Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

тақырып Өрт және өрт қауіпсіздігі ережелерін қылмыстық бұзуды тергеудің әдістемесі

Поиск

 

Жоспар:

 1. Өрт және өрт қауіпсіздігі ережелерін қылмыстық бұзудың

криминалистикалық сипаттамасы

  2. Тергеудің типтік ситуациялары, болжаулар және жоспарлау

  3. Тергеу әрекеттерінің тактикасы

 

  1. Өрт және өрт қауіпсіздігі ережелерін қылмыстық бұзудың криминалистикалық сипаттамасы

 

Өрт – бұл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, материалдық залал келтіріп, физика-химиялық құбылыстармен байланысатын, белгілі бір себеп-терден туындайтын жану процесі.

Өрт пайда болу себептеріне байланысты төрт топқа бөлінеді:

1. антропогендік – адамзат факторымен тікелей байланысты;

2. техногендік – машиналардың, техниканың, құрал-жабдықтардың құры-лымдарының технологиялық жағдайына байланысты өзінен-өзі өртенуі;

3. табиғи құбылыстардың әсерінен, мысалы: найзағайдың түсуінен;

4. криминалдық – адамдардың отқа қылмыстық немқұрайлықпен қарауы-нан немесе қасақана әрекеттерінің салдарынан және адамзат қызметінің кез-келген жерінде, әртүрлі мақсаттары мен себептерінен туындауы мүмкін. Қылмыстық-құқықтық, әсіресе криминалистикалық көзқарас тұрғысынан өртке әкеліп соғатын адамдардың қылмыстық әрекетіндегі әдістерінің ерекшелік-теріне байланысты өрт қылмыстарын екі түрге бөліп қарастыруға болады: қасақана әрекеттен пайда болатын өрттер; екіншісі тұрмыста және өндіріс процесі барысында өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін қылмыстық бұзудың салдарынан пайда болатын өрттер. Осыған сәйкес, яғни аталған қылмыстарға байланысты қылмыстық жауаптылық ҚР-сы Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша туындайды және сараланады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі өрттің қылмыстық әрекет нәтижесінде пайда болуына байланысты қылмыстық жазаланатын әрекеттердің қатарын қарастырады: бөтен адамның мүлкін қасақана немесе абайсызда жою немесе бүлдіру; өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу; атом энергетикасы объекті-лерінде қауіпсіздік ережелерін бұзу; тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік бұзу; жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік ережелерін бұзу.

Өртке қатысты қауіпті заттар мен материалдарды өндіріс процесіне енгізу жағдайындағы өртті алдын алу және тергеу мәселелері өте өзекті, әрі көп аспектілі болып табылады. Бірақ бұл қылмыстар көбінде ашыла бермейді. Тергеудің үстірт жүргізілуі салдарынан өрттің болу себептері анықталмай қалады, кінәлі тұлғалар әшкерленбейді, өрттің нәтижесінде келтірілген материалдық залалдардың орнын толтыруға байланысты қажетті шаралар қолданылмайды.

Қылмыстық іс жүргізу заңының нормаларына сәйкес әрбір болған өртке байланысты оның пайда болу мән-жайларын анықтау мақсатында тексеру жүргізіледі. Қылмыс құрамының белгілері толық болған жағдайларда қылмыстық іс қозғалады.

Төтенше жағдай министрлігінің төтенше жағдай аясындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының анықтама бөлімі өрт жөніндегі анықтау органдары болып табылады. Оларға келесідей міндеттер жүктеледі: өрттің пайда болу себептері мен жедел-іздестіру шараларын жүргізу; кінәлі тұлғаларды анықтау; өртті ескерту және оны алдын алуға байланысты қажетті жұмыстарды жүзеге асыру.

