Тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi



 

21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi

 

1. Қазақстан Республикасында мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланылады.
2. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы, аудандық, қалалық сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегі әрбiр депутаттық мандатқа сайлаушылардың орташа санының он бес процентінен аспауға тиiс.
3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.
4. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар сақталып, бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады.
5. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.
Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

 

22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың
шекараларын қайта қарау

 

1. Сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн, олардың шекараларын және округтiк сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тиiстi сайлау комиссиялары тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3. Сайлау округтерiнiң тiзiмiне өзгерiстер енгiзудi, олардың шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн анықтауды тиiстi сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

 

23-бап. Сайлау учаскелерiн құру

 

1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.
2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:
1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;
2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.
3) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.
4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін жетi күн мерзiм iшiнде, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.
Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

 

4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi

 

24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi
және оларды жасау тәртiбi

 

1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.
2. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауы әрi оның тұрғылықты мекен-жайын қамтиды.
5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган халықты есепке алуды жүзеге асыратын органдар ұсынған мәліметтердің негізінде жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар.
Осы тармаққа сәйкес азамат өтiнiш жасаған кезде жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелу орны бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығаруды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.
Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылардың тiзiмiне тиiстi әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын тиiстi сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады.
Басқа құзыреттi органдар мен ұйымдардың деректерiмен алдын ала салыстырылған сайлаушылар туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган әр жылдың 1 шiлдесiне және 1 қаңтарына электрондық жеткiзушi арқылы және қағазға түсiрiлген күйiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясына тапсырылған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң дұрыстығы үшiн жауапты болады.
6. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.
8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.
Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының
иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.
9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.
10. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.

 

25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне
енгiзу

 

1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:
1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2) тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелген азаматтар;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
2. Таңдаушылар тiзiмiне:
1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;
2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.
3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.

 

26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен
таныстыру

 

1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.
Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.
2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.
3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.
4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келіп түскен күні қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 N 545, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

 

5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт

 

27-бап. Сайлау алдындағы үгiт

 

1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
3. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткiзу жолымен;
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
4. Мыналарға:
1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
5. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Осы Конституциялық заңда мыналар:
1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;
2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады.
Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.
6. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларының сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және осы Конституциялық заңда белгiленген хабарламаларды жариялауына кiдiрiссiз мүмкiндiк туғызады.
8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.
9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.
Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.
10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.04.15 N 44, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

 

28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы

 

1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.
Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пікiр-сайыстарға қатысуға құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтік сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады.
Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.
7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.
Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Жазбаша келiсiмi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.
9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

 

29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы
бағдарламасы

 

Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен.

 

30-бап. <*>

 

Ескерту. 30-бап алынып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2017-02-10; просмотров: 625; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 3.139.104.214 (0.027 с.)