршілік рөлін атқарады. Ас қорыту жүйесі гастроваскулярлы жүйеге айна­лып, ас қорыту жұмысын және қорытылған асты сіңіру қабілетін арттыруына мүмкіндік береді. Маржан полиптердің медузоидты кезеңі түгелімен жойылып, күрделіленген полипоидты кезеңі ғана қалған. Ас қорыту жүйесі эктодермалық жұтқыншаққа және септалармен бөлінген гастраль қуысына бөлініп күрделілігін арттырады.

Жоғарыда айтылған ұқсастық және ерекшелік белгілерінің болуы ішеісқуыстылар кластарының шығу тектерінде туыстық қатынастың бар екендігін көрсетеді. Бұларда эволюциялық даму процесі бірнеше бағытта жүрген.

 

ЕСКЕКТІЛЕР ТИШ - CTENOPHORA

 

Ескектілер - тек теңіздерде еркін жүзіп, кейбіреулері жорғалап немесе тіркеліп тіршілік ететін, сәулелі симметриялы жануарлар. Денесі ішекқуыстылардікі сияқты эктодерма, энтодерма қабаттарынан және екеуінің арасындағы қалың мезоглея қуысынан тұрады.

Типтің өзіне тән ерекше белгілерінің бірі - атқыш клеткаларының орнына коллобласт деп аталатын жабысқақ клеткаларының дамуы, мезоглея қуысында алғашкы мезодерма клеткалар жиынтығының байқалуы, түрі өзгерген кірпікшелерінің көмегімен қозғалуы. Ескектілердің 90-ға жуық түрі белгілі. Бұл типке бір ғана класс - ескектілер - Ctenophora жатады.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 711; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.15.144.170 (0.051 с.)