Өртке байланысты істер бойынша алдын ала тергеу өндірісін жүргізу қажет. Анықтама органы қылмыстық істі қозғайды және қылмыстық жазалайтын әрекеттің іздерін анықтау мен бекіту үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізеді. Қылмыс ашылғандығы және ол бойынша анықтау әрекеті басталғандығы жөнінде прокурорға дереу хабарланады. Кейінге қалдырылмайтын тергеу әрекеттерін орындау кезінде анықтама органы тергеушіге істі беруге міндетті. Өртке байланысты істер бойынша алдын ала тергеу жұмыстарын ішкі істер органдарының тергеушілері жүргізеді.

Қылмыстық істер мынандай жағдайларда қозғалады: а) өртеу белгілері болған; ә) адам өлімі болған; б) өрт үлкен апатқа айналған; в) ірі мөлшерде материалдық залалдар келтірілген; г) басқа қылмыс белгілері болған; д) өрттің болу себептері анықталмаған жағдайларда.

Талқыланып отырған қылмыс түрінің криминалистикалық сипаттамасы қылмыстық қол сұғушылықтың пәнін сипаттайтын мәліметтерден, яғни оларды жасау жағдайлары мен механизмінен, әдістерінен, қылмыскердің жеке басының ерекшеліктерінен, кейбір жағдайларда өрт сөндірушілердің өрт сөндіру кезіндегі әрекеттерінен көрініс табады.

Белгіленген істер бойынша қылмыстық қол сұғушылық пәнінің жоғарыда көрсетілген ерекшеліктері, өрт кезінде жойылған немесе зақымдалған мүліктің сипатын (мемлекеттік немесе жеке, оның түрі, құны, т.б.), өрттің туындау себептерін, бұзылған өрт қауіпсіздік ережелерінің түрін анықтау үшін қажет. Аталған ерекшеліктер туралы мәліметтер қылмыстың жасалу әдісін, жағдайы мен механизмін, құқыққа қайшы әрекеттің ниетін, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауда маңызды.

Аталған қылмыстардың жасалу тәсілдері де әртүрлі. Көбінде қасақана жасалған өртеу қылмыстарына мынандай сипаттамалар тән: дайындық кезеңінің болуы (қылмыстық қол сұғушылықтың объектісі туралы мәліметтер жинауды қоса алғанда); оны зерттеу; өртейтін объектіге бару; қылмыстық ниетті ойластыру; өртеу үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтарды таңдап алу; болатын жағдайға немесе осы жағдайдың өзгеруіне өзін бейімдеу; өрттің ізін жасыру үшін шаралар қолдану. Сонымен қатар өрттің жасалу тәсілдеріне байланысты мынандай бірнеше типтік түрлерге бөлінеді: тез жанатын және тез тұтанатын материалдарды өртейтін жерлерде болған өрт; жандыруға арнап жасалған материалдар көмегімен өртеу; жылдам немесе жоспарланған уақытта оттың сыртқы көзінен туындауына есептеліп жасалған жағдайлардың немесе арнайы дайындалған техникалық құралдардың көмегімен өртеу; қандай да болмасын заттар мен материалдардың өзінен-өзі жануына қолайлы жағдайлар жасау жолымен жасалатын өрт.

Өз кезегінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға дайындық кезеңі тән емес, дегенімен де жасалатын әрекеттердің жауаптылығынан бас тарту мақсатында оқиғаның мәнін жасыруға байланысты қылмыстық әрекетті бүркемелеуі мүмкін. Аталған құқық бұзушылықтар, олардың жасалу тәсіліне байланысты бірнеше түрлерге бөлінеді: тұрмыстық және өндірістік-жарықтандыру, жылыту, газ және химиялық құрылғыларды пайдалану мен сақтау кезінде өрт қауіпсіздігіне қарсы ережелерді сақтамау; электрөткізгіш және жарықтандыру құрылғыларын тұтыну мен жасауға байланысты өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу; отпен байланысты жұмыстардың, алау жағу және т.б. дұрыс жүргізілмеуі; жоғары өрт қауіптілік көздеріне (автокөлікке, жарылғыш заттарға т.б.) немқұрайлықпен қарау.

