тақырып Алаяқтық қылмысын тергеу әдістемесі 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

тақырып Алаяқтық қылмысын тергеу әдістемесі

Поиск

 

Жоспар:

1. Алаяқтық қылмысының криминалистикалық сипаттамасы.

 2.Алғашқы тергеу кезіндегі типтік ситуациялар және тергеу 

.... болжауы мен жоспары

 3. Алғашқы тергеу әрекеттерінің тактикасы

 4.Кейінгі тергеу әрекеттері

 

 

Алаяқтық, яғни бөтен мүлікті ұрлау немесе мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу меншікке бағытталған қылмыстар қатарына жатады.

Меншікке қарсы қылмыстардың ішінде алаяқтық қылмысы сирек кездесетін, бірақ кейінгі жылдары оның өсу қарқыны бірден көзге түседі. Алаяқтың қоғамға қауіптілігі күннен-күнге өсуде: бұл тектес қылмыстық әрекеттер мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге, коммерциялық құрылымдарға және азаматтарға үлкен материалдық зиян келтіріп, саяси тұрақсыздандыруға апаратын факторға айналып отыр. Көбінесе алаяқтық әрекетті жүзеге асырғанда қылмыстық қол сұғушылық заты - ақша. Кейбір жағдайларда алаяқтар өнді-рістік тауарларды, валюталарды, бағалы қағаздарды, мүлікті, зергерлік бұйымдарды, өнер тауарларын иемденеді.

Алаяқтық қылмысы әртүрлі тәсілдерімен жасалады. Алдау немесе сенімді пайдалана отырып зиян келтірудің көптен келе жатқан тәсілдеріне мыналар жатады: карта, басқа да әуесқой, құмар ойындарды («рулетка», «сүйек-бөтелке» айналдыру т.б.) ойнағанда әртүрлі айла қолдану; жасанды асыл бұйымдарды сату; жасанды ақша мен заттарды пайдалану; жалған ақша купюраларының эквивалентті емес түрлерін айырбастау; өздерін бақылау және құқық қорғау және т.б. органдарының қызметкерлері ретінде таныстыру жолымен әрекеттер жасау.

Алаяқтар жоғары кәсіпқойлығымен, техникалық жағынан толық жабдықта-нуымен ерекшеленеді. Карта ойнайтындар ойынға қатысушылардың картасын көру үшін телеқондырғыларды қолданған жағдайлар да кездеседі.

Алаяқтар қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жылдам назар аударып, қарапайым тұрғындар мен коммерсанттардың жеткі-лікті құқықтық білімінің және нарықтық қатынастарға сәйкес тәжірибелерінің жоқтығын ескере отырып, нарықтағы бағалы қағаздармен, шетелмен коммерциялық байланыстарды жүргізуге, жекешелендіруге толық инвестиция-лармен, несиелік-банктік қызметпен байланысты әртүрлі алдау әдістерін ойластырып тәжірибеде қолдануда. Қазіргі кездегі алаяқтық әрекетінің өзіне тән ерекшелігі, олар заңды тұлғаның атынан азаматтық-құқықтық мәмілелер жасап және қаржылық-шаруашылық операцияларды жүзеге асыруында.

Кейінгі жылдары алаяқтық қылмыстарының төмендегідей тәсілдері өте кең тараған: банктік несиелерді жалған құжаттар арқылы алу; жалған фирмалар құрып кейіннен халықтың қаражатын иелену; тұрғын үйлерді алу (сату, айырбастау, арендаға, кепілге беру) үшін жалған құжаттар жасау; банкоматтан ақша немесе сауда кәсіпорындарынан тауарлар алу үшін, біреудің немесе қолдан жасалған пластикалық карточкаларды қолдану; валютаны айырбастау, шетелдік куәліктерді, визаларды рәсімдеу кезіндегі, қамтамасыз етілмеген акцияларды және құнды қағаздарды сату барысында жалған құжаттарды қолдану және т.б.

Басқа тәсілдерге тоқталатын болсақ: 1) мемлекеттік және қоғамдық материалды құндылықты қоймалардан, базалардан және басқа да обьектілерден жалған құжаттарды пайдалану арқылы алу; 2) жалған құжаттарды пайдалана отырып мемлекеттегі құжаттарды, мемлекеттік зейнетақыларды немесе әлеуметтік қамсыздандыру органдарынан басқа да төлемдерді заңсыз жолмен иелену; 3) мемлекеттік және коммерциялық банктерден әртүрлі жалған чектік құжаттарды қолдану жолымен көп мөлшердегі қаражаттарды иелену; 4) мемлекеттік мүлікті жалған құжат арқылы несиеге алу немесе қалған қарызды төлеуден жалтару.

