Саяси жүйе және саяси режимдер
Саяси жүйе қоғам, мемлекет және тұлға арасындағы байланысты жүзеге асырады. Осы байланыстың әлеуметтік өмірдің басты субъектілерінің арасында қалай және қандай тәсілдердің, құралдардың, күштердің көмегімен қандай ұйымдасқан формада жүзеге асатыны - өте маңызды мәселе. Бұл жағдайда біз қоғамды, мемлекетті, тұлғаны өзара әрекеттесуші субъектілердің жүйесі ретінде көре аламыз. Мұндағы субъектілер дербес элементтер және олардың арасындағы өзара әрекеттесудің өзіндік тәсілі «саяси режим» ұғымымен белгіленеді.
Саяси режим саяси жүйенің де, қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның да мәнді сипаттамасы.
Ерте кезден, яғни қоғамның пайда болу кезеңінен бастап адамдарды қауымдастыққа қалай біріктіруге болады, жеке адам мен қоғамды, яғни жеке адамдардың мүдделері мен тұтастай қоғамның мүдделерін қалай біріктіруге болады деген әлеуметтік проблемалар «мәңгілік» сұрақтар болып қала берді. Осы проблеманы шешудің шынайы тәжірибесі зерделенген саяси ойлар тарихында оларды біріктірудің авторитарлық және демократиялық деп аталатын екі тәсілі бар.
Бұл жағдайда, жеке немесе ортақ мүдденің қайсысы басым; тұлға өзінің мүдделерін сезінуде және жүзеге асыруда қаншалықты еркін; осы мүдделерді жүзеге асыру мен оларды түйістіру үшін биліктік іс-әрекеттің қандай ұйымдастыру құрылымдары мен әдістері қолданылады деген мәселелер әрқашан күн тәртібінде тұрды.
Саяси режим тұлғаның саяси шынайылықты және оның проблемаларын түсінуіне шешуші ықпалын тигізетін саяси еркін қалыптастыра отырып, белгілі бір деңгейде тұлғаның әлеуметтік-саяси белсенділігін шектейді. Сондықтан да, саяси режим – абстрактілі категория емес, ол шынайы әлеуметтік-саяси мазмұнға ие. Ол сонымен бірге адамның ішкі дүниесін, оның құндылық бағдарларын қалыптастырады.
Саяси режим саяси жүйенің құрылымдық элементтеріне, олардың саяси басымдылықтарына, биліктік әсер етудің әдістерін, құралдарын таңдауына ықпал етеді.
Саяси режимнің қызмет етуі қоғамның саяси мәдениетіне, адамдардың саяси тәжірибесіне, халықтың діліне айтарлықтай әсер етіп, тұлғаның қандай да бір саяси режимді қалауын қалыптастырады.
Авторитарлық режим.Ол айтарлықтай кең негіздерге ие. Өйткені, бедел – билік пен билік құрудың қажетті құрылымдық элементі. Оны биліктің атрибутивтік белгісі деп есептеуге болады. Сондықтан билік, билік құрушы субъект өз беделінің сақталуы мен өсуіне әрдайым қамқорлық жасап отырады. Бедел биліктің және оның шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз етеді. Билік құру тек қана зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу емес, оны бағынушының келісімі негізінде басқару болып табылады. Бедел билік құрушы субъектіні бағынушылардың үстінен қарайтын және олардың тіршілік әрекеттеріне бағдар беретін күшке айналдырады.
Билік жеке бағынушылардың шамасы келмейтін ерекше құндылықтарды жоспарлап, жүзеге асыратындықтан беделді. Сондықтан бедел адамдардың ассоциативтік бірлестігінің бастапқы кезеңдерінен бастап адамдар қауымдастығының барлығында қызмет етті. Бедел биліктің әлеуметтік, моральдық-психологиялық негізі болып саналады. Авторитет, авторитаризм, авторитарлық – тек біртүбірлі сөздер ғана емес, олар мемлекеттік биліктің жүргізілуінің өзіндік ерекшеліктерін білдіреді.
Авторитаризм, авторитарлық саяси режим – билік құрушы элитаның бөлініп шығуы, жеке бостандықтар мен саяси бәсекелестіктің шектелуі, адамдарды саяси қауымдастыққа біріктіретін тіршілікке қажетті әлеуметтік-саяси факторлар тән ерекше саяси режим. Сол себепті авторитарлық режим өз бетінше қызмет етеді, - онда билік үшін ашық бәсекелестік күрес жоқ. Билік үшін күрес, көп жағдайда, саяси тартыстар түрінде билік құрушы элитаның ішінде жүреді. Қоғам құрылымданған, саяси рөлдер анықталынған, саяси жинақылық төмен.
Адамзаттың тарихи тәжірибесінде авторитарлық режимнің дамуының әртүрлі формалары көрініс тапқан. Бұл формалардың ерекшелігі қауымдастықтың дамуының әлеуметтік-мәдени деңгейімен анықталынады.
|