Тақырып 2. Құқық және құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер.
Құқық көп жақты, күрделі құбылыс. Сондықтан оған берілетін анықтамалар да сан қырлы. Құқық (жалпы әлеуметтік мағынада) тиісті мүмкіндіктердің заңда көрсетілген, көрсетілмегендігіне қарамастан адамгершілік, әдет-ғұрып тұрғысынан әрекеттің негізделуі мен еркіндік ретінде танылады. Құқықтың функционалдық анықтамасы – қазіргі кездегі экономикамен негізделген халықтың, көпшіліктің еркін білдіретін, нормативті анықталған және бұзылудан тәрбиелеу, сендіру және қажетті жағдайда мемлекеттік мәжбүр ету шараларымен қорғалатын, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқаратын, құқықтық демократиялық мемлекет қалыптастыру мақсатында қоғамдық келісім құралы болатын нормалар жүйесі ретінде көрсетеді.
Құқыққа мынандай белгілер тән:
-еріктілік сипаты болады;
-жалпыға бірдей міндеттілік күші танылған;
-нормативтілік;
-мемлекетпен қалыптастырылады және қорғалады;
-жүйелілік;
-қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқарады.
Құқық мәнін анықтау барысында екі түрлі көзқарасты ескеру қажет.
1.Таптық қөзқарас, онда құқық экономикалық үстем таптың заңдастырылған еркін білдіретін, мемлекетпен кепілдендірілген нормалар жүйесі ролін атқарады.
2.Жалпы әлеуметтік көзқарас бойынша құқық қоғамның әр түрлі топтарының, таптардың арасындағы келістіруші ролін атқарады.
Құқық типін анықтау қазіргі кезеңде екі түрлі нысанда жүзеге асырылады. Бірінші көзқарас бойынша құқық типі формациялық тұрғыдан анықталады. Оның басты өлшемі ретінде әлеуметтік-экономикалық белгілер алынады. Экономикалық базис типіне сай құл иеленуші, феодалдық, буржуазиялық және социалистік құқық типтері анықталған. Екінші көзқарас бойынша құқық нақты географиялық, ұлттық-тарихи, діни, арнаулы заңдық белгілеріне байланысты жіктеледі. Жалпы құқық, романо-германдық құқық, славяндық құқық, мұсылмандық құқық, индустық құқық және тағы басқалар.
Құқық нормасы – мемлекетпен танылатын және қамтамасыз етілетін қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін жалпыға бірдей міндетті әрекет тәртібі.
Гипотеза, диспозиция, санкция әрекет тәртібі ретіндегі заңдық норманың құрылымдық элементтері.
Құқық нормаларының тағайындалуына байланысты екіге бөлінеді:
1. реттеуші;
2. қорғаушы.
Әрбір норма адамның еркіне, санасына ықпал етеді, оның іс-әрекетін реттейді. Сондықтан реттеуші нормалар құқық тағайындаушы, онда қоғамдық қатынастарға қатысушыларға берілетін құқықтар мен міндеттерді жүктейтін нұсқаулар бар. Осыған байланысты олардың әрекеті тікелей реттеледі.
Қорғаушы нормалар құқықтық жауапкершілікті және басқа субъективті құқықтарды қорғайтын күштеу шараларын белгілейді. Бұл жерде адамдардың әрекетін реттеу жанама түрде асырылады.
Құқықшығармашылық - заңды актілерді жасау, жарыққа шығару не болмаса олардың заңды күшін жою, олардың алға қарай тиімділігін дамытуға бағытталған құқық қалыптастыру процессінің соңғы сатысы ретінде қоғамдағы объективті жағдаймен айқындалған мемлекет органдарының арнаулы қызметі. Субъектілерінің сипатына байланысты былай бөлінеді:
1. Халықтың тікелей құқықшығармашылығы. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері бойынша тікелей халықтық дауыс беру (референдум) жолымен заңдар қабылданады.
2. Мемлекеттік органдардың құқық шығармашылығы. Қазақстан Республикасында нормативті құқықтық актілерді қабылдау құқығына Қазақстан Республикасының Парламенті, Президенті, үкіметі ие.
3. Қоғамдық ұйымдардың құқықшығармашылығы немесе санкцияланған құқықшығармашылық. Мемлекет белгілі бір жағдайларда қоғамдық ұйымдардың актілерін немесе әдет-ғұрып нормаларын мемлекеттің рұқсат беру күшімен заңдастыруы мүмкін.
Негізгі әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы:Жеті Жарғы, 1998.
2. Қазақстан Республикасы заңы «Нормативті құқықтық актілер туралы» // Парламент Жаршысы, 1998. №2-3.
Қосымша әдебиеттер:
- Ағдарбеков Т. Құқық және мемлекет теориясы. Қарағанды, 2002.
- Мемлекет және құқық теориясы. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәукелев А.Н. Алматы: ҚазМЗУ, 1999.
- Сапарғалиев Ғ.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы,1998.
- Табанов С.А. Құқық теориясы мен сот жүйесінің конституциялық негіздері. Алматы, 2001.
|