Алаяқтардың ақшалай қаражаттармен жасаған қылмыстық тәсілдері банктік есеп айырысуда толық құрылымды және күрделі болып келеді. Алаяқтар қылмыстық іске кіріспес бұрын, міндетті түрде дайындық жұмыстарын жүргізеді. Олар алдымен қатаң есептегі банк құжаттарын қолға түсіріп, ұрланған ақшаны аударатын ұйымдарды анықтайды және құжаттарды жеткізу (жіберу) әдістерін шешеді. Басқа да қажетті мәліметтер мен банк кодтарын, шифрларын, т.б. алдын ала анықтап біледі. Сонымен қатар, дайындық жұмысына қылмыскердің көздеген тиісті коммерциялық банктердің қызметкерлерімен алдын ала сөз байласып келісулері жатады. Ұрлық қылмыстары құжаттарды белгіленген жерге жіберіп, оның банкке өтуін қадағалау мен есеп бойынша аударылған ұйымнан түскен ақшаны алу жолымен жүзеге асады. Мұндай қылмыстық іс ақша айналымын құрайтын құжаттарды (жалған мәміле, шарт, келісімдер және т.б.) тексеру арқылы ашылады.

Азаматтардың жеке мүлкіне қол сұғушылық кезінде алаяқтар әр түрлі тәсілдерді қолданады: ақшаны жоғары пайызбен қарызға алу және оны қайтармау; сатылатын заттың өзін емес оған ұқсас затты беру; сауда жасағанда, ақшаны айырбастағанда, майдалағанда алдау; алтын бұйымдардың орнына мыстан жасалған бұйымдарды сату; жалған ақша беру; көмек көрсетемін деп ақша алу немесе белгілі бір қызмет көрсетуге тауарларды алу; пал ашу, тәуіпші-лік, емшілік жасау арқылы ақша алу; тауарларды және басқа да материалдық құндылықтарды алу мақсатында басқа адамның атын иеленіп жалған шарттар жасау нәтижесінде ақша алу; жалған мәмілелер жасау.

Алаяқтық қылмысын жасау тәсілдерінің кеңінен тараған түрлері: алаяқтар бір бума ақшаға ұқсас жалған ақшаларды жолға тастап, оны бөлген кезде жәбірленушінің шын ақшаларымен ауыстырып алу, сонымен қатар алаяқтардың бөтеннің мүлкін иелену мақсатымен некеге тұру; атақты әншілердің атынан концерттер қою, өнер туындыларын қолдан жасау және сату сияқты тәсілдері жиі кездеседі.

Жәбірленушілерді алдау, олардың тікелей байланысқа түсулері арқылы жүзеге асырылатындықтан, соңғылары барлық уақытта өздерінің қылмыстық іс-әрекетінің ізін жасыруды ойластырады. Осындай мақсатта картадан ұтылған жәбірленушіге ақшаның жартысын ұтып алуына, жалған құжат жасауына, жалған алиби құрастыруына, шетелге қашуына мүмкіндіктер беріп, сырт көзге заңды болып көрінетіндей барлық шараларды қолданады.

Алаяқтық қылмысы қолданылатын тәсілдері мен басқа да жағдайларға байланысты көшеде, жеке пәтерде, дүкен, фирма мемемелерінде жасалады. Алаяқтардың жеке басын зерттеу кезінде олардың жоғары кәсіби деңгейі, құқықтық білімдері, ой-өрісінің жетіктілігі анықталады.

Алаяқтардың ішінде рецедивистер көп, соның 30 пайызын әйелдер құрайды.

Соңғы жылдары қылмыстың жекеленген түрлері бойынша маманданды-рылып ұйымдасқан топтарды құру кеңіңнен таралуда. Бұл топтардың ішінде қылмыскерлер атқаратын рөлдерін өзара бөліседі. Әдетте әртүрлі әуесқой ойындарды өткізген кезде біреулері азаматтарды ойынға тартады, ал басқалары ойын үстінде жәбірленушіге психологиялық әсер етеді, үшіншілері ойынды жүргізеді, төртіншілері операцияның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Топтың мұндай түрі техникалық жабдықтылығымен, шапшаңдығымен, басқа топ қылмыскерлерімен тұрақты байланысымен ерекшеленеді. Олардың ішінде кейбіреулері нақты белгіленген, танымал ұлттық-аумақтық атаққа ие.

Жәбірленушілердің ішінде қасақана заңды бұзатын адамдар көп кездеседі. Оларды көбінде алаяқтар пайдаланады. Мұндай тұлғалар тәртіптен тыс визалар, шетелдік паспорттарды алуға, банктік несиелерді пайдалануға, шетелдік келісім шарт жасауға, шетел азаматтарынан келіп түскен жүктерді кеденнен өткізуге, өздерінің мүлік-заттарын валютаға сатуға тырысады.