Осы қылмыстардың механизмінің бастапқы кезеңінде өрт жасырын түрде болуы мүмкін, ал шарықтану және соңғы кезеңдерінде ашық және айқын түрде болады. Бұл механизмдер бір жағынан түтіннің пайда болу ерекшелігі мен кезектілігінен, өрттің көрінісінен, оның жою күшінен, сонымен қатар пайда болған жағдайлардан өртеуге байланысты қолданылатын тәсілдерден немесе өрт және басқа да қауіптілік көздерін дұрыс пайдаланбаудан, ал екінші жағынан оттың өрттік және энергетикалық күшінен айқын түрде көрініс табады. Осы істер бойынша себепті-тергеулік мәліметтерді алу үшін өрт механизмінің барлық кезеңдерінің көрінісін елестете білу тиіс.

Жағдайды анықтау үшін оқиғаға тікелей және жанама қатысқан тұлғалардың жүріс-тұрыс сипаты жөніндегі, сондай-ақ келтірілген зардаптардың ауырлығы мен ерекшелігі туралы мәліметтер өте маңызды болып табылады. Осылардың бәрін анықтау істің мән-жайы туралы көптеген маңызды мәліметтерді және қылмыстың болған жерін, жасалу тәсілі мен механизмін, сезікті тұлғалардың шеңберін анықтау үшін қажет. Оқиға болған жерді мұқият қарау мен әртүрлі мамандарды орынды пайдалану бұл мәселені шешуді қамтамасыз етеді.

Өрт сөндіру жағдайы мен өрт сөндіру тактикасының криминалистикалық маңызы бар. Өрт сөндіруші тұлғалардың өртті сөндіру бағытына, таңдап алған әрекеттері мен тәсілдеріне байланысты өртеу кезіндегі ситуация анықталады, бұл жағдайларда өртті ешқандай адам өлімінсіз, елеусіз көлемде залал келтіріп сөндіруге, болмаса керісінше ауыр зардап, залал тудыруға әкеп соқтыруы мүмкін.

Мұндай сипаттағы қылмыскерлердің типологиялық ерекшеліктері де әртүрлі. Өрт жағушы тұлғалардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарында олардың жеке басы жөнінде теріс (жағымсыз) мінездеме берілетіндігі сөзсіз. Олардың көпшілігі бұрын сотталған, ішімдікке, бұзақылық әрекеттерге бейім тұлғалар болып келеді. Мысалы, азаматтардың жеке мүлкін өртеу істері бойынша өртеушілердің басым көпшілігі бұрын әртүрлі қылмыстары үшін сотталған тұлғалар. Көп жағдайларда өртеу әрекетін жалғыз адам жүзеге асырады. Дегенімен де, қазіргі кезде ұйымдасқан қылмыстардың пайда болуына байланысты өрт қоюшылар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен тұруы мүмкін. Мысалы, бәсекелестерінен өш, кек алу, есеп айыру және т.б. мақсатта. Өрт қауіпсіздік ережелерін қылмыстық бұзған тұлғалар еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздік ережелерін қылмыстық бұзған тұлғаларға тән белгілермен сипатталады. Жеке мүлікті өртеу кезінде мұндай қылмыстың криминалистикалық сипаттамасының қажетті элементі болып криминалис-тикалық маңызы бар жәбірленуші туралы мәліметтер табылады (оның жеке бас, өмір сүру бейнесі, шұғылданатын кәсібі мен істейтін жұмысы, араласатын адамдары және т.б. жөніндегі мәліметтер). Бұл мәліметтер өрт қою жағдай-ларын ескере отырып дереу түрде іздестіруге қажетті қылмыскерлер шеңберін анықтауға мүмкіндіктер береді.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 7; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.15.237.229 (0.007 с.)