Заңды мүлтіксіз орындайтын азаматтардың көбісі алаяқтардың алдауына ұшырап, қылмыс құрбаны болуда. Алаяқтар қылмыстық әрекеттерін көбінесе тұрғын үйі бар жалғыз басты қарттар, психикалық аурумен ауыратын адамдар, көп балалы жанұялар, кәмелетке жасы толмағандарға жасайды.

Алаяқтық қылмыстарын жасау тәсілдері туралы мәліметтерді олардың қалдырған іздері ғана арқылы ала аламыз. Олардың қатарына: жәбірленушілер мен басқа да адамдардан алаяқ және оның әрекеті жайында мәліметтерді алу; жәбірленушіде қалған қылмыс құралдары (жасанды ақша, қолхат, жалған құжаттар мен бағалы қағаздар, жасанды зергерлік бұйымдар, заттар және т.б.); қылмыскерлердің алаяқтық әрекетіне дайындығын нақты көрсететін түпнұс-қалық құжаттарды (телеграмма, келісім-шарттар) және т.б. жатқызуға болады.

 

 2. Алғашқы тергеу кезіндегі типтік ситуациялар және

тергеу болжауы мен жоспары

 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, алаяқтық әрекеті анықтама органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізген кезде анықталады немесе олар жайлы мәліметтер азаматтардың арыздары мен заңды тұлғалардың хабарлауы арқылы белгілі болады.

Алаяқтық қылмыстары азаматтық құқықтық мәмілелермен немесе қаржы-шаруашылық операциялармен бүркемеленіп жасалған жағдайларда анықтама органдары тергеуге дейінгі келесідей тексеру жұмыстарын жүргізеді: құжаттар мен нормативтік актілерді талап ету және тексеру, жәбірленушіден, сезіктіден және т.б. түсініктемелер алу, ревизия тағайындау, мамандармен кеңес жүргізу. Осы жұмыстармен қатар жедел-іздестіру шараларын да жүргізеді.

Алаяқтық қылмыстарды тергеудің алғашқы мазмұны бастапқы тергеу ситуациясына байланысты құрылады. Қылмыскердің жеке басы туралы мәліметтерді негізге ала отырып, тергеу ситуациясын төрт категорияға бөліп қарастыруға болады.

1. Алаяқ белгілі, ол алаяқтық әрекет жасау үстінде немесе оны жасап біткен соң ұсталды. Мұндай жағдайларда тергеу әрекеті келесідей кезектілікпен жүргізіледі: сезіктіні жеке тінту және одан жауап алу; тінту кезінде алынған заттай дәлелдемелерге қарау; оқиға болған жерді қарау; жәбірленуші мен куәлерден жауап алу.

2. Алаяқ белгілі, бірақ ол тергеуден бой тасалап жүр. Бұл тергеу ситуация-сындағы негізгі мәселелердің бірі алаяқты іздестіру. Жәбірленушіден, куәдан жауап алу, заттай дәлелдемелерді қарау-тергеу әрекеттерінен басқа да келесідей әрекеттер жүргізіледі: ішкі істер органдары бөлімшелерінің сезіктіні іздестіруге байланысты бағыты анықталады; жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылады; сезіктінің жеке басын және оның болуы мүмкін жерлерді анықтауға байланысты шаралар қолданылады.

3. Алаяқ белгілі, бірақ оның әрекеттері бүркемеленіп заңды мәмілелер ретінде көрсетілген. Мұндай ситуацияларда сезікті жүргізген әрекеттердің сипаты мен құқықтық негіздерін анықтай отырып, төмендегідей зерттеулер жүргізіледі: алаяқтық арқылы жасалған келісім туралы құжаттарды қарау және алу, осыған қатысты лауазымды адамдарды анықтау мен олардан жауап алу, бұл операцияларды реттейтін заңдарды қарастыру.

Алаяқтық әрекеттерін жасыру мақсатымен заңды тұлғалардың (акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектелген серіктестіктер, жеке кәсіпорындар және т.б.) шаруашылық қызметін тексеру керек. Сонымен қатар, тексерілетін фирманың жарғылық және өзге де құжаттарын алу және зерттеу; инвентаризация мен ревизияны тағайындау; жұмыс орындарын қарау немесе тінту; салымшыларды анықтау және олардан жауап алу (жеке адамдардан инвестиция ретінде жиналған ақша қаражаттары орынсыз жұмсалса); фирманың мүлкін, қаражатын және құнды заттарын іздеу; банктік есептеріне тыйым салу.

4. Алаяқ белгісіз. Мұндай жағдайда тергеуші: жәбірленушіден, мүмкін куәлардан жауап алады; субьективті портрет құрастырады; криминалистикалық тіркеу арқылы ашылмаған алаяқтық қылмыстарын жасалу тәсілі бойынша және осыған ұқсас жолмен жасалған қылмыстарды жасаған қылмыскерлерді аты-жөні бойынша іздестіру шараларын жүргізеді; жедел-іздестіру шараларын жүргізуді ұйымдастырады.

Тергеудің бастапқы кезеңінде келесідей жалпы типтік болжаулар ұсынылады:

· алаяқтың қылмысы арызданушының хабарлаған жағдайларындағыдай жасалған;

· алаяқтық қылмысы орын алмайды, қылмыстың басқа түрі (қорқытып талап ету, шабуыл жасап тонау және т.б.) жасалған;

· азаматтық-құқықтық мәміле заңды түрде жасалған (заем, айырбастау, сату-сатып алу).

Осы үш ситуацияның ақпараттық негізін талдау нәтижесінде жалпы болжаулар құрып оны тексеру қажеттілігі туындайды, яғни алаяқтық қылмысы шынымен бастапқы алынған мәліметке байланысты жасалған ба, сондай-ақ алаяқтылықты инсценировкалау әрекеті болуы мүмкіндігін анықтау. Жеке болжаулар әдетте, міндетті түрде қылмыскердің жеке басын, оның жүрген жерін анықтау мен бұрынғы ашылмаған ұрлық қылмысын жасаулары мүмкін-дігі жайлы мәліметтер алумен, мүлкі үрланған мекемелердің қызметкерлері мен қылмыскерлердің байланысын, қылмыс жасаған жері мен оған келтірген зиянның мөлшерін анықтаумен байланысты құрылады.

Төртінші ситуация негізінен алаяқтың жеке басын анықтау мақсатында, оның бұрыңғы қылмысқа қатыстылығы және оның осыған ұқсас жолмен жасалған ашылмаған қылмыстарына қатысының болу мүмкіндігі анықталады.   

Аталған санаттағы қылмыстық істер бойынша дәлелденуге жататын мән-жайлар: 1о алаяқтық қылмысы жасалды ма (орын алған ба); 2о қылмысты жүзеге асыру орны, уақыты, жағдайы, тәсілі; 3о қылмыстық ниеттің болуы; 4о қыл-мыстық қол сұғылған зат (нені иеленіп алды), алаяқ қанша мөлшерде ақша заңсыз алды; 5о алаяқтық кімге қатысты жасалған (мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарға, коммерциялық құрылымдарға, жеке тұлғаларға); 6о қылмыскерлердің жеке басы туралы мәліметтер (жұмыс орны, еңбек ету сипаттамасы, сотталғандығы, қылмыс жасау ниеті мен тәсілі, бұрын жасалған қылмыстағы, қылмыстық топтағы рөлі); 7о алаяқтық топ және басқа да қылмыстық әрекетке қатысушылар туралы мәліметтер (құрамы, саны, техника-мен және қарумен қамсыздандыруы, сыбайлас жемқорлармен байланысы, мамандандырылуы); 8о жәбірленушінің жеке басы, алаяқпен байланысқа түсу жағдайы туралы мәліметтер; 9о алаяқтық жасауға себеп болған мән-жайлар.

Алаяқтық қылмысы заңды тұлғалардың инсценировкалауымен жасалған жағдайда келесі мән-жайлар анықтауға жатады: мұндай тұлғаның құқықтық мәртебесі және ұйымдасқан-құқықтық формасы, мәміле мен операцияны жүргізетін лицензиясының бар-жоқтығы; бағалы қағаздар шығару тәртібі мен валюталық, кедендік және басқа да заңдылықтардың сақталу тәртібі және т.б.

Алаяқтық жолымен мүлікті талан-таражға салу қылмыстарының бастапқы және кейінгі тергеу кезеңінің жоспарында біреудің мүлкін иелену және ысырап ету арқылы талан-таражға салу қылмыстарының негізгі мәселелері қарасты-рылуы қажет. Тек бірінші жағдайда тергеудің ұйымдық мәселелерінен гөрі тактика-әдістемелік мәселелеріне ерекше көңіл бөлу керек. Сонымен қатар алаяқтық қылмыс жоспарының негізіне қылмыстық оқиға емес, іздестіру мәсе-лелері кіреді (алаяқты, ұрланған мүлікті т.б.). Осындай жоспарда тергеуші мен жедел-іздестіру органдарының тығыз қарым-қатынасына аса көңіл бөлінуі тиіс.

Тергеудің кейінгі кезеңіндегі типтік тергеу ситуациясының мазмұны әдетте талан-таражға салу қылмыстарының ашылу дәрежесіне байланысты (алаяқ іздестіріліп ұсталды ма, оның барлық қылмыстық әрекеті анықталды ма, алаяқтық жасаған адамның кінәсі дәлелденді ме, сезіктінің, айыпкердің басқа қылмыстар жасағандығы жөнінде қосымша ақпараттар бар ма).

 

                                                  



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 10; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.133.135.89 (0.013 с.)